Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы мен заңнамалық реформалар аясында қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын тиімді пайдалану, экологиялық апаттардың алдын алу және табиғи көлдер жүйесін сақтап қалу – мемлекеттік саясаттың ең басты стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады.
Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөздерінде: «Еліміздегі су ресурстарының тапшылығы мен экологиялық түйткілдер – ұлттық қауіпсіздігімізге тікелей қатысты мәселе. Табиғи су айдындарын, көлдер мен өзендерді сақтап қалу, ғылыми сараптамаларға сүйене отырып нақты шешімдер қабылдау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті» деп үнемі баса айтып келеді.
Осы орайда, Түркістан облысының тарихи-мәдини мұраға бай, табиғаты ерекше өңірі – Созақ ауданындағы Құмкент елді мекені жанында орналасқан Қызылкөл, Ақжар және Сексенкөл су аймақтарының экологиялық ахуалы жергілікті тұрғындар мен аудан жұртшылығын қатты алаңдатып отыр. Әсіресе, соңғы жылдары су деңгейінің күрт төмендеуінен экологиялық апат аймағына айналу қаупі төнген Қызылкөлдің тағдыры өзекті мәселеге айналды.
Ауыл тұрғындарының жанайқайы мен алаңдаушылығын ескере отырып, Созақ аудандық Қоғамдық кеңесі арнайы бастама көтерді. Қоғамдық кеңес тарапынан Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Молдиярұлы Нұржігітовтің атына ресми хат жолданды.
Хатта көтерілген негізгі түйткілдер, Құмкент елді мекені жанындағы Қызылкөл, Ақжар, Сексенкөл су аймақтарының бүгінгі таңдағы мүшкіл экологиялық жағдайы мен Қызылкөл су айдынының тартылуы, тұздануы және оның айналадағы флора мен фаунаға, жергілікті микроклиматқа тигізіп жатқан кері әсері туралы баяндалды. Сондықтан да аталған өңірге Су ресурстары және ирригация министрлігінен арнайы зерделеу, гидрогеологиялық тексеру жұмыстарын жүргізу үшін кәсіби эксперттік мамандарды жіберу жөніндегі өтініші жолданды.
Әрине, кез келген аудандағы өзекті мәселе немесе жаңашыл бастама аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы Тұрысбековтің назарынан тыс қалған емес. Жоғарыдағы мәселе бойынша да азаматтық қоғам мен жергілікті өкілетті органдардың экологиялық проблемаларды мемлекеттік деңгейде көтеруінің нәтижесінде, яғни Созақ аудандық Қоғамдық кеңесінің хатынан соң, 1 шілде күні Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты құзырлы мекемелердің басшылары мен арнайы эксперттік топ Созақ ауданының Құмкент ауылына арнайы келді.
Өңірге аялдаған сарапшылар С.Керимшеев – «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі» АҚ Түркістан облысы филиалының директоры, Н.Ақжолов – «Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу» жөніндегі Шу-Талас бассейндік су инспекциясы басшысының орынбасары және тиісті сала мамандары, гидрогеологтар және су шаруашылығының сарапшылары.
Делегация өкілдері Құмкент ауылына табан тіреп, Қызылкөл, Ақжар, Сексенкөл су аймақтарын көзбен көріп, су айдындарының қазіргі жай-күйімен, су деңгейімен және экологиялық ахуалымен егжей-тегжейлі танысты. Жұмыс сапары барысында сарапшылар Құмкент ауылының тұрғындарымен, ауыл ақсақалдарымен және белсенді азаматтармен арнайы кездесу өткізді.
Кездесуде тұрғындар тарапынан көлдерді қоректендіріп тұрған жерасты және жерүсті су арналарының бөгеттерін тазалау, гидрогеологиялық барлау жұмыстарын жүргізу және Қызылкөлдің су құрамына, тұздылығына және биологиялық тепе-теңдігіне тұрақты зертханалық сараптама жасап тұру мен көлдер жүйесін қайта қалпына келтіру үшін республикалық ғылыми-зерттеу институттарының қорытындысын алу жөнінде өзекті сауалдары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Айтылған мәселе аяқсыз қалмай, «Қазгидрогеология» АҚ мен Шу-Талас бассейндік су инспекциясының өкілдері тұрғындардың уәждерін мұқият тыңдап, су аймақтарында жан-жақты гидрогеологиялық зерделеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Қызылкөл, Ақжар, Сексенкөл су аймақтарының экологиялық жағдайын сауықтыру бағытындағы жұмыстар кейінге қалдырылмай, жүйелі түрде жүзеге асырылмақ болып шешілді. Алдағы кезеңге сарапшылар тобының зерттеу қорытындысы бойынша гидрогеологиялық есеп әзірлеу, су ресурстары және ирригация министрлігіне көлдерді сақтап қалудың нақты жобалық ұсыныстарын енгізу қамтылатын болды.
Тақырыпты тарқата келе түйгеніміз, сарапшылардың кәсіби сараптамасы мен мемлекеттік қолдаудың арқасында киелі Теріскейдің маржаны болған Қызылкөлдің экологиялық ахуалы оңтайлы шешімін тауып, көлдер жүйесінің бұрынғы келбеті қайта қалпына келеді деп сенеміз.

