Түркістан өңірінің туристік-сауықтыру әлеуетін арттыру, шетелдік капиталды тарту және аудан экономикасын әртүрлі бағытта дамыту – жергілікті атқарушы органдардың басты басымдықтарының бірі. Осы орайда Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Қытай Халық Республикасынан келген ірі инвесторлар өкілдігімен арнайы кездесіп, өңірдегі инвестициялық мүмкіндіктерді жан-жақты талқылады. Ауқымды келіссөздер екі ел арасындағы экономикалық, іскерлік және инвестициялық байланыстарды нығайту аясында жүзеге асырылды.
Кездесу барысында қытайлық инвесторлар Темірлан ауылында орналасқан «Мөлдір су» шипажайының иесімен арнайы жүздесіп, аталған аумақта заманауи демалыс және сауықтыру кешенін дамыту мәселелері бойынша тікелей келіссөздер жүргізді.
Шипажайдың емдік-сауықтыру базасын заманауи медициналық және спа-технологиялармен жабдықтау мен халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа қонақүй корпустарын, демалыс аймақтарын және сауықтыру орталықтарын салу. Сондай-ақ Ордабасы ауданының емдік-минералды су ресурстарын тиімді пайдаланып, өңірге келуші отандық және шетелдік туристер ағынын арттыру.
Кездесуде сөз алған аудан әкімі Азат Оралбаев инвесторларға ауданның географиялық оңтайлы орналасуы мен инвестициялық жеңілдіктерін таныстырды. Аудан басшысы алдағы уақытта бұл келіссөздерді нақты жобаларға айналдырып, өзара тиімді әріптестік орнатудың жоғары маңызын атап өтті.
Келіссөздер нәтижесінде Тараптар Ордабасы ауданында демалыс және сауықтыру саласын дамытуға бағытталған масштабты инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін құптап, алдағы уақытта тиісті зерделеу және жобалау жұмыстарын бірлесіп жүргізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.
Ордабасы ауданында қытайлық инвесторлардың қолдауымен жүзеге асатын бұл жоба іске қосылса, жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірдің сауықтыру туризмі жаңа деңгейге көтерілетін болады.

