Қазақтың жаны – домбыра. Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл бәсең етіп бұрағанда, сол екі ішектің арасынан төгілген сазды әуен бүкіл даланың кеңдігін, көшпелі халықтың қайсар рухын, мұңын, қуанышын жеткізетіндей. Ұлттық домбыра күні – бұл жай ғана мереке емес, бұл – қазақтың рухын ұлықтайтын, ата-бабамыздан қалған асыл мұраны келер ұрпаққа дәріптейтін ұлы күн. Осы орайда, Түркістан облысы Төлеби ауданды Көксәйек ауылдық балалар кітапханасының оқу залында «Домбыра – асыл мұрам» атты өнер сағаты өткізіліп, қазақ өнерінің майталмандары мен жас өрендердің басын қосты.
Өнер сағаты – рухани кемелденудің алаңы демекші, өнер сағатына аудандық Саз мектебінің дарынды шәкірттері мен домбыра үйірмесінің жетекшісі А.Татыбаева арнайы шақырылды. Іс-шараны ашқан кітапханашы жиынның мақсаты – жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, оларды домбыра өнерінің терең тарихымен таныстыру және музыкалық сауаттылығын арттыру екенін ерекше атап өтті.
Кітапханашы өз сөзінде домбыраның шығу тарихына кеңінен тоқталып, оның қазақ халқының тарихындағы орнын жіктеп берді. «Домбыра – ата-бабамыздан кәсіп болып, ғасырдан ғасырға, заманнан заманға жалғасып келе жатқан алтын мұрамыз. Қилы замандарда халықтың мұңын мұңдап, зарын жоқтаған, қуанышында серік болған домбыраның тәрбиелік мәні зор. Ол – тәрбиенің қайнар көзі, рухтың айнасы», – деп атап өтті кітапханашы.
Жалпы, домбыра құрылысы мен аңыздар сырына үңілер болсақ, талай тар заманда елдің зары мен мұңын күй құдыретімен шерін тарқатқан асыл қазынамыз, қасиетті домбырамыздың қадір қасиетіне қол сұғылмай, бүгінгі ұрпаққа аманат етіп жеткізген бабаларымызға, күй толқынына қанып өскен домбырашы дараларымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ-ау. Дәл бүгінгі кездесудің келесі бөлігінде домбыра үйірмесінің жетекшісі А.Татыбаева домбыраның түрлері мен оның жасалу құрылымына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, домбыра – қарапайым аспап болып көрінгенімен, оның жасалу техникасы мен ішектерінің дыбыс шығару ерекшелігі – нағыз өнер мен шеберліктің синтезі екеніне тоқталды.
А.Татыбаева домбыраға қатысты халық арасындағы аңыз-әңгімелерді де тілге тиек етті. Жошы ханның өлгенін естірткен Кетбұғаның домбырасы туралы аңыз басталғанда, оқу залындағы тылсым тыныштық орнады. Аңыздар – домбыраның тек музыкалық аспап қана емес, сонымен бірге тарихты жеткізуші, ақиқатты айтушы құрал болғанын айғақтайды. Әрбір аңыз – домбыраның киелілігін ұғындыратын бір-бір танымдық сабақ іспетті.
Саз мектебінің шәкірті, өнерлі жас Нұрислам домбырада күй тартудың екі негізгі мектебі – шертпе және төкпе өнеріне жан-жақты тоқталды. Ол өз баяндамасында күй өнерінің географиялық ерекшеліктерін де ашып көрсетті. Мысалы, шертпе күй дәстүрі негізінен Арқа өңіріне, қазақтың орталық аймағына тән. Ол сабырлылықты, терең ойды, нәзік иірімдерді қажет ететін өнер. Ал, төкпе күй дәстүрі Батыс Қазақстан өңірінде кеңінен таралған, екпінді, асқақ әрі күштілігімен ерекшеленеді.
Нұрисламның бұл түсіндірмелері тыңдаушылардың күй туралы түсінігін кеңейте түсті. Әр өңірдің өзіне тән күй тарту стилі бар екені, оның әрқайсысы қазақ жерінің табиғаты мен халықтың мінез-құлқына сәйкес қалыптасқаны туралы ақпарат жиналғандарға жаңалық болды.
Іс-шараның шырайын кіргізген сәттердің бірі – Саз мектебінің ұстазы Жанатбек Атеевтің сөз кезегі болды. Ол күй әлемінде өзіндік орны бар қазақтың классик күйшілері: Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина Нұрпейісова сынды тұлғалардың шығармашылығына жеке-жеке тоқталды.
Жанатбек Атеевтің айтуынша, әр күйдің өзіндік тарихы бар. Мысалы, Құрманғазының «Сарыарқасы» – даланың еркіндігін, ал Тәттімбеттің «Көкейкестісі» – адамның жан толқынысын жеткізеді. «Ұстаз ретінде айтарым, жас шәкірттер алдымен осы тұлғалардың өмір жолы мен музыкалық мұрасын зерттеуі тиіс. Күй – бұл жай нота емес, бұл – тарих, бұл – сезім, бұл – ұлттың тамыры», – деді ұстаз өз сөзінде.
Кітапханашы өнер сағатын қорытындылай келе, келген қонақтарға шынайы алғысын білдірді. Ол домбыраның үні өшпеуі үшін, осындай кештердің жиі өтіп тұруы маңызды екенін баса айтты. Іс-шара соңында кітапханада ұйымдастырылған «Домбыра – асыл мұрам» атты тақырыптық көрмеге шолу жасалды. Көрмеде қазақтың күй өнеріне қатысты кітаптар, домбыра аспабының түрлері, күйшілердің өмірі туралы әдебиеттер оқырман назарына ұсынылды.
Бұл өнер сағаты тек ақпараттық сипатта емес, сонымен бірге тәрбиелік мәні жоғары жиын болды. Жас өрендер домбыраның тек ойын-сауық аспабы емес, ұлттық болмысымыздың айқын белгісі екенін түсінді. Сонымен қатар, қазіргі таңда жаһандану үдерісінде ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу – мемлекеттік деңгейдегі маңызды міндет. Аталған өнер сағаты жастарды өнерге тартумен қатар күйшілердің өмірі мен шығармашылығын жастарға таныстыру арқылы олардың музыкалық талғамын қалыптастырады. Сондай-ақ, ұлттық кодты сақтау аясында домбыра арқылы жастар өздерінің қазақ екенін, тамыры терең халық екенін сезінеді.
Қорыта айтқанда, аудандық кітапханада өткен бұл шара рухани кештің үлгісі болды. Домбыраның үні естілген жерде береке мен бірлік, руханият пен мәдениет қатар жүреді. Ұлттық аспабымыздың қадір-қасиетін ұғынған жас ұрпақ – еліміздің рухани тірегі. Бұл – өнердің ғана емес, еліміздің келешегінің жарқын болуына қосқан үлкен үлес.
Домбыраның екі ішегі – бірі қазақтың өткені, бірі бүгіні мен болашағы. Сол екі ішектің үні ортақ, мақсаты бір болғанда ғана ұлтымыздың өнері мәңгілік жасай бермек. Кітапхана секілді рухани ордаларда өтіп жатқан осындай іс-шаралар арқылы біз мәдени құндылықтарымызды жаңғырта береміз.

