Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында ұлттық мәдениет пен өнерді дәріптеу, аймақтардың тарихи-мәдени мұрасын ұлықтау және бұқаралық рухани-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыру – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып табылады. Түркістан өңірінің рухани әлеуетін арттыру және аудандардың төл өнерін көпшілікке таныстыру мақсатында облыс орталығында ауқымды жобалар тұрақты жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөздерінде: «Өнер мен мәдениет – ұлттың ұлы қазынасы, халықты біріктіретін және рухани биікке көтеретін басты күш» деп үнемі баса айтып келеді.
Осы орайда, Түркістан қаласындағы халықаралық деңгейдегі «Керуен сарай» туристік кешенінде өтіп жатқан «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында киелі де шежірелі Созақ ауданының Мәдениет күні қорытындыланып, аудан өнерпаздарының қатысуымен сән-салтанаты келіскен ауқымды гала-концерт ұйымдастырылды. Көне Түркістан төрінде бой көтерген бұл өнер мерекесі облыс тұрғындары мен қала қонақтарына уақыттан озған ұлттық рух пен рухани серпіліс сыйлады.
Мерекелік шараның салтанатты ашылуында Созақ ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова сахна төріне көтеріліп, жиналған жұртшылыққа, фестиваль қонақтары мен қала тұрғындарына өз білдірген ізгі тілегін арнады.
Алтын Ешанқұлова өзінің құттықтау сөзінде сырлы да назды Созақ өңірінің қазақ тарихындағы, сөз өнері мен шертпе күй дәстүріндегі орнына кеңінен тоқталып, ұлттық кодты сақтау мен дәстүрлі өнерді өскелең ұрпаққа жеткізуде мұндай облыстық фестивальдердің маңызы ерекше екенін атап өтті. Аудандағы мәдениет саласының жетістіктерін тілге тиек етіп, өнерпаздарға шығармашылық табыс тіледі.
Аудан өнерпаздарының жарқын өнері мен ұлттық рухы кеш барысында сараланып, Созақтың дарынды да талантты әншілері, дәстүрлі күйшілері, мың бұрала билеген бишілері мен арнайы өнер ұжымдары сахна төрінде ұлттық өнердің айшықты, биік үлгілерін ұсынды.
Концерттік бағдарлама аясында дәстүрлі шертпе күйлер, яғни Сүгір Әліұлы мен Төлеген Момбеков бастаған Созақ күйшілік мектебінің алтын қорынан күмбірлеген күйлер орындалып, қара домбыраның құдіреті паш етілді. Халық әндері мен термелерге де кезек беріліп, Теріскейдің сөз зергерлері мен ақындарының жыр-термелері орындалып, көрерменді терең ойға батырды. Хореографиялық композициялар қорына бай ауданның би ұжымдары ұлттық нақыштағы әсем билерімен сахнаның көркін аша түсті.
Қазақы болмысты, ұлттық рух пен рухани мәдени мұрамызды дәріптеген бұл бай концерттік бағдарлама көрермендердің толассыз қошеметіне бөленіп, жиналған қауымның ыстық ықыласына ие болды. Мерекелік кештің ең күтпеген әрі қуанышты сәттерінің бірі – арнайы шақырылған қонақтың өнері болды. Қазақ эстрадасының танымал әншісі, Қазақстанның мәдениет қайраткері Еркін Нұржанов сахнаға шығып, көпшілікке өзінің ел сүйіп тыңдайтын хит әндері мен жүрекжарды туындыларын тарту етті. Танымал әншінің орындауындағы сыршыл да әуезді әндер көрермендердің делебесін қоздырып, «Керуен сарай» кешеніндегі рухани кештің ажарын аша түсті. Жиналған халық әншіге қосыла ән шырқап, кеш ерекше мерекелік атмосферада өтті.
«Керуен сарай» туристік кешенінде өткен бұл ауқымды шараның тағы бір ерекшелігі – халықаралық аудиторияны баурап алуында болды. Фестивальді тамашалауға келген шетелдік қонақтар да қазақтың төл өнеріне, дәстүрлі әні мен күйіне, ұлттық салт-дәстүрін бейнелеген сахналық қойылымдарға жоғары бағасын берді.
Шетелдік туристер мен қонақтар қазақ мәдениетінің тереңдігіне, домбыраның сұрапыл үніне, ұлттық киімдердің әсемдігіне тәнті болып, өздерінің ризашылықтарын білдірді. Бұл – Созақ өнерпаздарының өнері тек өңірлік деңгейде емес, халықаралық туристер алдында да жоғары бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді.
Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешенінде откен «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясындағы Созақ ауданының Мәдениет күні мен қорытынды гала-концерті – ұлттық өнердің, елдік ынтымақ пен рухани сабақтастықтың жарқын көрінісіне айналды. Бұл күні киелі Теріскейдің өнері мен мәдениеті шарықтап, асқақтай түсті. Күрерменнің көзайымына айналған, ұлттық рухымызды көтеретін осындай мазмұнды да салтанатты іс-шаралар елімізде көптеп өте берсін деген ниеттеміз.

