Балалар демалысы — мемлекеттік маңызды міндет екені шындық. Өйткені, балалық шақ — адам өмірінің ең жарқын, ең ұмытылмас және алтын кезеңі. Ал жазғы демалыс — мектеп оқушылары үшін ұзақ оқу жылынан кейін күш жинап, денсаулығын нығайтатын, жаңа достар тауып, дүниетанымын кеңейтетін ерекше уақыт. Сондықтан да өскелең ұрпақтың жазғы сауықтыру демалысын жоғары деңгейде, мазмұнды әрі қауіпсіз ұйымдастыру — мемлекетіміздің балалар саясатының басты бағыттарының бірі.
Қазіргі таңда балалардың тек үйде отырмай, табиғат аясында зияткерлік, спорттық және рухани тұрғыдан дамуына жағдай жасау мақсатында көптеген заманауи жобалар қолға алынуда. Осындай сәтті бастамалардың бірі ретінде Түркістан облысының ең көрікті аймақтарының бірі — Төлеби ауданындағы Біркөлік шатқалында орналасқан «Тау Барысы» жазғы сауықтыру лагерін атап өтуге болады. Биылғы жазғы маусымда бұл лагерь қасиетті Қазығұрт ауданынан барған мектеп оқушылары үшін нағыз қызық пен қуанышқа толы мекенге айналды.
Қазығұрт ауданының білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарының оқушылары арасынан ерекше көзге түскен, оқуда, спортта немесе шығармашылықта белсенділік танытқан 5-10 сынып оқушылары арасынан 10 бала арнайы жолдамамен «Тау Барысы» жазғы сауықтыру лагеріне жіберілді. Балалардың бұл сапары 28 маусым мен 7 шілде аралығын қамтыды. Он күнге созылған бұл демалыс қазығұрттық жеткіншектер үшін жай ғана қыдыру емес, өзіндік өмірлік мектеп, жаңа дағдыларды меңгеру және басқа аудандардан келген құрдастарымен тәжірибе алмасу алаңына айналды. Таудың таза ауасы, сылдырап аққан бұлақ суы мен асқар таулардың көрінісі балалардың оқу жылындағы шаршауын басып, жаңа серпін сыйлады.
«Тау Барысы» лагерінің инфрақұрылымы мен инновациялық модульді нысандары жайында тарқатып айтсақ, «Тау Барысы» жазғы сауықтыру лагері — заманауи талаптардың барлығына толық жауап беретін, балалардың демалысына қажетті озық инфрақұрылыммен жабдықталған бірегей кешен. Лагерь аумағында балалардың уақытного тиімді әрі қызықты өткізуі үшін келесі нысандар қызмет көрсетеді. Мәселен, кең әрі заманауи асхана — балалардың жас ерекшеліктеріне сай, дәрумендерге бай, жоғары калориялы және ең бастысы — экологиялық таза өнімдерден дайындалған 5 мезгіл тағам ұсынылады. Ал, акт залы — мұнда балалардың шығармашылық әлеуетін ашатын түрлі мәдени шаралар, кино көрсетілімдері, сахналық қойылымдар мен зияткерлік сайыстар өткізіледі. Сонымен қатар, спорт залы және ашық спорт алаңдары — футбол, волейбол, баскетбол және үстел теннисімен айналысуға арналған барлық қажетті спорттық құрал-жабдықтармен қамтылған. Жазғы концерт алаңшасы болса, таза ауада, жұлдызды аспан астында өтетін лагерьдің ашылу және жабылу салтанаттары, би кештері мен гала-концерттердің негізгі орны.
Инновациялық модульді корпустар мен жаңа деңгейдегі жайлылық, лагерьдің ең басты ерекшелігі мен мақтанышы — оның сәулеттік және технологиялық жаңашылдығында. Мұнда заманауи үлгідегі 9 модульді нысан қолданысқа тапсырылды. Бұл бірегей модульді корпустар 2025 жылы бой көтерген болатын.
Модульді лагерь жобасы отандық демалыс орындарын халықаралық стандарттарға жақындатудың айқын дәлелі. Бұл корпустар тау бөктерлерінде, қоршаған ортаның табиғи ландшафтына еш зиян келтірмей, өте үйлесімді орналасқан. Олар заманауи сәулет өнерінің озық үлгісімен салынған, іші кең, жарық және ең бастысы — қатаң санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына толықтай сай келеді. Бұл лагерь бір ауысымда 180-нен астам баланы қабылдауға қауқарлы және жаз бойы үзіліссіз жұмыс істейді. Алдағы уақыттағы ауысымдарда да облыстың түкпір-түкпірінен келетін жүздеген оқушылар осы заманауи корпустарда демалатын болады. Балалар демалысындағы ең маңызды мәселе — олардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі. Себебі, қауіпсіздік пен қамқорлық — басты назарда болғандықтан «Тау Барысы» лагерінде бұл мәселеге өте үлкен жауапкершілікпен қараған. Кәсіби бақылау жүйесіне тоқталсақ, лагерьдегі әрбір 20 орынға бір жауапты білікті жетекші, тәрбиеші немесе вожатый қарастырылған. Бұл дегеніміз — балалар тәуліктің 24 сағаты бойы кәсіби мамандардың жіті бақылауында болады. Жетекшілер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға, психологиялық жайлы ахуал қалыптастыруға көмектеседі.
Лагерь аумағы толықтай бейнебақылау камераларымен жабдықталған, күзет қызметі жұмыс істейді және білікті дәрігерлер мен медбикелер кез келген уақытта алғашқы медициналық көмек көрсетуге дайын. Мұндай жағдай ата-аналардың да уайымдамай, балаларын лагерьге сеніп тапсыруына мүмкіндік береді. Көпбағытты даму бағытындағы «Тау Барысы» ұсынатын тәрбие мен білім беру бағдарламасы ерекшілігі, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын ұлттық ойындар мен түрлі спорттық шаралар, өскелең ұрпақтың өрісін кеңейтері сөзсіз.
«Тау Барысы» жазғы сауықтыру лагерінің тағы да бір ерекшелігі — мұнда балалар жай ғана уақыт өткізбейді, олар жан-жақты, кешенді бағдарламалар аясында тұлғалық тұрғыдан дамиды. Лагерьдегі оқушылардың дамуы келесі негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады. Дәлірек айтқанда, балалардың бойына ұлттық кодты сіңіру мақсатында салт-дәстүрлер дәріптеледі. Оқушылар тоғызқұмалақ, асық ату секілді ұлттық ойындарды ойнап, қазақ ертегілері мен аңыздары желісімен сахналық қойылымдар дайындайды.
Спорттық бағытта, салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін күнделікті таңғы жаттығулар ұйымдастырылады. Балалар футбол, волейбол турнирлеріне қатысып, «Көңілді мәре» эстафеталарында, үстел теннисі мен шахмат жарыстарында бақ сынайды. Экологиялық бағытта, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін арттыру үшін «Таза табиғат» акциялары өткізіледі. Табиғатты аялау туралы тағылымды дәрістер оқылып, өсімдіктер мен жануарлар әлемін қорғауға бағытталған эко-жобалар әзірленеді. Туристік бағытта, біркөлік шатқалының таулы соқпақтарымен жаяу серуендер ұйымдастырылады. Балалар топографиялық бағдарлауды, шатыр құруды және таулы жерде қауіпсіздік ережелерін сақтаудың қыр-сырын меңгереді. Ал, танымдық бағытта, оқушылардың ой-өрісін кеңейту мақсатында зияткерлік QUIZ ойындары, брейн-рингтер, сондай-ақ тарих пен география салалары бойынша қызықты викториналар өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, шығармашылық бағытта, балалардың өнерін ұштау үшін сурет салу, қолөнер, би және вокал үйірмелері қызмет етеді. Актерлік шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, демалушылар лагерь гимнін шығаруға атсалысады.
Сонымен қатар, лагерь бағдарламасы аясында оқушылар үшін түрлі мәдени-рухани іс-шаралар мен арнайы танымдық экспедициялар ұйымдастырылады. Тау бөктеріне жасалған экспедициялар барысында балалар өңірдің бай флорасы мен фаунасымен жақын танысып, табиғатты сүюді іс жүзінде үйренеді.
Ия, жазғы демалыстан алған әсер — Қазығұрттық балалар үшін өмірлік азық боларына күмәніміз жоқ. Төлеби ауданының Біркөлік шатқалындағы заманауи «Тау Барысы» лагерінде өткізген он күн Қазығұрт ауданынан келген 10 оқушы үшін ұмытылмас шаққа айналды. Балалар бұл жерден тек демалып қана қоймай, бойларына үлкен рухани азық, спорттық шынығу және қимас достар тауып қайтты.
Инновациялық модульді корпустары бар, қауіпсіздігі мен жайлылығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған «Тау Барысы» лагері — балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудың озық әрі үлгілі үлгісі. Осындай лагерьлерде демалған балалардың болашақта еліміздің белсенді, дені сау және білімді азаматтары болып өсетініне кәміл сенеміз.
Жазғы қызыққа толы мекенде балалардың күлкісі мен қуанышты дауысы ешқашан үзілмей, алдағы ауысымдарда демалатын барша оқушыларға сәттілік пен ұмытылмас сәттер серік болсын дегіміз келеді.

