Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық реформалардың басты векторларының бірі – азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыру, халықты жұмыспен қамту және өз кәсібін ашуға ниетті жандарға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалар – бұл жай ғана қаржылық көмек емес, бұл азаматтарға өз тағдырына өзі жауапкершілікпен қарауға, жеке кәсібін дөңгелетіп, отбасылық бюджетін тұрақтандыруға берілген алтын мүмкіндік. 2026 жылғы 24 маусым мен 8 шілде аралығында өтіп жатқан жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз гранттар конкурсы – осы ауқымды жұмыстардың маңызды кезеңі.
Кәсіпкерлік – мемлекет экономикасының драйвері ғана емес, әрбір отбасының тұрақты табыс көзіне айналатын маңызды сала. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы ауылдық аймақтардағы әлеуметтік мәселелерді шешуде, жаңа жұмыс орындарын ашуда және жергілікті өнім көлемін арттыруда шешуші рөл атқарады. Мемлекет тарапынан ұсынылып отырған бұл қайтарымсыз гранттар – шағын кәсіпкерлікті дамытуға, тұрғындардың кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруға және өңірлік экономикаға серпін беруге бағытталған мемлекеттік саясаттың жарқын көрінісі.
Мемлекеттік қолдау – нақты әлеуметтік топтарға бағытталған. Бұл әлеуметтік әділеттілік қағидатына негізделген және ең мұқтаж, бірақ кәсіпкерлікке құштар азаматтарды қамтуды көздейді. Конкурсқа қатысу үшін өтініш беруші келесідей нақты санаттардың біріне жатуы тиіс. Мәселен, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылар, көп балалы отбасылар және олардың жұбайлары, асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылар, қоныс аударушылар мен қандастар, еңбек етуге қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар және мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдар және олардың жұбайлары.
Бұл санаттардың таңдалуы кездейсоқ емес. Мемлекет мұндай отбасылардың қаржылық тәуелсіздігіне қол жеткізуі үшін олардың іскерлік әлеуетін ашуға барынша жағдай жасауда. Сондай-ақ, үміткердің ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелгені немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелген мерзімі 1 жылдан аспаған болуы тиіс. Бұл талап жаңадан бастап жатқан, нағыз қолдауды қажет ететін кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған.
Грантқа үміткерлер үшін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификат алу – міндетті шарт. Бұл сертификат – сіздің кәсіпкерлік әлеміндегі алғашқы дипломыңыз. Жоба барысында үміткерлер салық салу жүйесін, бизнес-жоспар құруды, маркетингтің қыр-сырын және заңнамалық негіздерді меңгереді. 3 жыл ішінде алынған сертификаттар жарамды болып табылады. Кәсіпкерлікке білімсіз бару – қауіпті, сондықтан бұл талап азаматтарды болашақ тәуекелдерден сақтандыру мақсатында қойылған.
Грант көлемі – 400 АЕК (1 730 000 теңге). Бұл қаражатты кез келген мақсатқа жұмсай алмайсыз. Грант иегері өз бизнес-жоспарында көрсетілген арнайы бағыттар бойынша ғана қаржылық операциялар жүргізеді. Әрине, бизнес-процестерді жеделдету үшін қажетті құрал-жабдықтар, яғни тігін машинкалары, дәнекерлеу аппараттары, кондитерлік пештер, компьютерлік техника және тағы басқадай. Сондай-ақ, мал шаруашылығын дамытуға қажетті төлдер, құс бастары, көшеттер мен тұқымдар. Ал, бизнесті жүргізуге қажетті үй-жайлар мен оның ішінде қамтылуға тиіс — цех, дүкен, шеберхана жалға алу ақысын төлеуімен болуы міндетті.
Маңыздысы, қаражат тек қолма-қол ақшасыз нысанда игеріледі. Бұл – қаржылық ашықтықтың, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің және қаражаттың мақсатты пайдаланылуының басты кепілі екенін ескергеніңіз жөн.
Жалпы, грант – бұл сыйлық емес, бұл мемлекеттік инвестиция. Сондықтан жоба іске асырылғаннан кейін 24 ай бойы мониторинг жүргізіледі. Бұл кезеңде кәсіпкер жұмыс орындарын құрып, кемінде 1 тұрақты жұмыс орнын ашып, оны 18 ай ішінде сақтауы тиіс. Бұл – гранттың әлеуметтік нәтижесі. Әр 3 ай сайын business.enbek.kz порталы арқылы есеп беру. Бұл процесс толығымен цифрландырылған. Егер қаржы басқа мақсатқа жұмсалса, кәсіпкер грант қаражатын толықтай қайтаруға мәжбүр болады. Сондықтан бизнес-жоспардың нақтылығы мен адалдығы – басты шарт.
Аудан тұрғындары үшін бұл грант – өз өңірінде қалып, өз еңбегімен табыс табудың ең оңтайлы жолы. Ауылдық жерлерде мал шаруашылығымен айналысу, тігін шеберханасын ашу, наубайхана немесе көрсетілетін қызмет түрлерін дамыту – бұл тек табыс көзі ғана емес, өз өңіріңіздің экономикасына қосқан үлесіңіз. Бүгінгі таңда ауылда бизнес жүргізу оңай емес, алайда мемлекеттік демеу болғанда барлық қиындықтарды еңсеруге болады.
Осы ретте, өтінім берудің техникалық алгоритмін білгеніңіз абзал. Алдымен порталға тіркелу: Business.enbek.kz сайтына ЭЦҚ (электронды сандық қолтаңба) арқылы кіріңіз. Профильді толтыру барысында, барлық жеке деректердің, әлеуметтік мәртебенің дұрыстығын тексеріңіз. Ал, бизнес-жоспарды жүктеу арқылы нақты әрі сауатты дайындалған жоба – жеңіске жетелейтін бірден-бір фактор болып табылады. Ең соңғы өтінімді жіберу кезеңінде барлық құжаттарды жүктеген соң, өтінімді растап жіберіңіз. Мұнан кейін комиссия әрбір өтінімді жеке-жеке талдайды. Сондықтан, бизнес-жоспарыңыздың мазмұнына аса мән беріңіз. Әрбір нақты цифр, әрбір нақты жоспарланған қадам сіздің грант ұтып алу мүмкіндігіңізді арттырады.
Осы ретте Мақтаарал ауданының тұрғындарының назарына ұсынарымыз, кәсіпкерлік – бұл үлкен тәуекел, бірақ сонымен бірге – шексіз мүмкіндік екенін білгеніңіз абзао. Сондықтан да мемлекет тарапынан жасалып жатқан мұндай қолдаулар кез келген азаматқа кәсіпкерлік шыңына жетуге жол ашады. 2026 жылдың 8 шілдесі – өтінім қабылдаудың соңғы күні. Уақытты созбай, өз мүмкіндіктеріңізді пайдаланып, бизнеске алғашқы қадамдарыңызды жасаңыздар.
Есіңізде болсын, әрбір табысты кәсіпкер – бұл аудан экономикасының бір кірпіші. Сіздердің кәсіптеріңіз дөңгелеп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатынына сенеміз. Табысты кәсіп – бақытты отбасы мен жарқын болашақтың кепілі. Грант ұтып алып, бизнесіңізді бастауға сәттілік тілеп, Сіздердің әрбір бастамаларыңыз қолдауға лайықты деген сенімдеміз.

