Рухани астана мәртебесін иеленген Түркістан қаласының сәулеттік келбетіне, тарихи орта мен заманауи құрылыстың үйлесімділігіне деген талап күннен-күнге артып келеді. Осы орайда, Түркістан қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының алаңында қала аумағында қызмет көрсететін жарнама агенттіктері мен кәсіпкерлік субъектілерімен кеңейтілген маңызды жиын өткізді.
Жиынның негізгі мақсаты – қаладағы маңдайшалар мен сыртқы жарнамаларды дизайн-код талаптарына сәйкестендіру, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай қаланың бірыңғай көркем келбетін қалыптастыру жұмыстарын жеделдету.
Кеңеске Сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, сондай-ақ жарнама агенттіктері мен кәсіпкерлік субъектілерінің басшылары мен жауапты тұлғалары қатысты. Бұл жиын мемлекеттік орган мен бизнес өкілдерінің ортақ мәселені ашық талқылауына мүмкіндік берді.
Кездесу барысында салалық мамандар тарапынан қатысушыларға дизайн-код талаптары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Басты назар қаланың үйлесімді сәулеттік стилін сақтауға, ғимараттардың тарихи және мәдени құндылығын ескеруге және ең бастысы, көрнекі ақпараттың бірізділігін қамтамасыз етуге аударылды. Яғни, әрбір маңдайша мен жарнама конструкциясының орналасу биіктігі, өлшемі, шрифт түрі және түс палитрасы қаланың жалпы стилінен ауытқымауы тиіс.
Сарапшылардың айтуынша, «Дизайн-код – бұл тек тыйымдар тізімі емес, бұл қаланың сапасын арттыратын, оны танымал әрі тартымды ететін құрал. Біз кәсіпкерлермен бірлесе отырып, Түркістанның келбетін эстетикалық тұрғыдан жоғары деңгейге көтеруді мақсат етеміз».
Жиын барысында тек көркемдік талаптар ғана емес, сондай-ақ жарнаманы орнатудың техникалық талаптары мен заңдық жауапкершілік мәселелері де жан-жақты қарастырылды.
Талқыланған негізгі мәселелерге тоқталар болсақ, жарнама құрылымдарын орнатуға рұқсат алудың рәсімдері мен мерзімдері. Жарнама конструкцияларының беріктігі мен қауіпсіздігіне қойылатын техникалық стандарттар. Электр энергиясын үнемдейтін, бірақ қала көркін бұзбайтын жарықтандыру жүйелерін қолдану.
Дизайн-код талаптарын бұзған жағдайда кәсіпкерлерге қолданылатын әкімшілік және заңдық шаралар қаралады. Кәсіпкерлер тарапынан осы талаптарды орындау барысында туындаған сұрақтар мен ұсыныстар қойылды. Салалық мамандар олардың әрқайсысына нақты және түсінікті жауаптар беріп, өзара тиімді шешімдерді табуға ұмтылды.
Жиын қорытындысында барлық қатысушылар ортақ мақсатқа жету үшін күш біріктіру қажеттігін мойындады. Ең маңызды шешімдердің бірі – жарнама агенттіктерімен тығыз бірлесіп жұмыс істеу және жаңа талаптарға көшу процесінде кәсіпкерлік нысандарын дизайн-кодқа сәйкестендіру бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде келісімге келді.
Бұл бастама өз кезегінде Түркістанның тек әкімшілік және рухани орталық ретінде ғана емес, сонымен қатар заманауи, эстетикалық тартымды және үйлесімді қала ретінде дамуына үлкен серпін береді. Алдағы уақытта да кәсіпкерлер мен қала әкімшілігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде Түркістанның көркем келбеті жаңа сапаға ие болып, көркеюі жолында жұмыстар жалғасын таба бермек.

