Мемлекеттің іргетасы — отбасы, ал отбасының ұйытқысы — ана. Қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен рухани саулықтың деңгейі тікелей әйелдердің әл-ауқатымен, олардың құқықтық қорғалуымен және психологиялық жай-күйімен өлшенеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бағдарламалық сөздерінде отбасы институтын нығайтуды, ана мен баланы қорғауды, қоғамда «Заң мен Тәртіп» үстемдігін орнықтыруды ұлттық қауіпсіздіктің негізгі кепілі ретінде атап көрсеткен болатын. Осы орайда, еліміздің жетекші саяси күші саналатын «AMANAT» партиясы қоғамның өзекті мәселелерін шешуде, әсіресе нәзік жандылардың мүддесін қорғауда алдыңғы шептен көрініп келеді. Түркістан облысының ең серпінді аймақтарының бірі — Арыс қаласында партияның «Бақытты отбасы» жобасы аясында өткізілген ауқымды психологиялық және құқықтық көмек көрсету акциясы осы игі мақсаттың жарқын көрінісі болды.
Партияның Арыс қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Отбасылық және топтық терапия негіздері» тақырыбында өткен бұл шара өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерге шынайы рухани демеу және заңдық тұрғыдан берік тірек сыйлады.
«AMANAT» партиясы отбасы мәселесіне тек әлеуметтік тұрғыдан ғана емес, қоғамның рухани және моральдық тірегі ретінде қарап келеді. Қазіргі таңда жаһандану уақытында отбасылық құндылықтардың трансформацияға ұшырауы, тұрмыстық түйткілдердің артуы мемлекет пен қоғамдық ұйымдардың бірлескен пәрменді әрекетін талап етеді. Осы ретте партияның «Бақытты отбасы» жобасы — құрғақ есептер мен жиналыстардан ада, тікелей халықпен, әрбір мұқтаж жанмен бетпе-бет жұмыс істейтін тиімді тетікке айналды.
Жоба аясында өзекті бағыттар бойынша нақты жұмыстар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, көпбалалы, жалғызбасты және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған аналарға мемлекеттік көмек алуға, кәсіп ашуға жәрдемдесу мен жастар арасында некенің қадірін арттыру, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты ұлттық тәрбие элементтерін жаңғырту және әйелдер мен балаларға жасалатын қысымдардың жолын кесу, заң аясында қорғау тетіктерін іске қосу. Соедай-ақ, әйелдердің өз құқықтарын білуі мен оны заңды түрде талап ете алу мәдениетін қалыптастыру, қыз-келіншектердің саяси, экономикалық және әлеуметтік бастамаларға араласу деңгейін арттыру.
Іс-шара барысында білікті психологтар мен құқық саласының мамандары қатысушылармен кездесіп, өзекті мәселелер бойынша жан-жақты кеңестер берді. Мәселен, ашық диалог алаңында әйелдер өздерін толғандырған, көптен бері іште жүрген күрделі сұрақтарын қойып, мамандардан заңды әрі ғылыми тұрғыдан негізделген нақты жауаптар алды. Мұндай формат қатысушылардың психологиялық кедергілерді еңсеріп, өздеріне деген сенімділігін қайта оятуға көмектесті. Кездесуге келген әрбір әйел өзінің бұл қоғамда жалғыз емес екенін, оның мұңын тыңдайтын және шешуге көмектесетін қуатты ұйымның бар екенін терең сезінді.
Қатысушылар психологиялық тұрақтылықтың отбасы берекесіндегі маңызын терең түсініп, өзара тәжірибе алмасты. Сонымен қатар, топтық терапия элементтері арқылы әйелдер бір-біріне рухани қолдау білдіріп, ортақ мәселелерді бірге талқылады. Мұндай ашық пікір алмасу алаңы қатысушылардың өз ойын еркін жеткізуіне, сенім қалыптастыруына және психологиялық тұрғыдан үлкен серпіліс алуына мүмкіндік берді. Тұйықтан шығып, өз тағдырлас құрбыларымен сырласу әйелдердің иығындағы ауыр жүкті жеңілдеткендей болды.
Әйелдердің саулығымен қатар, құқықтық тұрғыдан сауатты әрі қорғалған болуы — «AMANAT» партиясының басты ұстанымдарының бірі. Мемлекетімізде соңғы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнама барынша қатаңдатылды. Алайда, заңның күшін білмеу немесе оны қолданудан қорқу әлі де болса көптеген әйелдердің зардап шегуіне алып келуде. Осы ретте, әйелдердің заңмен қорғалатын құқықтары кеңінен түсіндірілді. Әсіресе, қысым көрген жағдайда қайда хабарласу керек, қорғау нұсқамасын қалай алуға болады және заң бұзушының жауапкершілігі қандай екені нақты алгоритмдермен көрсетілді. Ал, алимент өндіру тәртібі бойынша, баланың құқығын қорғау мақсатында сот орындаушыларымен жұмыс істеу, жауапкершіліктен қашқан тарапты заң аясында міндеттеу жолдары баяндалды.
Сонымен қатар, мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) және тұрғын үй кезегіне тұру шарттары түсіндіріліп, «Бизнес бастау» жобасы, гранттар мен жеңілдетілген несиелер арқылы әйелдердің өз ісін ашу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат берілді.
Құқық қорғау саласының мамандары мен білікті заңгерлер қатысушылардың жеке сұрақтарына жеке-жеке тоқталып, әрбір жағдай бойынша нақты құқықтық кеңестер ұсынды және іс-қимыл жоспарын құрып берді.

