Бүгінгі таңда Түркістан облысында және жалпы елімізде ішкі туризмді, соның ішінде эко-туризм мен рекреациялық демалыс түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің туристік әлеуетін толық пайдалану, экологиялық туризмді дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу және өңірлік экономиканы әртараптандыру жөнінде нақты міндеттер қойған болатын. Бұл тұрғыда Балықты көлі Түлкібас ауданының туристік картасындағы негізгі локомотивтердің біріне айналуға толық мүмкіндігі бар.
Балықты көлі мен оның айналасындағы инфрақұрылымды дамытудың басты бағыттарына тоқталсақ, көл айналасындағы таулы және орманды аймақтарда жаяу серуендеу маршруттарын, веложолдар мен демалыс нүктелерін ұйымдастыру саяхатшыларға табиғатты жақыннан тануға мүмкіндік береді.
Көлдің аты айтып тұрғандай, мұнда балықтың бірнеше түрі мекендейді. Қоршаған ортаға зақым келтірмейтін, арнайы белгіленген ережелер бойынша спорттық балық аулауды жолға қою туристерді тартып қана қоймай, балық қорын сақтауға да ықпал етеді. Осындай әсем орындар барда Түлкібастың туристік әлеуеті артып, кәсібі дөңгеленіп, туған өлкеміздің даңқы бұдан да биікке көтеріле берері сөзсіз.

