Жалпыұлттық экологиялық «Таза Қазақстан» акциясы Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынысымен өткен жылдың көктемінде бастау алғалы, бүгінде бұкіл еліміз үшін ауқымды шараға айналды.
Бұл бастаманың негізгі мақсаты – табиғатты тазарту ғана емес, Қазақстан халқының экологиялық мәдениетін арттыру, өзінің қоршаған ортасына деген сүйіспеншілігі мен махаббатын қалыптастыра отырып, құрметін шексіздікке ұштастыру екені айтпаса да түсінікті. Президентіміз бастаған игілікті істі қоғамның барлық өкілдері, тіпті жастар мен мектеп оқушыларына дейін ыстық ықыласпен қабылдап, атсалысуда.
2025 жылы акцияның ауқымы кеңіп қана қоймай, оның мазмұны да баий түсті. Өлкеміздің түкпір-түкпірінде тазалық жұмыстарын жалғастырумен бірге, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған фестивальдар, байқаулар, білімділік пен біліктілікті арттыру шаралары жүзеге асырылуда. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы аясында Түркістан облысы «AMANAT» партиясының бастамасымен «Таза бейсенбі» шарасы Ордабасы ауданында жүйелі түрде жалғасып келеді.
Дәстүрге айналған экологиялық шара ауданымыздың орталығы – Темірлан елді мекенінде өтті. Қоршаған ортаның көркін арттыруға бағытталған бұл бастама аясында арнайы қоршалған аумақта тал егу жұмыстары жүргізілді.
Табиғаттағы тепе-теңдікті сақтап тұрған да ағаш екен. Ыстықты, аязды басып, ылғалдылықты сақтап, жаңбырлардың уақытында және табиғи тәртіппен жаууын реттейді, топырақтың құнарлылығын сақтайды, дауылдардың екпінін азайтады, т.б. Қысқасы туылсақ бесік, өлсек табыт, яғни адам өмірге келгеннен кеткенге дейін пайдасын тигізеді. Айта берсе ағаштың адамға берер пайдасы мол.
Бүгінгі істерімен ұрпаққа өнегелік істерімен жатталып қалатын, қоршаған ортаға деген махаббатты оятатын, жасыл желекке айналар аумақтағы игі шараны «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев бастап, облыстық мәслихаттың депутаты Ғани Райымбеков, аудан әкімінің орынбасарлары Мейрамбек Ақмұратов пен Илияс Тұнияз, зиялы қауым өкілдері, дербес бөлім қызметкерлері, партияның аудандық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері және тұрғындардың қатысуының өзіндік құндылығы бар.
Әсілінде, Қазақтың « Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұлағатты сөзінің маңызы зор. Ағаш өсіруді бала тәрбиелегенмен бірдей дегенді халық ертеден айтады. «Табиғатты қалай аяласақ, ол соған солай жауап береді, бабалар еккен шынарды балалар саялайды» демекші, бүгінгі бейсенбілік шарада барлығы 100-ге жуық қатысушы бірлесе еңбек етіп, аудан аумағында 200 түп тұя мен арша көшеттері отырғызылды.
Ия, «Ағаш, талшыбық кезінде иілер» демекші, ұрпағымызға ағаш егу мәдениетін қазірден бастап үйрету кезек күттірмейді. Әрбір аудан азаматының өз атымен аталған ағашы болып, оны көзінің қарашығындай сақтауға үндеп жатсақ, артықшылығы жоқ. АҚШ тарихында ерекше есте қалатын президенті Франклин Рузвельт «Бір елдің өркениет дәрежесі, өмір сүрген жерінде ағаш егу мәдениетін қалыптастырғанымен өлшенеді» деген екен. Біздің ұлттық сенімімізде, ағаштың әрбір жемісі сол ағашты еккен адамға сауап болып жазылады деп айтылады. Онымен қоса сол ағаш кімде кімнің немесе қандай да бір тіршілік иесінің пайдасына асса, мысалыға, бір құс ұя салып, жемістерін жесе, бір адам көлеңкесінде демалса, яғни кәдесіне асырса сауабы жазылады. Ағаш егу мәдениетін қалыптастыру мақсатында барлық мемлекеттер Халықаралық ағаш егу күнін атап өтеді. Бірақ әр елдің ағаш отырғызу күні әртүрлі уақытта болғанымен, Ордабасы ауданының әкімі Азат Әбдіғалиұлы ізгілікке толы ізетті істі алдыңғы орынға қойған.
Ағаш егудің бір керемет тұсы адамды гуманизмге тәрбиелейді. Еккен ағашының жемісін өзі көрмесе де ұрпағы көреді. Сонда ағаш егу деген, бір жағынан ұрпақты, келешекті ойлауға, эгоизмнен арылуға тәрбиелейді. Бір сөзбен айтқанда, ағаш егу – өзіңнен басқа адамдарды да сыйлағандығыңды көрсетеді. Себебі, еккен ағашың бәріміздің ортақ тұтынып жатқан ауамызды тазартады. Өзге адамдарға таза ауа сыйлағаныңмен дәлме-дәл екен.
Бүгінгі іс-шара барысынан «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев акцияның қоғам өміріндегі рөлінің маңыздылығын атап өтті. «Президентіміз бастамашы болған «Таза Қазақстан» акциясы – еліміздің экологиялық мәдениетін қалыптастырудағы маңызды қадам. Бұл бастамаға партия да өз үнін қосып, нақты істермен қолдау көрсетіп келеді. Таза орта – салауатты қоғамның кепілі. Әрбір егілген ағаш – келер ұрпаққа аманат. Сондықтан осындай шаралар арқылы адамдардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық сана қалыптастыруымыз қажет», – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
«Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек» Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау, идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы», деген мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық фестивальде сөйлеген сөзі, Ордабасылықтардың жадыларында жатталып, экологиялық талаптарды сақтап, оны саналы өмір салтына айналдыруда.
Бұл игі шара – экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, жастарды және жалпы аудан тұрғындарын табиғатты қорғауға, туған жерге сүйіспеншілікпен қарауға шақыратын өнегелі істе үлгі болары сөзсіз.

