Ана — әрбір шаңырақтың алтын діңгегі, жылулықтың көзі және ұлттың болашағын тәрбиелейтін қасиетті тұлға. Отбасылық құндылықтар берік, ал ананың қоғамдағы орны биік болған жерде ғана мемлекеттің іргесі мықты, болашағы жарқын болады. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, ана мен баланы қорғауға және қоғамда «Адал азамат» қағидаттарын орнықтыруға ерекше маңыз беріп келеді. Игі мақсатты арқау еткен, ауқымы жағынан да, мазмұны жағынан да ерекше мәдени-әлеуметтік шара Арыс қалалық «Отбасын қолдау орталығының» тікелей ұйымдастыруымен, отбасы құндылықтарын насихаттап, аналардың қоғамдағы мәртебесін көтеруге бағытталған «ANA FEST – 2026» фестивалі өте жоғары деңгейде, кең көлемде аталып өтті.
Аталған мәдени-рухани жоба қала тұрғындарының басын қосып, ұлттық дәстүр мен заманауи отбасылық психологияны ұштастырған бірегей платформаға айналды. Мерекенің салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған мәртебелі қонақтар ананың қоғамдағы рөлі мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы терең мағыналы баяндамалар жасады. Ең алдымен сөз алған Арыс қаласы әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов аналар қауымын мерекемен құттықтай отырып, қала көлемінде аналар мен балаларды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол өз сөзінде бақытты ана — бақытты отбасының, ал бақытты отбасы — мықты мемлекеттің негізі екенін баса айтты.
Келесі кезекте «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Ақылбай Құдайберген әлеуметтік көмектер мен инклюзивті қоғам қалыптастыру бағытындағы жобалардың маңызын атап өтті. Ал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдісаттар Жүніс ақсақалдық ақ батасын бере отырып, қазақ қоғамындағы ананың, әсіресе үлкен әжелер мен аналардың отбасы тәрбиесіндегі орнын, ұлттық дәстүрді сақтаудағы өлшеусіз еңбегін ерекше атап өтті.
Фестивальде «Бақытты ана – бақытты отбасы» тақырыбында мотивациялық кездесу болып, аналардың күнделікті күйбең тірліктен туындайтын психологиялық шаршауын басуға, олардың ішкі потенциалын оятуға бағытталды.
Кездесуге арнайы шақырылған спикер — Қазақстан Республикасы «Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің кәсіби медиаторы Жұлдыз Өтегенова қатысты. Білікті маман кездесу барысында аналардың эмоционалдық жағдайын реттеу, күйзеліске қарсы тұру, өзін-өзі дамыту және кәсіби тұрғыдан қалыптасу мәселелерін қозғады. Жұлдыз Өтегенова отбасындағы татулықты сақтаудағы, ерлі-зайыптылар мен балалар арасындағы дау-жанжалдарды медиация жолымен шешудің құқықтық және психологиялық тетіктерін түсіндірді. Ананың өзіне уақыт бөлуі, ішкі мотивациясын жоғалтпауы отбасының бақытты болуына тікелей әсер ететіні туралы пайдалы ойларымен бөлісіп, қатысушылардың сұрақтарына тұшымды жауап берді.
Сонымен қатар, көпбалалы аналар мен батыр аналарды Мемлекет пен қоғамның дамуына үлес қосып, артына саналы ұрпақ ертіп отырған, еліміздің демографиялық өсіміне тікелей еңбек сіңірген «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне, сондай-ақ қаланың қоғамдық өмірінде белсенділік танытып жүрген аналарға ерекше құрмет көрсетіліп, ұлықтау рәсімі болды. Қала басшылығы мен ұйымдастырушылар атынан батыр аналарға салтанатты түрде алғыс хаттар мен гүл шоқтары, бағалы естелік сыйлықтар табыс етілді. Мерекелік кеш сыйлаған қала өнерпаздары ана туралы әндер шырқап, мың бұралған бишілердің биі мен күмбірлеген күй орындаулары шараның сәнін келтіріп, көрермендерге жоғары рухани көңіл-күй сыйлады.
Фестиваль аясында аналардың біліктілігін арттыру, олардың арасындағы кәсіпкерлік пен қолөнерді дамыту мақсатында арнайы шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Бұл бағыт қатысушы аналардың үлкен қызығушылығын тудырды.
«Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген ұлы сөздің шындығы бүгінгі «ANA FEST – 2026» фестивалінде тағы бір мәрте дәлелденді. Арыс қалалық «Отбасын қолдау орталығының» ұйытқы болуымен өткен бұл шара — аймақта отбасы институтын қорғаудың, анаға деген мемлекеттік және қоғамдық қамқорлықтың ең озық әрі жарқын көрінісі болды.
Аналардың көзіндегі бақыт ұшқыны мен жүректеріндегі ризашылық — атқарылған ауқымды жұмыстың ең үлкен жемісі. Біз осындай фестивальдер арқылы ғана ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, өскелең ұрпаққа дұрыс бағдар бере аламыз. Әрбір шаңырақтың бақыты ананың күлкісінен басталатынын ескерсек, Арыс төріндегі бұл игі бастама тұтас республика көлемінде қолдауға тұрарлық озық тәжірибе. «Отбасын қолдау орталығының» халыққа қызмет ету бағытындағы жасампаз жобалары алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

