Жуырда Қытай Халық Республикасында өткен халықаралық семинар «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасының маңыздылығын тағы да дәлелдеді. Бұл іс-шара тек экономикалық байланыстарды нығайтып қана қоймай, өндірістік қауіпсіздік сияқты маңызды саладағы тәжірибе алмасуға да мүмкіндік берді. Семинарға 11 мемлекеттен 52 қатысушы жиналды, оның ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Беларусь және Молдова сияқты орыс тілді елдердің мемлекеттік органдарының, өнеркәсіп және тау-кен қауіпсіздігі саласының және ғылыми-зерттеу мекемелерінің 30 білікті өкілі болды.
Бүгінгі таңда мемлекеттердің қауіпсіздікке деген ортақ ұмтылысы аясында өткізілген семинардың негізгі мақсаты – қатысушы елдер арасында өндірістік қауіпсіздік саласындағы жағдайлар бойынша ортақ тәжірибе алмасу мен инновациялық технологияларды енгізу және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірлескен жобаларды дамыту мәселесі басымдыққа алынды. Бұл мақсаттар өндірістегі жарақаттану мен авариялардың алдын алу, сондай-ақ жұмысшылардың денсаулығы мен өмірін қорғау мәселесінің жаһандық маңызын көрсетеді.
Қазақстан Республикасының атынан аталған семинарға Төтенше жағдайлар министрлігінің өнеркәсіптік қауіпсіздік саласының жоғары деңгейдегі мамандары қатысты. Атап айтқанда, Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Рашид Дубаев, Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұржан Искаков және Абай облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұржан Манабаев қатысып, Қазақстанның бұл саладағы белсенді ұстанымын танытты. Олардың қатысуы елдің өндірістік қауіпсіздік мәселесіне деген жіті назарын және халықаралық ынтымақтастыққа дайындығын көрсетеді.
Семинар бағдарламасы бойынша заманауи әдістер мен тиімді тәсілдер іс-шара барысында қамтылып, қатысушылар өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бүгінгі күнгі қолданысына, еңбек қорғау стандарттарына және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету бойынша тиімді тәсілдер туралы кешенді баяндамалар жасалынды. Бұл баяндамаларда әртүрлі елдердің өндірістік қауіпсіздік жүйелерін жетілдіруде қолданып жатқан озық тәжірибелері, жаңа технологиялық шешімдер мен нормативтік-құқықтық актілердің жетілдіру бағыттары талқыланды.
Семинар барысында, мысалы, деректерді талдау арқылы қауіптерді анықтау, зияткерлік бақылау жүйелерін енгізу, жұмыс орындарындағы автоматтандыру деңгейін арттыру, сондай-ақ жұмысшылардың біліктілігін үнемі арттырып отыру маңыздылығы атап өтілді. Сонымен қатар, қатысушылар тәжірибе алмасу алаңдарында нақты кейстерді қарастырып, өндірістегі төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою бойынша бірлескен шешімдер іздеді. Мұндай тәжірибе алмасулар екі жақты, яғни қатысушылар Қытайдың озық технологияларын үйреніп қана қоймай, өз елдерінің өндірістік қауіпсіздік жүйесіндегі ерекшеліктері мен жетістіктерімен де бөлісті.
«Бір белдеу, бір жол» бастамасының өндірістік қауіпсіздікке әсері жайында тарқатар болсақ, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы – бұл тек инфрақұрылымдық және экономикалық жобалар жиынтығы емес, сонымен қатар қатысушы елдер арасындағы гуманитарлық және техникалық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған ауқымды бастама екені анық. Өндірістік қауіпсіздік бойынша өткен бұл семинар осы бастаманың гуманитарлық бағыттағы маңыздылығын көрсетеді. Себебі, ірі инфрақұрылымдық жобалар, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен өндіріс орындарының дамуы тек экономикалық өсімді ғана емес, сонымен қатар жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін де алдыңғы қатарға шығарады. Семинар аясында жасалған келісімдер мен ұсыныстар «Бір белдеу, бір жол» аясындағы жобаларды іске асыру кезінде қауіпсіздік стандарттарын біріздендіруге және еңбек қорғау деңгейін арттыруға ықпал ететіні айтпаса да түсінікті. Жалпы алғанда мұндай іс-шаралар арқылы елдер арасындағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, тәжірибе алмасу және ортақ проблемаларға шешім іздеу арқылы өндірістегі төтенше жағдайлардың санын азайтуға және адам шығындарын болдырмауға мүмкіндік туады. Қытайда өткен өндірістік қауіпсіздік әлеуетін дамытуға арналған халықаралық семинар орыс тілді елдер үшін өндірістік қауіпсіздік жүйесін жетілдірудегі маңызды қадам болып қана қоймай, болашаққа бағытталған ынтымақтастықты нығайтуды да арттырады деген сенімдеміз. Ол қатысушы елдер арасындағы өзара түсіністікті арттырып, ортақ міндеттерді бірлесе шешуге бағытталған ынтымақтастық аясындағы іс-шаралардың маңыздылығын көрсетті. Мұндай семинарлардың тұрақты түрде өткізілуі өндірістік қауіпсіздік саласындағы жаһандық стандарттарды көтеруге, озық технологияларды енгізуге және еңбек жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді.