«Ұлттың болашағы – есірткісіз қоғамда!» демекші ХХІ ғасырдың ең қауіпті індеттерінің бірі, адамзат баласының ертеңіне балта шауып, талай боздақтың өмірін құрдымға кетіріп жатқан жаһандық қатер – нашақорлық. Бұл дерт тек бір адамның тән зардабы емес, тұтас отбасының қасіреті, қоғамның қауіпсіздігіне төнген үлкен қауіп. Осы орайда, бүкіл әлем жұртшылығы жұдырықтай жұмылып, бұл кеселмен күрестің жаңа деңгейіне көшуде.
Маусым айының 26-шы жұлдызында, яғни Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай, Төлеби ауданында ауқымды және маңызды шаралардың бірі жүзеге асты. Аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен және белсенді ерікті жастардың қатысуымен «Төлеби жастары нашақорлыққа қарсы» атты кең көлемді акция өтті. Саналы ұрпақ тәрбиелеу мен қоғамның қырағылығын арттыруды көздеген бұл шараның мән-жайы, мақсаты мен қоғам үшін маңыздылығы жайында кеңінен баяндау артық етпес.
Кез келген дерттің салдарымен күрескеннен қарағанда, оның алдын алған әлдеқайда тиімді. Нашақорлық мәселесінде де бұл ереже негізгі орында тұр. Төлеби ауданында ұйымдастырылған бұл акцияның басты мақсаты – жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, жас буынның құқықтық сауаттылығын арттырып, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылады.
Акция барысында «Жастар ресурстық орталығының» білікті мамандары мен еріктілер арнайы топтарға бөлініп, аудан орталығындағы және халық көп шоғырланған орындарда жастармен тікелей сұхбат жүргізді. Олар құрғақ лекция немесе тыйымдар түрінде емес, заманауи форматта, жастардың тілінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Шара аясында өскелең ұрпақтың назарын аударып, есте сақтауын арттыру мақсатында арнайы дайындалған ақпараттық түсіндірме парақшалары, брошюралар және акцияның символы ретінде арнайы бас киімдер таратылды. Бұл үлестірмелі материалдарда есірткінің ағзаға тигізер медициналық зардаптары ғана емес, оның заңдық жауапкершілігі де тайға таңба басқандай анық жазылған. Еріктілер дабылының ерекшілігі, жастарды сақ болуға шақырады. Сондықтан да бұл акцияның ерекшелігі – оған ерікті жастардың өте белсенді қатысуында болды. Себебі, замандастардың бір-біріне айтқан сөзі, көрсеткен үлгісі кез келген ересек адамның ақылынан көріп жастар санасына тезірек жетеді. Ерікті жастар өз ойларын ашық ортаға салып, құрдастарын бұл дерттен сақ болуға, «жеңіл бақыт пен оңай ақшаның» артында тұрған үлкен тұңғиықты көре білуге шақырды.
Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда жастардың есірткі құрығына түсуінің бірнеше негізгі себептері бар. Мысалы, жасанды қызығушылық пен еліктеушілік, яғни «Бір рет көрейін, ештеңе етпес» деген аңғал ой – тәуелділікке апаратын алғашқы қадам. Синтетикалық есірткілер алғашқы қолданғаннан-ақ адам еркін толықтай жаулап алады. Мұнан бөлек, ғаламтор мен әлеуметтік желілердің теріс ықпалы. Қазіргі таңда есірткі саудасы виртуалды әлемге, жасырын Telegram чаттар мен сайттарға көшкен. Бұл жастардың зиянды заттарға оңай қол жеткізуіне және «курьер» (кладмен) ретінде заңсыз жұмысқа тартылуына әсер етуде. Сондай-ақ, психологиялық қысым мен жалғыздық пен отбасындағы түсініспеушілік, оқудағы қиындықтар немесе қоршаған ортаның қысымы жастарды есірткіден «жұбаныш» іздеуге мәжбүрлейді.
Төлебилік еріктілер осы мәселелерді қозғай отырып, қиындықтан шығудың жолы есірткі емес, спорт, өнер, білім және қоғамға пайдалы іспен айналысу екенін өз істерімен дәлелдеп көрсетті. Өйткені, қазіргі қоғам алдында тұрған ең үлкен қауіпті синтетикалық есірткі түрлері — тұздар, «мефтер», спайстар. Бұрынғы дәстүрлі есірткілермен салыстырғанда, бұл заттардың қауіптілігі жүз есе жоғары. Себебі, бұл табиғи өнім емес, зертханаларда жасалатын таза химиялық у десе де болады.
Химиялық элементтер адамның орталық жүйке жүйесі мен ми жасушаларын бірден жоя бастайды. Синтетиканы тұтынған жастың психологиясы санаулы айлардың ішінде қайта қалпына келмейтіндей болып бұзылады. Адам агрессивті, қорқыныш пен үрей құшағында өмір сүреді, галлюцинация көреді. Мұның соңы көбіне ауыр психикалық ауруларға, жүректің тоқтауына немесе суицидтік жағдайларға алып келеді. Ең сорақысы, бұл заттарды сатушылар оны «зиянсыз, көңіл-күйді көтеретін жеңіл нәрсе» ретінде жарнамалап, жастарды алдайды. Акция барысында мамандар дәл осы мәселені шегелеп айтып, химиялық удың ешқандай «жеңіл» түрі болмайтынын, кез келген доза өліммен тең екенін ескертті.
Нашақорлық тек денсаулықтың күйреуі ғана емес, ол – адам тағдырының темір тордың артында сынуы. Қазіргі таңда интернет арқылы «аптасына жүздеген мың теңге табуды» уәде ететін есірткі бизнесінің өкілдері жасөспірімдерді есірткі жасырушы (курьер) ретінде пайдалануды әдетке айналдырған. Жастар мұның артында қандай ауыр қылмыстық жауапкершілік тұрғанын жете түсіне бермейді.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес, есірткі заттарын заңсыз дайындау, өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау немесе өткізу (сату) өте ауыр қылмыстар қатарына жатады. Бұл қылмыстар үшін 7 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына түрмеге жабылу жазасы қарастырылған. Заң алдында «мен білмедім», «маған тек сәлемдеме жеткізуді тапсырды» деген сылтаулар жүрмейді. Бір сәттік аңғалдық пен оңай ақшаға қызығушылық жастың бүкіл өмірін, арманын, ата-анасының үмітін тас-талқан етеді.
Төлеби аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткен бұл шара тек Халықаралық күнмен шектеліп қалмауы тиіс. Нашақорлықпен күрес – бұл тұрақтылықты, жүйелілікті және қоғамның әрбір мүшесінің белсенділігін талап ететін процесс. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтудің бірнеше маңызды қадамдары бар. Әрине, отбасылық бақылау мен сенімнің рөлі орасан. Ата-ана баласымен тығыз қарым-қатынаста болуы керек. Баланың кіммен араласатынын, бос уақытында немен айналысатынын, әлеуметтік желілерде қандай топтарға тіркелгенін қадағалау – ата-аналық парыз. Бала мінезіндегі кез келген оғаш өзгеріс, демек тұйықталу, көз қарашығының өзгеруі, ақшаны көп сұрау басталса, бұл дабыл белгісі болуы тиіс.
Осы ретте бұқаралық спортты қолдау мен жастардың энергиясын дұрыс арнаға бағыттау қажет. Аудан көлемінде тегін спорттық үйірмелерді, шығармашылық орталықтарды көбейту – жастарды жат қылықтардан сақтаудың ең төте жолы. Спортпен шұғылданған жастың санасы да сау болады.
Қоғамдық қырағылық танытып, азаматтық ұстаныммен көшелердегі, үйлердің қабырғаларындағы күдікті интернет-сайттардың сілтемелерін (граффити-жазуларды) көргенде бейжай қарамау керек. Оларды бірлесіп жою, құқық қорғау органдарына хабарлау – әрбір тұрғынның міндеті.
Жалпы, «Төлеби жастары нашақорлыққа қарсы» атты акция аудан жастарының санасына үлкен қозғау салды. Таратылған әрбір парақша, айтылған әрбір ғибратты сөз – бір жастың өмірін қауіптен арашалап қалуға септігін тигізері сөзсіз. Мұнан бөлек, салауатты өмірді қалыптастыру мақсатында Төлебилік жастар түрлі спорттық үйірмелерге қатысып, түрлі шаралардың басы-қасында жүретіні, біз үшін де, еліміз үшін де мақтаныш. Сонымен, есірткіге қарсы күрес – бұл тек полицияның немесе дәрігерлердің ғана ісі емес, бұл – баршамыздың ортақ міндетіміз екенін әрбіріміз жадымызда сақтап, өз болашағымызды, өз ұрпағымызды қорғау үшін жұдырықтай жұмылуымыз керек. Төлеби ауданының жастары өздерінің белсенділігімен, салауатты өмір салтын таңдауымен бұл күресте алдыңғы шепте екенін алдағы уақытта да көрсете берулеріне тілеулеспіз.

