Зияткерлік меншік – термині Қазақстан Республикасының заңына 90-жылдардың басында кірді. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бастап, дүниежүзілік қауымдастықтың толыққанды мүшесі болды, сол арқылы халықараалық қатынастарда өзіне сәйкес құқықтар мен міндеттерді қабылдап отыр.Солардың бірі зияткерлік меншікті қорғау. Қазақстан Дүниежүзілік зияткерлік меншік Ұйымының мүшесі, сондықтан да зияткерлік еңбек әрбір азаматтың жеке меншігі.
ҚР АК-нің 125 –бабында зияткерлік меншік басқа да заң актілерінде белгіленген реттер мен тәртіп бойынша азаматтардың немесе заңды тұлғалардың шығармашылық интеллектуалдық қызметтің нәтижелеріне және оларға теңестірілген заңды тұлғаларды өздері жүзеге асыратын жұмысының немесе қызметінің өнімдеріне (фирмалық атау, тауар белгісі, қызмет көрсету белгісі және т.б) ерекше құқығы деп танылады.
Әдебиет туындыларды, бейне жазбаларды, музыкалық туындыларды құқық иелерінің келісімінсіз қолданылуы тек қана мемлекеттің экономикасына зиян келтірмей-ақ, сонымен қатар көрсетілген өнімдер авторларының және тұтынушыларының құқықтарын бұзады.
Авторлық және сабақтас құқықтар, өнеркәсіптік және зияткерлік меншіктің маңызды құрамасы бола келіп, келесі интелектуалдық шығармашылық қызметтердің нәтижелеріне таралады: ғылым, әдебиет, және өнер туындылары; эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдарының орындалуы, қойылымдары, фонограммалары мен хабарларын жасауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастарды реттейді. Сонымен қатар, азаматтық айналымға қатысушыларды, тауарларды, жұмыстарды немесе қызмет көрсетулерді дараландыру құралдарына: өнертабыс, пайдалы үлгілері, өндірістік үлгілері, селекциялық жетістіктер, ашылмаған ақпарат, оның ішінде өндіріс құпиялары, фирмалық атаулар, тауарлық белгілер,тауарлар шығарылатын жерлердің атаулары. Осы атап айтылғанның иегерлері жеке тұлғалар болып табылғанымен, жалпы мемлекеттің зияткерлік ресурсы және адамзаттың мұрасы болып есептеледі.Сондықтан, мемлекеттің міндеті – барынша зияткерлік шығармашылықты көтермелеу, сонымен қатар, тиімді авторлық құқықтық қорғау арқылы және қосаралас қалыптасуы мен индустрия мәдениеті дамуына, шығармалардың кең таратушылығына және авторлардың тіршілік етуге қажетті қаражаттарымен қамтамасыз етуге, жаңашыл өнертапқыштарды қолдауына мүмкіндік туғызады. Мұнсыз елдің зияткерлік әлеуетін қалыптастыруы мүмкін емес.
Азаматтардың зияткерлік меншік обьектісі Конституция бойынша сақталады, заң жүзінде қорғалады. Біздің елімізде Қазақстан азаматтары мен шетел азаматтарының да зияткерлік меншік құқығы заң алдында бірдей қорғалады. Азаматтардың зияткерлік меншігін қорғау арқылы мемлекет олардың шығармашылық өрісінің дамуын, сол арқылы ел экономикасының дамуына қолайлы жағдай жасайды. Зияткерлік меншік құқығын қорғау мәселесі тек қана өзінің шығармашылық қызметінде обьектілермен ие болып жатқан азаматтарды алаңдатпайды, олармен бірге қызметі авторлардың және өнертапқыштардың құқықтарын қорғауына бағытталған мемлекеттік органдары да зияткерлік меншікті шеттетпейді, өйткені осы бағытқа арналған мемлекеттік органдардың жұмысы жалпы Республиканың халықаралық шарттарына қосылуына және халықаралық ұйымдарға, ассоциацияларға және зияткерлік меншікті қорғау одақтарына кіруіне қажет. Зияткерлік меншіктің қорғанысы әлемде елдің ахуалын анықтайтын маңызды факторларының бірі болып табылады. Әрбір кәсіпкер, өз жұмысында зияткерлік меншік обьектілерін қолданып, пайда — табыс табу мақсатында лицензиясыз өнімдерді пайдалану немесе меншік иесінің рұқсатынсыз жұмыс жасау заң алдында жауапкершілікке тартылатындығын білуі қажет. Жалпы, әлем елдерінде зияткерлік меншікті қорғау мәселесін жетік қадағаланады.
Өйткені, бұл елдерде азаматтардың ойы, идеясы табыс көзі ретінде жоғары бағаланады. Оны ұрлауға, рұқсатсыз пайдалануға жол берілмейді. Содан болар, шетелдерде кітабын жазып, жаңалығын ашып, шығармасын ұсынған жандар қаржыдан да таршылық көрмейді, сый-құрметтен де кенде қалмайды. Ал, біздің елімізде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзгенің идеясын ұрлау, жаңалығын көшіру деректерінің көп кездескені белгілі. Сондықтан, ғылым, әдебиет және өнер туындыларын коммерциялық негізде пайдаланатын тұлғалардың құқықтық сана деңгейін көтеру басты мақсаттардың бірі ретінде қала береді. Жалпы, пәрменді заңның қабылданып, арнайы құрылымдардың жұмыс істеуі зияткерлік меншікті қорғау тетіктерін нығайтып, көшірменің санын азайтқанын айта кеткен жөн.
Шымкент қаласы Әділет департаменті
Зияткерлік меншік құқығы бөлімінің жетекші маманы
Шері Мейрамкүл Ақәділқызы.