Жаз мезгілінің келуімен терезелер жиі ашық қалады, бұл үйдегі кішкентай балалар үшін үлкен қауіп тудырады. Балалардың табиғи қызығушылығы, әсіресе олардың әлемді танып-білуге деген құштарлығы оларды ашық терезелерге жақындатып, қауіп-қатерге бейім етеді. Өкінішке орай балалардың терезеден терезеден құлауы сирек кездесетін жағдай емес.
Сәбилер танымайтын белгісіз нәрселерге деген қызығушылықтары туындап, қорқыныш дегенді түсінбейді. Көп жағдайда балалар өз бетінше терезенің алдыңғы тақтайына мініп, әр түрлі жиһаздарды пайдаланып, ондағы торға сүйене отырып, терезеден құлайды. Негізгі себеп, балалардың .лкендердің қарауынсыз қалуы. Сонымен қатар, балалардың өз беттерінше терезе алдына шығуға мүмкіндік беретін жиһаздардың дүрыс қойылмауы. Осындай салғырттық пен аңғалдықтың нәтижесінде, бейкүнә сәбилер ажал құшып, қаншама отбасылар қара жамылуда. Төтенше жағдайлар мамандары ата-аналарды осы мәселеге жіті назар аударып, балалардың терезеден құлау қаупінің алдын алуға шақырады. Дерек көздеріне сүйенсек, терезеден құлау оқиғаларына көбінесе 3-7 жастағы балалар жиі ұшырайды. Себебі, бұл жастағы балалар әлемді белсенді түрде зерттейді, бірақ әлі де қауіп-қатерді толық түсіне алмайды. Олар биіктіктің немесе терезе алдындағы ойынның қауіпті екенін жете түсінбейді. Үлкендердің кейде бұл жағдай туралы жеткілікті түсіндірмеуі немесе мүлдем айтпауы баланың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді. Оған қоса балалардың осы жастағы физикалық және психологиялық ерекшеліктері де қауіпті арттырады. Мысалы, сыртқы әлемді тамашалауға, құстарды, көліктерді көруге деген құштарлық оларды терезеге жақындатады. Қорқыныштың болмауы мен биіктіктен қорқу сезімі бұл жаста толық қалыптаспағандықтан, олар өздерін қауіпсіз сезінуі мүмкін. Сөйтеді де балалар әрекеттерін алдын ала ойламай, бір сәтте шешім қабылдайды. Олардың дене үйлесімділігінің жеткіліксіздігі мен тепе-теңдікті сақтау қабілеттері әлі де даму үстінде болғандықтан, олар терезе алдында тұрақсыз болуы мүмкін. Осындай жағдайдағы балаларының өміріне аңғалдық танытатын ата-аналардың жауапкершілігінің төмендігі салдарынан түрлі жантүршігерлік оқиғалар орын алуда.
Терезеден құлау оқиғаларының көп жағдайда ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруынан орын алатыны өкінішті жайт. Бір сәттік бейжайлық, телефонмен сөйлесу, не үй шаруасымен айналысу кезіндегі назардың аууы қайғылы оқиғаға себеп болуы мүмкін. Баланың терезе алдында аз уақытқа қалдырылуы да жеткілікті.
Осыған байланысты, мамандар ата-аналардан өте сақ болуға және кішкентай балаларды терезесі ашық бөлмеде жалғыз қалдырмауын қатаң сұрайды. Бұл – ең маңызды қауіпсіздік ережесі. Балалардың терезеден құлауының алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Ең алдымен терезелерді жабу немесе қауіпсіздік құлыптарын орнату керек. Бала бар үйде терезелерді әрдайым жабық ұстау қажет. Егер желдету үшін ашу қажет болса, терезені тек жоғарғы жағынан аздап ашыңыз немесе арнайы қауіпсіздік құлыптарын (блокираторлар) орнатыңыз. Бұл құлыптар терезені толық ашуға мүмкіндік бермейді, бірақ желдетуге жеткілікті саңылау қалдырады. Кілтті балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз. Мұнан бөлек терезе алдына бала көтеріле алатын жиһаздарды (орындық, үстел, диван, кітап сөресі) қоймаңыз. Олар баланың терезеге оңай шығуына көмектеседі. Москит торларына сенбеңіз, себебі москит торлары баланың салмағын көтере алмайды және оларға сүйенуге болмайды. Олар құлаудан қорғамайды, керісінше, балаға терезе ашық емес сияқты әсер қалдыруы мүмкін. Ересек балаларға терезе қаупі туралы түсіндіріңіз, бірақ оларды қорқытпай, қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығын жеткізіңіз. Оларға терезеге жақындамау керектігін айтыңыз. Балалар үйде болған кезде оларды үнемі бақылауда ұстаңыз. Тіпті аз уақытқа болса да, оларды ашық терезесі бар бөлмеде жалғыз қалдырмаңыз. Егер мүмкін болса, терезе тұтқаларын балалардың қолы жетпейтіндей етіп жоғары орнатыңыз. Балкондардағы қоршаулардың берік екеніне көз жеткізіңіз. Балконға жиһаздарды қоймаңыз және балаларды онда қараусыз қалдырмаңыз.
Әрбір ата-ананың жауапкершілігі – бала өмірінің кепілі екенін ескерсеңіз, жоғарыда айтылған ескертпелерге аса назар аударуды Түркістан облысының төтеншеліктері ескертеді. Себебі, балалардың терезеден құлауы – бұл алдын алуға болатын қайғылы оқиға. Әрбір ата-ананың саналы түрде әрекет етуі, қауіпсіздік ережелерін сақтауы және балаларын үнемі бақылауда ұстауы – олардың өмірі мен денсаулығының кепілі. Үйіміздегі қауіпсіздік біздің қолымызда. Балаларымыздың болашағы жарқын болуы үшін бүгіннен бастап қауіпсіздік шараларын күшейтейік! «Анашым, терезені жапшы!» деген тілек ешбір баланың аузынан қауіппен шықпасын.