Ауыл шаруашылығын қолдау, агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау мен жеңілдетілген микрокредиттеу – өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең басты тетігі.
Осы бағытта «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы» ЖШС тарапынан Түркістан облысындағы шағын және орта бизнесті дамытуға, жергілікті шаруалардың өндірістік потенциалын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жемісін беруде. Осындай мемлекеттік әрі өңірлік қаржылай қолдаудың игілігін көріп отырған азаматтардың бірі – Ордабасы ауданы Төрткүл ауылының тұрғыны, «Сәкен» шаруа қожалығының төрағасы Хасен Әділбеков. Инвестициялық орталықтың жеңілдетілген қаржыландыруының арқасында шаруашылық көктемгі дала және егіс жұмыстарын уақытылы аяқтап, сапалы өнім жинау кезеңіне аяқ басты.
Шаруа қожалығының биылғы көрсеткіштері жайында тарқатсақ, 18 гектар жерге жүгері дақылы егіліп, қазіргі таңда жиын-терім жұмыстары басталуда. Алынған өнімді дәнге айналдырып, қайта өңдеуге және нарыққа өткізуге дайындау жоспарлануда. Сондай-ақ 2 гектар аумаққа егілген пияз дақылынан маусым қорытындысы бойынша 80 тонна мол өнім жинап алынды. Жеңілдетілген кредит қаражаты тұқым, тыңайтқыш және жанар-жағармай шығындарын уақытылы өтеуге мүмкіндік берді.
Кәсіпкердің айтуынша, бұл қолдау шаруашылықтың тұрақты жұмыс істеуіне, алынған өнімнен түскен табысты қайтадан өндірісті ұлғайтуға бағыттауға кең жол ашады. Ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған осындай сәтті кәсіпкерлік жобаларға демеу болу – жергілікті өнім көлемін арттырып қана қоймай, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға және Ордабасы ауданының экономикалық әлеуетін нығайтуға зор үлес қосады.
«Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы» ЖШС мен Ордабасы ауданы әкімдігі тарапынан ауылдық жерлердегі шаруа қожалықтарын қолдау мен қаржылай сүйемелдеу бағдарламалары алдағы уақытта да белсенді түрде жалғасады.

