Мемлекет басшысының бастамасымен республика деңгейінде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Түркістан облысының Ордабасы ауданында жаңа серпінмен жалғасын табуда.
Аудан аймағында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету және жасыл желек аумағын кеңейту бойынша жүйелі жұмыстар жолға қойылған. Бұл ретте жергілікті тұрғындардың жеке бастамашылдығы мен азаматтық белсенділігі экологиялық мәдениетті орнықтырудың негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр.
Туған өлкесін көркейтуді азаматтық парыз деп санаған Ордабасы ауданының тұрғыны Лесбек Жүсіп ортақ іске өзіндік үлесін қосып келеді. Ол ауылдастарын табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға және жаппай көшет отырғызуға шақырып, үлгі көрсетуде.
Биылғы көктем мезгілінде өз ауласына және елді мекеннің қоғамдық аумағына 300 түп көшет отырғызған. Жергілікті тұрғынның бұл игі бастамасы аудан әкімдігі мен жұртшылық тарапынан толық қолдау тапты. Осы жеке бастаманы кеңейту және «Таза Қазақстан» акциясының ауқымын ұлғайту мақсатында алдағы уақытта аудан тұрғындарының белсене қатысуымен кең көлемді көгалдандыру науқаны жоспарланып отыр. Ауылдарды көгалдандыру мен көркейту жұмыстары елді мекендердің сәулеттік көркін арттырып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей ықпал етеді. Ағаш отырғызу – бұл біржолды шара емес, келер ұрпаққа қалдырылар бағалы рухани және экологиялық мұра.
Ордабасы ауданында бастау алған бұл кең көлемді көгалдандыру жұмыстары тұрақты бақылауда болып, отырғызылған көшеттерді суғару мен күтіп-баптау жүйелі түрде жүзеге асырылатын болады.

