Қазақстан Республикасының мемлекеттік экологиялық саясаты мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында еліміздің табиғи байлықтарын қорғау, өңірлердің экологиялық әлеуетін арттыру, экотуризмді дамыту және туған өлкеге деген патриоттық сезімді қалыптастыру – басты стратегиялық басымдықтардың бірі болып табылады. Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы мен табиғатты қорғауға бағытталған жобалар өңірлердегі, соның ішінде киелі Теріскей топырағындағы экологиялық мәдениетті жаңа биікке көтеруде. Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөздерінде: «Туған жердің табиғатын аялау, оның қайталанбас сұлулығын келешек ұрпаққа аманаттау – әрбір азаматтың парасатты борышы. Экологиялық жауапкершілік бар жерде ғана тұрақты даму болады» деп үнемі баса айтып келеді.
Осы орайда, жыл өткен сайын жаңаша қырынан танылатын тұмса әлем – Созақ өңірінің сұлу табиғаты тағы бір ғажайып, сырлы келбетіне енді. Жаздың жаймашуақ күндерімен бірге Қаратау жотасының бөктерлері мен кең жазирасы ақ түске малынып, көз жетер көкжиекке дейін созылған гүлдер алқабы табиғаттың таңғажайып туындысын көз алдыңызға әкеледі.
Қаратау бөктеріндегі ақ кілем мен жалаң гүлді құлқайырдың әсемдігі жайында сөз қозғамай кетуге әсте болмас. Созақ даласын ақ кілемдей көмкерген бұл ғажайып гүлдердің ботаникалық сипаты бойынша жалаң гүлді құлқайыр болуы ықтимал. Биік сабағына сән түзеген ақ гүлдері мен жұмсақ түкті, әсем тілімденген жапырақтары айналаны ерекше ажарландырып, дала төсіне өзгеше эстетика сыйлап тұр.
Жол бойымен созылған қалың жасыл желек пен аппақ гүлдердің табиғи үйлесімі суретшінің қылқаламынан шыққан ғажайып суреттей әсер қалдырады. Теріскейдің майда салқын самалымен баяу тербелген гүлдер кең даланың ғасырлар қойнауынан жеткен терең сырын шертіп тұрғандай. Әрбір қадамыңызда табиғаттың бұл көз тоймас көрінісіне еріксіз сүйсінесіз. Табиғаттың құбылмалы реңкі мен қызғалдақтан ақ құлқайырға дейінгі киелі Қаратаудың қоңыр белдері мезгіл ауысқан сайын құбылып, өзінің бай флорасын паш етеді. Көктемгі көрінісінің өзін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ерте көктемде Қаратау бөктері Грейг мен Кауфман қызғалдақтарының қызыл нұрымен құлпырып, даланы алқызыл түске бөлейді. Ал, жаймашуақ жазғы әсемдігін тамашалаудың шексіз ғанибетін бірі білсе, бірі білмес. Өйткені, жаз мезгілінде қызғалдақтың орнын ақ құлқайырдың үлбіреген нәзік әлемі басып, туған өлкенің сұлулығын өзгеше бедерлейді. Дала төсіне төгілген ақ мәрмәрдей көркем өрнегі бар бұл гүлдер алқабы – Созақ өңірінің экологиялық тұнықтығы мен биоалуантүрлілігінің айқын дәлелі.
Сонымен қатар, экотуризм және табиғатты аялау – ортақ парыз болғандықтан Созақ даласындағы бұл табиғи құбылыс отандық және аймақтық экотуризмді дамытуға орасан зор мүмкіндік береді. Табиғат сүйер қауымды, фотографтар мен саяхатшыларды өзіне баураған бұл ақ гүлдер алқабы туған жердің қадірін ұғындыра түседі.
Алайда, мұндай тұмса сұлулықты сақтап қалу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мәселен, экологиялық мәдениетті жандандыру аясында гүлдерді отамау, таптамау және табиғи ареалын бұзбау. Сондай-ақ, тазалықты сақтаудың маңыздылығы демалуға келген тұрғындар мен туристердің артында қоқыс қалдырмауын бақылау және тазалықты сақтауды талап ету.Ұрпақ тәрбиесінде санамызды жаңғыртамыз десек, жастарға туған өлке табиғатын қастерлеуді ту етіп үйрету. Дала төсіне төгілген ақ мәрмәрдей көркем өрнегі бар туған жердің осындай ғажайып көріністерін аялау, қорғау және келешек ұрпаққа бұзылмаған күйінде жеткізу – баршамыздың ортақ парызымыз.
Бүгінгі тақырыпты тарқата келе айтпағымыз, Созақ өңірінің табиғаты – өзінің сан алуан келбетімен, тұмса сұлулығымен және бай флорасымен тамсандыруын тоқтатпайды. Қаратау бөктерін ақ кілемдей жапқан құлқайырлар алқабы – туған жеріміздің шексіз байлығы мен сұлулығының айғағы.
Ақ мәрмәрдей көмкерілген Теріскей даласының көркі тасып, біздің экологиялық жауапкершілігіміз бен туған жерге деген сүйіспеншілігіміздің арқасында осы ғажайып келбеті мәңгілік сақтала беретініне кәміл сенеміз. Сондықтан да, туған өлкенің байлығын дәріптеумен қатар, тазалығын назардан тыс қалдырмағанымыз абзал.

