Дана халқымыздың «Ұлттық қолөнер — халық жанының айнасы»,- деген теңдесі жоқ теңеуі, тарихы терең, мәдениеті бай қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарының ішінде ұлттық қолөнердің алар орны ерекше екенін әспеттесе керек. Қолөнер — жай ғана тұрмыстық бұйымдар жасау емес, ол — бабаларымыздың дүниетанымын, эстетикалық талғамын, философиясын және қоршаған ортамен үйлесімділігін көрсететін теңдессіз өнер туындысы. Қазақ халқы киіз үйдің жабдықтарын, киім-кешекті, ыдыс-аяқ пен төсек-орынды өз қолымен әзірлей отырып, әрбір бұйымға өзіндік өрнек салып, жан бітірген.
Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық бірегейлікті сақтап қалу, ұрпақтар сабақтастығын үзбеу және жастардың бойында ұлттық кодты қалыптастыру мәселесі алдыңғы орынға шықты. Осы орайда, Түркістан облысының киелі Қазығұрт ауданына қарасты Жігерген ауылдық округінде ұлттық қолөнерімізді жаңғыртып, оны кейінгі ұрпаққа үйрету бағытында өнегелі іс атқарып келе жатқан «Асыл әжелер» алқасының еңбегінің ілгерілеп отырғанын мақтанышпен атап өтуге лайықты. Бұл алқа — тек өнер ошағы ғана емес, ауыл балалары мен жас келіндері үшін нағыз тәрбие мектебіне айналып отыр.
Тарқатып айтар болсақ, Жігерген ауылдық округінің «Асыл әжелер» алқасының мүшелері — өз істерінің нағыз шеберлері. Олардың әрқайсысы қазақ қолөнерінің белгілі бір бағытын ұстанып, соны өскелең ұрпаққа дәріптеуді өздерінің азаматтық әрі аналық парызы санайды. Әжелеріміздің әрбір қолынан шыққан бұйым — ұлттық құндылықтың, еңбекқорлық пен шеберліктің айқын көрінісі.
Алаша тоқудың хас шеберлері — Сайлаукүл әже мен Хадиша әженің ерен еңбектеріне ерекше тоқталсақ болады. Қос әжей қазақ үйінің сәні мен жылуын келтіретін, өрмек тоқу өнерінің озық үлгісі — алаша тоқуды жіті меңгерген. Салт-дәстүрімізді берік ұстанған Сайлаукүл әже мен Хадиша әже бүгінде ұмытылып бара жатқан өрмек құру, жіп иіру және алаша тоқу өнерін қайта тірілтті. Онысымен қатар, өз білгендерін ауыл жастарына, ізбасарларына үйретуде.
Жалпы, алаша тоқу үлкен төзімділікті, дәлдікті және геометриялық есепті талап етеді. Әжелеріміз түрлі-түсті жіптерді үйлестіре отырып, халқымыздың ежелгі «мүйіз», «қошқармүйіз», «ирек» өрнектерін алаша бетіне түсіреді. Олардың қолынан шыққан тығыз әрі сапалы алашалар көздің жауын алады және ауыл жастарына бұл өнердің қаншалықты қасиетті екенін ұғындырады.
Сонымен қатар, құрақ құраудың ханымдары атанған — Насиба әже мен Альмира әженің де өнегелі істері ілкімді. Негізінде құрақ құрау өнері — қазақ әйелдерінің үнемшілдігі мен жоғары эстетикалық талғамының символы. Насиба әже мен Альмира әже мата қиындыларынан қиыстырып, ғажайып көрпешелер, жастықтар мен тұрмыстық бұйымдар дайындайды.
Құрақ өнерінің философиясына тоқталсақ, «Құрақ — бұл тек маталарды біріктіру емес, бұл отбасының бірлігін, ағайынның татулығын білдіреді. Қиындылардан құралған дүние бүтін бір көркем шығармаға айналғандай, шашырағанды жинап, бірлікке шақыру — құрақтың басты мәні» екенін ата-бабаларымыз ұрпақтар еншісіне жеткізді. Насиба және Альмира әжелер «ботагөз», «тұмарша», «сегіз жапырақ» секілді күрделі құрақ түрлерін шебер меңгерген. Олар ауылдың бойжеткендеріне матаны қалай үнемдеу керектігін және түстер үйлесімділігін үйретіп келеді.
Ал, тоқыма өнерінің жанашырлары — Шолпан әже мен Гүлдар әженің де өнерлері өрге жүзіп тұр десек артық айтқанымыз емес. Жүннен, жіптен түрлі киімдер мен жылы бұйымдар тоқу — ежелден келе жатқан кәсіп болғандықтан, Шолпан әже мен Гүлдар әже тоқыма өнерін дәріптеуде алдарына жан салмайды.
Олар тек заманауи киімдерді ғана емес, қазақтың дәстүрлі байпақтарын, шәлілерін, бас киімдерін тоқып, оған ұлттық нақыштағы оюларды енгізеді. Тоқыма өнері баланың саусақ моторикасын дамытып, жүйке жүйесін тыныштандыратынын айтатын әжелеріміз бұл іске мектеп оқушыларын, қыз балаларды белсенді тартып келеді.
Келіндердің ақылшысы атанған Баян әже жайында әсте айтпай кетуге болмас. Қазақ салтында қыз ұзату, келін түсіру дәстүрлерінің маңызды атрибуты — шымылдық. Баян әже жас келіндерге арнап шымылдық тігіп, оның жасауын әзірлеумен айналысады. Баян әже шымылдық тігу барысында жас келіндер мен бойжеткендерге тек тігіншілікті ғана үйретпейді, сонымен бірге отбасылық өмірдің қыр-сырын, ене мен келін арасындағы сыйластықты, шаңырақтың берекесін кіргізудің жолдарын насихаттайды. Оның ақыл-кеңестері мен тіккен шымылдықтары талай жас шаңырақтың бақытты бастауына айналған.
Ұлттық қолөнер — тәрбиенің алтын бесігі саналғандықтан, қолөнер тек заттай құндылық қана емес, ол үлкен педагогикалық құрал. Жігерген ауылдық округінің әжелері өз істері арқылы жастардың бойында келесідей маңызды қасиеттерді қалыптастырып келеді. Алаша тоқу немесе құрақ құрау сағаттап, күндер бойы тапжылмай отыруды талап етеді. Бұл жастарды еңбекті бағалауға, бастаған істі аяғына дейін жеткізуге баулиды. Ою-өрнектердің үйлесімін табу, түстерді таңдай білу баланың қиялын дамытып, сұлулықты сезіну қабілетін арттырады. Әрбір оюдың, әрбір бұйымның шығу тарихын тыңдап өскен бала өз халқының шежіресіне, бабалар мұрасына үлкен құрметпен қарайды.
Сонымен, Жігергендік «Асыл әжелердің» бұл бастамасы бүкіл аудан, тіпті облыс деңгейінде қолдауға ие болып келе жатқан дүние. Біздің басты мақсатымыз — ұлттық қолөнерді тек көрме жәдігері ретінде қалдырмай, оны күнделікті тұрмысқа енгізу, кеңінен насихаттау және оның қыр-сырын жас ұрпаққа толыққанды үйрету. Өйткені ұлттық өнер — ұлттың рухани қазынасы, тәрбиенің қайнар көзі. Мектептерде қолөнер үйірмелерін ашу, әжелеріміздің қатысуымен мастер-кластар (шеберлік сағаттарын) өткізу — бұл өнердің өміршеңдігін қамтамасыз етеді.
Түйіндей келе айтпағымыз, Қазығұрт ауданы Жігерген ауылының әжелері атқарып жатқан жұмыс — ұлтжандылықтың шынайы үлгісі. Сайлаукүл, Хадиша, Насиба, Альмира, Шолпан, Гүлдар және Баян әжелеріміз секілді алтын қолды аналарымыз барда қазақтың рухы ешқашан шөкпейді, ұлттық өнеріміз ұмытылмайды.
Сондықтан да, өнеріміз өркендеп, ата-бабамыздан қалған, әжелеріміздің аялы алақанымен жаңғырған ұлттық мұрамыз ұрпақтан ұрпаққа алтын арқау болып жалғаса берері сөзсіз. Қазығұрттық асыл желеріміздің деніне саулық, қолдарына дерт бермесін деп тілеп, ұлттық өнер — ұлттың мәңгілік құндылығы жасай берсін дегіміз келеді.

