Қазіргі ақпараттық қоғамда әлеуметтік желілер кез келген азаматтың өз пікірін білдіретін, қоғамдық бақылау жүргізетін маңызды алаңына айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бағдарламалық сөздерінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында кез келген орынды сынның мемлекеттік басқаруды оңтайландыруға, кемшіліктерді түзетуге көмектесетінін үнемі баса айтады. Алайда, ашықтық пен сөз бостандығы бар жерде әділдік пен шынайылық та қатар жүруі тиіс. Соңғы уақытта әлеуметтік желілердің кейбір парақшаларында Шардара ауданының тыныс-тіршілігіне, атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты біражақты сыни пікірлер мен жағымсыз ақпараттардың жиі жариялануы байқалады.
Әрине, кез келген өңірде шешімін күткен өзекті мәселелердің болуы – табиғи заңдылық. Бірақ біреудің пікірімен ғана шектеліп, ауданда атқарылып жатқан орасан зор игі істерді, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жобаларды жоққа шығару немесе көрмеу – азаматтық пен әділдік таразысына сыймайды. Жақсыны көре білу, жақсылыққа сүйсініп, оны ашық айта білу де – елдіктің, парасаттылықтың белгісі.
Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев бұл қызметке келген соңғы үш жылдың ішінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық, инфрақұрылымдық дамуында елеулі бетбұрыстар орын алды. Жылдар бойы қордаланып, халықтың арманына айналған түйткілді мәселелердің шешімін табуы – жүйелі басқару мен халыққа деген шынайы жанашырлықтың нақты айғағы.
Атап айтқанда, Шардара өңіріндегі ең басты және стратегиялық маңызы бар жетістіктердің бірі – сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінің оң шешілуі. Көптеген жылдар бойы Шардара қаласы мен төңіректегі ауылдар үшін сапалы жер асты суына қол жеткізу – бірінші кезектегі арман мен сұраныс болатын.
Жасыратыны жоқ, Арман Қарсыбаевтың тікелей бақылауымен және жедел ұйымдастыруымен көптен күткен Тама–Тастанбек жер асты су құбыры жобасы толықтай іске асырылды. Бұл нысанның маңыздылығын мынадай нақты деректермен дәлелдеуге болады. Бүгінгі таңда бұл жобаның игілігін Шардара қаласының тұрғындарымен бірге ауданға қарасты 22 елді мекеннің азаматтары көріп отыр. Бұған дейін су тапшылығын немесе сапасыз судың зардабын тартқан елді мекендер ендігі жерде барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келетін тұнық жер асты суын пайдалануда. Таза ауыз су – ең алдымен, келешек ұрпақтың, тұрғындардың денсаулығын жақсартудың және инфекциялық аурулардың алдын алудың басты кепілі.
Жақында ғана пайдалануға берілуге дайындалған «Тама» ауыз суы нысанында жүргізілген абаттандыру, автоматикалық суару жүйелерін енгізу және заманауи сәулеттік сипат беру де бұл саладағы жұмыстардың жоғары жауапкершілікпен атқарылып жатқанын көрсетеді.
Ауылдық аймақтардағы тұрмыс жайлылығының тағы бір басты көрсеткіші – газбен қамту және сапалы жол желілері. Соңғы үш жылда Шардара ауданында бұл бағыт бойынша да кешенді жоспарлар іске асты. Қала мен елді мекендерде көгілдір отын (табиғи газ) желілері тартылып, жүздеген, мыңдаған шаңырақ отын тасудан, күл шығарудан арылды. Тұрғын үйлерге газдың кіруі, үйлердің жылыту жүйесін жеңілдетті. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық шығындарын азайтты және өңірдің экологиялық жағдайын сақтауға оң ықпалын тигізді.
Инфрақұрылымды дамытуда жолдың атқаратын рөлі орасан. Көп жылдар бойы жөндеу көрмей, жолаушылар мен жүк тасымалына қиындық тудырып келген Жаушықұм–Қалғансыр бағытындағы 8 шақырымдық жаңа автожол сапалы түрде салынып, ел игілігіне берілді. Бұл жол ауылдар арасындағы қатынасты жеңілдетіп қана қоймай, жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлер өнімдерін тасымалдауға үлкен мүмкіндік ашты.
Кез келген өңірге келген қонақ ең алдымен оның кіреберісіне, көшелерінің тазалығы мен саябақтарының көркіне баға береді. Арман Қарсыбаевтың басшылығымен Шардара қаласының және ауылдардың эстетикалық келбетін жаңарту бойынша елеулі қадамдар жасалды. Аудан орталығына кіретін басты автожолдар мен кіреберіс қақпалар, заманауи сәулеттік элементтер жаңартылып, түнгі жарықшамдармен және көркем билбордтармен көмкерілді.
Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында қала ішінде, саябақтар мен гүлзарларда мыңдаған түп көшеттер отырғызылып, автоматтандырылған суару жүйелері іске қосылды. Нәтижесінде, қала мен ауыл көшелерінің санитарлық жағдайын реттеу, тазалықты сақтау және бұқаралық демалыс орындарын көбейту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Әрине, бұл өзгерістер Шардараға ерекше сән беріп, тұрғындардың өз қаласына деген сүйіспеншілігін арттыра түсті.
Жақсы әкімнің басты қасиеті – халықтың әлеуметтік жағдайы төмен өкілдеріне, көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға шынайы қамқорлық көрсете білуінде. Мекеме бюджетінен тыс, кәсіпкерлер мен демеушілерді ел игілігіне жұмылдыра білу – басқарушылық шеберліктің белгісі. Сондықтан да болар, соңғы үш жылда ауданда демеушілердің белсене қатысуымен бұрын-соңды болмаған қайырымдылық жобалары жүзеге асырылды.
Мәселен, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға, соның ішінде жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға жеке демеушілерді тарту арқылы жаңа баспаналардың кілті тапсырылды. Талай отбасының арманы орындалып, шаңырақтары шаттыққа бөленді. Нақты азаматтардың басынан өткен сүйінші оқиғалар да бұған дәлел. Билік пен демеушілер тарапынан бірнеше мәрте материалдық, моральдық және әлеуметтік қолдау көріп, қиындықтан шыққан тұрғындардың шынайы алғысы кез келген сыни пікірден әлдеқайда салмақты. Жүйелі түрде аз қамтылған отбасыларға азық-түлік, мектеп формалары, тұрмыстық қажеттіліктер түріндегі көмектер ұйымдастырылып, қоғамда мейірімділік пен жанашырлық мәдениеті қалыптасты.
Аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың соңғы 3 жылдағы қызметі аясында жүзеге асқан негізгі бағыттар мен олардың қоғамға тигізген пайдасын атап өтер болсақ, Тама–Тастанбек жер асты су құбыры жобасы және «Тама» ауыз су нысаны іске қосылды. Нәтижесінде Шардара қаласы мен 22 елді мекен тұрақты әрі сапалы таза сумен толықтай қамтамасыз етілді. Шардара қаласы мен жанындағы ауылдарға табиғи газ желілері тартылды. Осының арқасында тұрмыс жағдайы жақсарып, отын тасу қиындығы жойылды, өңір экологиясы сақталды. Жаушықұм–Қалғансыр бағытындағы 8 шақырымдық жаңа жол бой көтерді. Бұл екі арадағы қатынасты жеңілдетіп, тауар айналымы мен көлік қауіпсіздігін еселеп арттырды.
Сондай-ақ, кіреберістер жаңартылып, гүлзарлар мен саябақтарда заманауи автоматты суару жүйелері енгізілді. Бұл қала мен ауылдардың сәулеттік келбетін жаңартып, тұрғындарға жайлы орта қалыптастырды. Ал, демеушілер есебінен баспана беру және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету жүйеленді. Жалғызбасты аналар мен мұқтаж жандар үйлі болып, қоғамда әлеуметтік әділеттілік пен жанашырлық орнады.
Әлеуметтік желіде пікір жазу, сын айту – оңай іс. Оңай істі олжа еткендер өңірге келіп, Шардараның келіскен келбеті мен қарқынды қадамын көрсе, әсте жалаң сыннан гөрі, қызығушылықтарының артары сөзсіз. Әрине, өңірде әлі де болса инфрақұрылымды толық жаңарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті одан әрі өркендету сияқты шешімін күтіп тұрған мәселелер бар. Мұны аудан басшылығы да жоққа шығармайды және күнделікті жоспарлы жұмыстар арқылы кезең-кезеңімен шешіп келеді. Бірақ «Ауруын жасырған өледі» демекші, кемшілікті айтқанда атқарылған орасан зор оң өзгерістерді көре білу – кез келген саналы азаматтың борышы. Егер 22 елді мекенге таза су барса, бұл – нақты факт. Егер газ тартылып, жаңа жол салынса, бұл – көзге көрінетін шындық. Егер мұқтаж отбасыларға баспана беріліп, демеушілік көмек жасалса, бұл – жүрекпен сезінетін ізгілік.
Аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаевтың соңғы үш жылдағы қажырлы еңбегі, халықпен тығыз байланыста болуы және өңірді көркейту жолындағы жүйелі қадамдары әділ бағасын алуы тиіс. Ендеше, Шардараның өсіп-өркендеуі, оның гүлденуі – тек әкімдіктің емес, бүкіл шардаралықтардың, осы өңірдің әрбір тұрғынының ортақ мақсаты. Құрғақ сын айтып, кері тартқанша, басталған игі бастамаларға қолдау білдіріп, ел бірлігін сақтау – болашағымызды жарқын ететін басты күш екенін білгеніміз абзал.

