Түркістан облысы – еліміздің оңтүстігіндегі ірі, халқы тығыз орналасқан, сонымен қатар табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қаупі жоғары аймақтардың бірі. Бұл жерде су тасқыны, жер сілкінісі, дауылды желдер, орман және дала өрттері сияқты қауіптер әркез орын алуы мүмкін. Осындай күрделі жағдайда, облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ықтимал қатерлердің алдын алуда және оларды жоюда Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті шешуші рөл атқарып келеді.
Департаменттің басты мақсаты – азаматтардың өмірі мен денсаулығын, мүлкін, сондай-ақ қоршаған ортаны төтенше жағдайлардың зиянды әсерінен қорғау. Бұл мақсатқа жету үшін төтеншеліктер бірнеше бағытта кешенді жұмыстар жүргізіп келеді.
Біріншіден, алдын алу шаралары. Төтенше жағдайлардан орын алған салдарларды жоюдан гөрі, олардың алдын алу әлдеқайда тиімді. Департамент мамандары қауіпті аймақтарды анықтап, тәуекелдерді бақылауды жүзеге асыруды үрдіске айналдырған. Халық арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында үгіт-насихат жұмыстары, түсіндіру кездесулері, жаттығулар мен оқу-жаттығулар жиі өткізілуде. Мектептерде, еңбек ұжымдарында төтенше жағдайлар кезіндегі дұрыс әрекет ету ережелері түсіндіріліп, қауіпсіздік дағдылары үйретіледі. Сонымен қатар, инженерлік-техникалық шаралар, мысалы, су бөгеттерін нығайту, өртке қарсы минералдандырылған жолақтар салу сияқты жұмыстарға бақылау жүргізіледі.
Екіншіден, төтенше жағдайларға әзірлік және жедел ден қою. Кез келген төтенше жағдай кенеттен орын алуы мүмкін, сондықтан оған әрқашан дайын болу маңызды. Түркістан облысы ТЖД құтқару бөлімшелері заманауи техникамен, жабдықтармен және арнайы құралдармен толық қамтамасыз етілген. Өрт сөндірушілер, құтқарушылар мен жедел қызмет көрсетушілер кез келген уақытта төтенше жағдай орнына жедел жетіп, құтқару операцияларын жүргізуге, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуге, өртті сөндіруге және апат салдарын жоюға дайын. Департамент мамандарының кәсіби шеберлігі мен үздіксіз дайындығы оларға ең қиын жағдайларда да тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, апат салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстарына қатысу. Төтенше жағдай орын алған соң, ТЖД тек зардап шеккендерді құтқарып қана қоймай, апат салдарын жою, қауіпсіздікті қалпына келтіру және қолайлы жағдай жасау жұмыстарына белсенді қатысады. Бұл бағытта басқа мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы билікпен, еріктілер ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Төртіншіден, халықпен кері байланыс және ақпараттандыру. ТЖД халықты төтенше жағдайлар туралы жедел хабардар етуге, қауіпсіздік шаралары бойынша кеңестер беруге баса назар аударады. «112» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі тәулік бойы жұмыс істейді, бұл азаматтарға кез келген төтенше жағдай туралы хабарлауға және жедел көмек алуға мүмкіндік береді. Осы орайда Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті – облыс тұрғындары қауіпсіздігінің негізгі тірегі. Олардың жанқиярлық еңбегі мен кәсіби біліктілігінің арқасында көптеген өмір құтқарылып, материалдық шығынның алды алынады. Дегенмннде облыс аумаұында ағымдағы жылдың қаңтар мен маусым аралығында 262 төтенше жағдай орын алған. Өткен жылмен салыстырғанда 28 пайызға артқан. Былтырғы жылы 205 келеңсіз жағдай орын алған еді. Биылғы жылдың басынан бүгінгі күнге дейінгі аралықта 262 т-тенше жағдай орын алып, 117 адам зардап шегіп, 8 адам қайтыс болған. Жалпы келген материалдық шығын – 520 млн 222 мың теңгені құраса, соның ішінде ең жоғарғы көрсеткіш өрт оқиғаларын құрап отыр. Бүгінгі күнге жалпы саны – 232-ге жетіп отыр. Былтырғы есептік кезеңмен салыстырғанда 32 пайызға артқан.
Сонымен қатар, өңір тұрғындарынан 99 мың 309 қоңырау келіп түскен. Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары бойынша 1439 шқғыл құтқару жұмыстары жүргізілген. Осы ретте әрбір тұрғын өрттің алдын алу шараларын жадыларына сақтағаны жөн. Атап айтқанда, үйде темекі шекпеуді, тұқылын лақтырмауды, тамақ істеп жатқанда газ плитасын қараусыз қалдырмауды, өртке арналған сатылар мен төтенше жағдайда шығатын есіктерді жаппауды, электр тогы мен газ құбырларын үнемі тексеріп, қандай да бір ақау байқасаңыз, бірден арнайы мамандарға хабарласуды, өрт сөндіргішті қолданып үйренуді және оны отбасыңыздың мүшелеріне де көрсетіңіз. Себебі, өрт шыққанда оның нүсұаулығын оқып тұруға уақыт болмайды. Мұнан бөлек, от жағуға арналған сіріңке, оттықтарды балалардың қолы жетпейтін жерге қойыңыз. Балаларыңызға Төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтің нөмірлерін жаттатыңыз. Мысалы, өрт сөндірушілер – 101, полиция – 102, жедел жәрдем – 103, газ апатынан құтқару қызметі – 104, құтқару қызметі – 112-ге хабарласқандары маңызды және ескергендері жөн.