Ұлттық болмысымыз бен мәдени кодымызды сақтап, оны келесі буынға аман-есен жеткізу — бүгінгі жаһандану заманындағы ең басты міндеттердің бірі. Қазақ халқының ғасырлар бойғы шежіресін, мұң-мұқтажы мен арман-мүддесін шанағына сыйдырған киелі қара домбыра — біздің рухани байлығымыздың ең жарқын белгісі. Домбыраның үнімен бесік тербетіліп, домбыраның күйімен батырлар майданға аттанған, хан мен қарашаны тең тыңдатқан бұл қасиетті аспаптың тәрбиелік мәні өте терең.
Өскелең ұрпақтың бойында отаншылдық сезімді ояту, ұлттық құндылықтарды ұлықтау мақсатында Төлеби ауданында тағылымды да мазмұнды мәдени-ағартушылық іс-шара ұйымдастырылды. Аудандық білім және мәдениет бөлімдерінің қолдауымен, мектеп оқушыларының қатысуымен «Домбыра – рухани байлықтың белгісі» тақырыбында танымдық кездесу өткізілді. Бұл басқосу оқушыларға ұлттық өнердің қатпарлы тарихын меңгертіп, олардың рухани танымын кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болды.
Бұл танымдық шараның негізгі мақсаты — оқушыларға домбыраның ұлттық құндылық ретіндегі маңызын таныстыру, халқымыздың материалдық емес мәдени мұрасын дәріптеу және жастардың ұлттық өнерге деген қызығушылықтарын арттыру болды. Ұйымдастырушылар іс-шара аясында оқушыларға домбыра аспабының пайда болу аңыздары мен даму тарихын ғылыми және халықтық деректер негізінде түсіндіріп, күй өнерінің ерекшелігін сезіндіру арқылы балалардың көркемдік талғамын қалыптастыру, музыкалық есту және қабылдау қабілетін шыңдауды және оқушыларды қоғамдық пікір айтуға, ұлттық өнерді қорғай білуге және өз ойын еркін жеткізуге баулуды, жас буынды жат мәдениеттердің ықпалынан қорғайтын ұлттық тәрбие негізін қалауды жіті түсінуге дәріптеді.
Іс-шара барысында оқушыларға домбыраның шығу тарихы, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіндегі орны, күй өнерінің ерекшелігі мен тәрбиелік мәні туралы кеңінен түсіндірілді. Арнайы дайындалған тарихшылар мен өнертанушы мамандар балаларға қызықты мәліметтер ұсынды.
Қазақ үшін домбыра — жай ғана аспап емес, ол көшпелі ғұмырдың жан серігі. Кездесуде домбыраның пайда болуы туралы «Ақсақ құлан» аңызы айтылып, Шыңғыс ханның қаһарынан қаймыққан уәзірлердің арасынан тек домбыра ғана шындықты жеткізе алғаны туралы тарихи тәмсіл суреттелді. Бұл мысал балаларға домбыраның сөзден де құдіретті, тілден де өткір қасиетін ұғындырды.
Сонымен қатар, домбыраның қазақ үйінің төрінен орын алуының тұрмыстық мәні түсіндірілді. Мәселен, қара домбыраның қуаныш пен жұбаныш құралы атанғаны, яғни шілдехана, той-томалақта домбыра думанның көркі болса, қазалы хабар немесе қайғылы сәтте халықтың ішкі мұңын басатын жұбанышы болған жайындағы тың ақпараттар балалардың санасын домбыраның шығу тарихын білумен ғана шектетпей, үйренуге жетеледі. Ал, ауыл ақсақалдары мен аналар домбыра сүйемелдеуімен дастандар мен қиссаларды айтып, батырлар жырын ұрпақ санасына сіңірген және күйдің дыбыстық толқындары адамның жүйке жүйесін тыныштандырып, ішкі үйлесімділік сыйлайтыны, тіпті емшілік қасиеті туралы ғылыми тұрғыдан да сөз болып, оқушылардың домбраға деген қызығушылығын арттырды.
Күй өнерінің ерекшелігі мен терең тәрбиелік мәні жайында сөз қозғар болсақ, күй — сөзсіз айтылатын ұлы философия. Іс-шараның екінші бөлімінде қазақ күй мектептерінің ерекшеліктеріне талдау жасалды. Оқушыларға Батыс Қазақстанның екпінді, арынды төкпе күйлері (Құрманғазы, Дина мектебі) мен Арқа өңірінің, Оңтүстік аймақтың сырлы, мұңды, философиялық шертпе күйлерінің (Тәттімбет, Сүгір мектебі) айырмашылықтары іс жүзінде көрсетілді.
Күйдің тәрбиелік мәніне тоқталған ұстаздар қауымы әрбір күйдің артында үлкен тарихи оқиға, ел тағдыры немесе адамның ішкі сезім толқынысы жатқанын түсіндірді. Мысалы, Құрманғазының «Сарыарқа» күйі — еркіндік пен кеңдіктің, еліне деген сағыныштың көрінісі болса, Динаның «Әсем қоңыры» — жастық шақ пен сұлулықтың символы. Мұндай терең мағыналы дүниелерді тыңдап өскен баланың отаншыл, мемлекетшіл әрі парасатты азамат болып қалыптасатыны сөзсіз.
«Салауатты сана» тұжырымдамасы арқылы оқушылардың бойына рухани құндылықтарды сіңіру арқылы оларды жат қылықтардан қорғап, дер кезінде тосқауыл болудың маңыздылығы орасан деуге саяды. Неге десеңіз, бүгінгі таңда қоғам алдында тұрған ең үлкен сын-қатерлердің бірі — жасөспірімдер мен мектеп оқушыларының арасындағы виртуалды тәуелділік, интернет арқылы келетін теріс ақпараттар, сондай-ақ болашақта құмар ойындарға құнығу немесе зиянды әдеттерге бой алдыру қаупі туындап жатқаны ащы да болса шындық. Мемлекет басшысының қоғамда «Салауатты сана» қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы аясында ұйымдастырылған бұл шараның тәрбиелік маңызы өте зор болды.
Баланың санасын пайдасыз ойындар мен әлеуметтік желілердегі мәнсіз контенттерден тазартудың бірден-бір жолы — оның бос уақытын ұлттық өнермен толтыру. Мектеп қабырғасында домбыра үйірмелеріне қатысатын, күй өнерінің тарихын зерттейтін оқушының ойлау жүйесі жүйелі, мақсаты айқын болады. Домбыра тарту — саусақ моторикасын дамытып қана қоймай, мидың екі жарты шарын бірдей жұмыс істетіп, баланы зеректікке, зейінділікке тәрбиелейді.
Күй өнері — жасөспірім шақтағы түрлі психологиялық күйзелістер мен агрессияның алдын алатын табиғи ем. Домбыраның қоңыр үні баланың жанын тыныштандырып, оны агрессиядан, құбылмалы мінезден сақтайды. «Домбыра – рухани байлықтың белгісі» іс-шарасы оқушыларға рухани азық беріп, олардың бойында жат қылықтарға қарсы ішкі мәдениет пен берік қорған, талғампаздық және білуге құштарлық қалыптастырды.
Бұл кездесу дәстүрлі баяндама оқу форматында емес, еркін ашық сұхбат, интерактивті пікірталас түрінде өтті. Оқушылар белсенді қатысып, өз пікірлерімен бөлісті және ұлттық өнер туралы білімдерін толықтырды. Шара барысында жоғары сынып оқушылары өздерінің домбыра туралы дайындаған шағын зерттеулерін оқып, аспаптың құрылымы, яғни шанағы, тиегі, пернелері, құлағы мен олардың жасалу сырлары туралы айтып берді. Сондай-ақ, мектептің өнерлі оқушылары сахнаға шығып, өздері үйренген халық күйлерін нақышына келтіре орындады.
Пікірталас кезеңінде оқушылар «Қазіргі заманда домбыраны эстрадалық бағытта, заманауи аранжировкамен орындау дұрыс па, әлде классикалық нұсқасын сақтаған жөн бе?» немесе «Әрбір қазақ баласы домбыра тарта білуі міндетті ме?» және «Ұлттық аспапты халықаралық деңгейде таныту үшін біз не істей аламыз?» сияқты көкейлерінде мазалап жүрген өзекті сұрақтар төңірегінде ой қозғады.
Әрине, оқушылардың бұл сұрақтарға берген жауаптары мен қызу талқылаулары олардың ұлттық өнерге бейжай қарамайтынын, талғампаздығын, білуге құштарлықтарын және ішкі дүниелерінің бай екенін көрсетті. Балалар өз пікірлерінде домбыраның қасиетін ұғыну — өз тарихыңды құрметтеумен тең екенін еркін әңгімелесулерімен жеткізді.
Түйіндей келе айтпағымыз, ұрпақтар сабақтастығы үзілмейтінін бүгінгі қасиетті домбыра күніне байланысты өткен шарадан ұғынуға болады. Өйткені, «Домбыра – рухани байлықтың белгісі» атты танымдық іс-шара Төлеби ауданының білім беру саласындағы ең сәтті және өнегелі жобалардың бірі болды. Шара соңында белсенділік танытқан оқушылар мен оларға жетекшілік еткен ұстаздарға мектеп әкімшілігі мен ұйымдастырушылар атынан Алғыс хаттар мен естелік кітаптар табыс етілді.
Өз кезегінде мұндай шаралар жас ұрпақтың санасына ұлттық рухты егіп, оларды отаншылдыққа тәрбиелеуде баға жетпес рөл атқарады. Домбыраның үні мектеп қабырғасында күмбірлеп тұрғанда, қазақтың рухани қазынасы ешқашан сарқылмақ емес. Өнерді ұлықтаған, тарихын қастерлеген Төлебидің жас өрендері ертеңгі күні еліміздің тірегіне айналары сөзсіз. Қасиетті қара домбырамыздың үні үзілмей, ұрпақтар сабақтастығы мәңгі жасай берсін дейміз.

