1972 жылдың 15 мамырында Алғабас ауданы (бұрынғы), қазіргі Бәйдібек ауданы Жамбыл совхозы, одан кеңшары, қазіргі ауыл аталатын елді мекенге Сабировтар әулетіне келін болып түскен Жұпаркүл Абраманқызының тігіншілікке бала кезден әуесі болған. Келін болып түскенге дейін, Шымкент қаласындағы ертеректе болатын «Қызмет көрсету үйінде» тігінші болып жүрген ол, келін болып келген жерінде де Шаянда да болатын «Қызмет көрсету үйінде» тігінші болып орналасады. Аудан мен шалғай ауыл тұрғындарынан тағы басқа мекемелерден түскен арнайы тапсырыстардан бөлек түрлі пішінде әйел көйлектерін, желеткалар, ер адамдарға арналған, костюм – шалбарлар, мектеп формаларын, тіпті үйіндегі «Зіңгір» тігін машинасымен ер азаматтардың тоңын да тіккен кездері болыпты. Бұл ертеректегі тігін машинасы енесінен қалған дүние болған екен.
Тоңды тігуді және көрші-қолаң мен ағайын-туғаннан түсетін кейбір тапсырыстарды үйінде тігетіндіктен, қайын атасы Мырқы ақсақал өнерге жақын келініне үш жыл өте, яғни 1975 жылы сол заманда екінің – бірінің қолы жете бермейтін «Чайка» тігін машинасын әпереді.
‑«Тігінші мамандығы негізінен матаны кесіп, бөліктерін аяқталған үлгіге қосатын адам. Тігін дегеніміз – тұнып тұрған математика. Себебі, дәлдік, есеп, теңдік керек. Тігіншілер тігін фабрика сынды ательеде жұмыс істейді. Ал біздің уақытта ондай дүниелер жоқ еді. Фабрика, ателье дегендер кейініректе пайда болды. Жалпы тігіншілік жұмысымызда әртүрлі киім тіктік. Онда берілген тапсырыстардың бәрін орындауға қабілетті болуың керек. Ия, тігінші – шығармашылық мамандық иесі. Тігіншілік – қол мен қиялдың еңбегі. Сол қиялыммен жүріп, тұрмыс құрған жылы күйеуіме костюм – шалбар тігіп беруді қолға алдым. Естеріңізде болса, «кремплин» деген беті жылтыр болғанымен, өзі қалыңдау мата болатын. Балалығым ба, күйеуімнің жалтырап жүргенін қалап, сол матадан костюм – шалбар тігіп бердім. Алайда ол матаның өте сырғанағыш екенін білмеген екенмін. Қонаққа немесе басқа орындарға барған кезде, отырған орнынан талай рет сырғанап, дуалға үйкелсе онда да сырғанап, ортақтарымыз бен дос-жаранның талай күлкісіне қалғаным әлі күнге есімен кетпейді», ‑ деген Жұпаркүл апа рақаттана күліп алды. Шынымен де есте қаларлықтай, ішегің қатып күлерліктей оқиға екен.
Бүгінде өзі тұратын Шаян ауылы мен Бәйдібек ауданының алыс-жақын елді мекендеріне «Тігінші Жұпаркүл» танылған Жұпаркүл Сабирова кішкентай кезінен бастап тігінші болуды армандағанын айтады. Бала кезінен бастап анасының қасында отырып, қуыршақтарға киім тігіпті. Ол кезде бүгінгі күнгідей «Барби» қуыршақтар болмаған. Қуыршақты да өзі маталардың қалдық жиынтығынан құрастырып жасап алып, сол қуыршағына киім тігуді әуес көрген. Жоғары сыныпта оқып жүргенде анасынан ересек адамдардың киім‑кешегін тігуді үйреніпті. Қолөнерді дамытуды жас кезінен қалайтын апамыз, қолы қалт етісімен үйдегі «Чайка» тігін машинасына отырып, екі қызын ұзатқанда жасауының бас-аяғына дейін, яғни көрпе‑ жастығын бәрін құрақтап тігіп, дайындағанын еске алды. Жалпы 0ыз жасауы – ежелгі түркі елдерінде ұзатылған қыздың артынан берілетін ата-анасының сыйы болған. Оның ішінде күнделікті тұрмысқа қажетті киім-кешек, тұрмыстық заттар, үй жиһаздары және басқа да заттар кіреді. Қазақ халқында да жасауға қатысты жоралғылар заман талабына қарай жаңару үстінде. Анығын айтқанда, қазақ халқында ежелгі замандарда қыз жасауы ретінде мал берілсе, бүгінде заман ағымына сай үйге қажетті тұрмыстық құрал-жабдықтар, төсек орын, тұрмыстық техника, тіпті үйдің, көліктің кілтін беру сәнге айналған. Жалпы бұрынғы қыз жасауы мен қазіргі қыз жасауының айырмашылығы орасан. Бұрынғы қазақ дәстүріндеқыз жасауына көрпе-жастықтан бөлек текемет-сырмақтар берілсе, бүгінде оларды түрлі-түсті, көздің жауын алатын көрпешелер алмастырған. Міне сол кездегі қыз жасауының бәрін өз қолымен көктеп, ал тігісін «Чайка» тігін машинасымен тіккен. Сол «Чайка» тігін машинасына бүгінгі күні 50 жыл болыпты. Әлі өзі бабындағы тігін машинасы апамыздың кәдесіне жарап тұр екен.
Тігіншілік өнер адамының бойына шабыт беріп, көңілге шаттық ұялатады. Адамды іскерлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды. Зеректік пен ептілікке тәрбиелейді. «Тігін өнеркәсібі – әлем экономикасында үлесі мен салмағы жоғары кәсіптің бірі. Онымен айналасу бүгінгі замандағы ең табысты бизнестің бірі»,‑ дейді апамыз.
Тігінші мамандығы болмаса да, өнерге сүйіспеншілігі ерекше болған екен. Сол үшін бірәз уақытқа дейін киім тігіп, құрақ құраудан алыстамапты. Марқұм, қайын атасы Мырқы да, үйде тапсырыстап алып тігіп отырсам, қасыма келіп ең болмаса көктесейінші деп отыратын еді дейді өткенді еске алған апамыз. Қазіргі кезде жасы 74-ті алқымдаған апамыз өз көйлегін өзі тігіп, қажет болса қысқартып отыратнын айтты. Оған өзім де куә болдым. 50 жылдық тарихы бар «Чайка» тігін машинасы да зырылдап жүріп тұр.
Тігіншінің бойынша әртүрлі қасиет болатыны шындық, негізгісі – табандылық. Өйткені, шеберлік бірден пайда болмайды. Ол қиын жұмыс арқылы ғана келеді. Сонымен қатар, адамдарға сұлулық сыйлайтындықтан, көркемдік қабілеті жоғары болуы керек. Тігінші қолының қозғалысы да жылдар бойы қалыптасады. Кез келген басқа мамандық сияқты, бұл мамандықтың да артықшылығы мен кемшілігі бар. Көз және омыртқа аурулары тігіншілдерде жиі кездеседі. Артықшылығы – өзіңізді және бүкіл отбасыңызды киіммен қаматамасыз ету мүмкіндігі. Мәне сол екі мүмкіндікті де бүгінде Жұпар апамыз қатар меңгерген. Жақында ғана көзіне ота жасатыпты.
‑«Анық қол координациясы және нақты көре білу – тігіншінің маңызды қасиеттері. Бұл мамандықты бітіретін жастарымыз өте епті, ұқыпты, қажырлы, шыдамды болуы керек. Онсыз жақсы дүние тіге алмайсыз. Ал біркелкі емес тігіс немесе дұрыс емес өлшем клиентті ренжітеді. Қандай жағдай болсын, клиенттің көңілінен шыға білу керек – бұл басты талап», ‑ дейді Жұпар апа. Қазіргі таңда тігіншілерге жұмыс табу оңай болғандықтан, әрбір қолөнер шебері өзіне ұнайтын нәрсені таңдай алады. Біреу ауқымды өндірісте жұмыс істеуді армандаса, енді бірі күнделікті жұмысты ыңғайлы көреді. Тағы бір өз бетінше немесе біреумен бірге жұмыс істеу мүмкіндігі бар шағын ательені ұнатады. Ал, біреу жеке кәсіпкер болып, бір бөлмеде тігін шеберханасын жабдықтап, үйде отырып жұмыс істегісі келеді. Апасының қолқанаты әрі сүйікті немересі, небәрі он жастағы Көркем есімді немересі, әжесі сияқты тігінші болуды армандайды екен. Ендеше, Көркем қыздың қолынан талай қазақтың әдет-ғұрпын жалғастырар өнер туындылары дүниеге келе бергей. Ұрпақ жалғастығы деген де осы болар.
Ендеше, көріп отырсаңыздар бұл мамандық кез келген әйелге жарамды әрі қажетті мамандық. Өйткені оның көптеген түрі бар. Ал біздің Шаяндық тігінші Жұпар апамыздың бойында барлық тағамға сай кәсіптің бәрін атқарып, бүгінде зейнет жасында, пейнеттің рахатын көріп отырған жайы бар. Міне бүгінгі кейіпкеріміз, Сабирова Жұпаркүл Абраманқызы 02 маусымда 1951 жылы бұрыңғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ленгер ауданы, Қасқасу елді мекенінде қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келеген.
Қасқасу ауылындағы «Куйбишев» мектебіне бітіріп, одан кейін, Шымкент қаласындағы «Восход» тігін фабрикасыда арнайы курстан өтіп, тігінші көмекшісі, тігінші болып еңбек жолын бастаған.
1972 жылы тұрмысқа шығып,сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Алғабас ауданы, Шаян ауылындағы «Дом быта» мекемесінде тігінші, 1987 жылы Мыңбұлақ ауылында /қазіргі Таңатар/ жеке тон тігін цехында тігінші болған.
Зейнеткерлікке шыққаннан соң өзінің сүйікті кәсібімен айналысып талай жаннын рахметін алған.
Жасы 74 ке келседе өзінің сүйікті мамандығымен айналысуда.
Отбасында 3 ұл, 2 қыздың әкесі, 15 немеремен 9 шөберенің атасы.