Түркістан қаласындағы №32 жалпы орта мектебінде оқушылардың ойлау қабілеті мен логикалық дағдыларын дамыту бағытында жаңа бастама қолға алынды. Мектепте арнайы жабдықталған шахмат кабинеті ашылып, әр қабаттың фойесіне оқушылардың қолжетімді түрде ойнауына арналған шахмат тақталары орнатылды.
Шахмат – баланың көрнекі-бейнелі ойлауын дамытып, шешім қабылдау, талдау және табандылық дағдыларын қалыптастыратын интеллектуалды ойын. Сондықтан мектепте бұл бағытқа қызығушылық артып отыр. Қазіргі таңда 1–4 сыныптан 150 оқушы, 5–7 сыныптан 45 оқушы тұрақты түрде үйірмеге қатысады.
Мектеп директоры Айгүл Абайқызы бұл бастаманың маңызын атап өтті: «Шахмат – жай ғана ойын емес, баланың ми қабілетін шыңдайтын күшті құрал. Үйірмеге қатысып жүрген балалардың сабаққа ынтасы артып, ойлау жылдамдығы, зейіні жақсарғанын байқап отырмыз. Ата-аналардың да қызығушылығы жоғары. Олар баласының бос уақытын тиімді өткізіп, өзіне сенімді бола түсуін қолдайды. Біз үшін әр баланың жан-жақты дамуы – басты мақсат», – деді мектеп директоры.
Оқушылардың шахматқа деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында жақында мектепке халықаралық гроссмейстер Нұрлан Болатұлы Ыбраев келіп, жас шахматшыларға шеберлік сабағын өткізді. Балалар мен ата-аналар үшін бұл үлкен мотивация болды.
Айта кетейік, елімізде 42 мектепте шахмат пән ретінде оқытылады, ал 1500-ге жуық білім ордасында үйірмелер жұмыс істейді.
2027 жылға дейінгі кешенді жоспар аясында Түркістан облысындағы шахмат үйірмелерінің саны одан әрі артпақ.
Шахматтың балаға 5 пайдасына тоқталсақ, біріншіден, бірнеше қадам алға ойлап, қарсыласының қалай жүретінін біліп отырады. Әлемге әртүрлі бұрыштан қарай білу қабілеті баланың басқа адамдармен жылдам ортақ тіл табысуына, оларды жақсы түсінуіне және ересек өмірде міндетті түрде қажет болатын қабілеттерді қалыптастыруға көмектеседі.
Екіншіден, шахмат ойнау үшін көптеген комбинацияларды жаттап, есте сақтау керек. Мысалы, бес қадам бұрын тақтадағы пішіндердің қалай орналасқанын ұмытпау керек. Бұл есте сақтаудың барлық түрлерін, бірақ, әсіресе, визуалды түрін дамытады. Мұндай қабілеттің медицина, бағдарламалау немесе хореографияға қызығатын балаларға қажет болатыны анық.
Үшіншіден, тақтада не болып жатқанын бақылап қана отырмай, шешімдер қабылдап және өз стратегиясын түзеп отыруы керек. Сондықтан шахматта еш нәрсе ойланбастан және тәуекелмен жасалынбайды. Балаға логикалық ойлау түрлі өмірлік міндеттерді шешу үшін қажет. Мысалы: өз күнін жоспарлау, шешім қабылдау, дұрыс сұрақ қою және т.б.
Төртіншіден, шахматшылардың суреттеуінше, олар мәселеге зейін қойғанда уақыт баяулап, сол сәтке қатысы жоқтың барлығы жоқ болып кетеді екен. Бұл қабілет балаларға, әсіресе, мектеп қабырғасында аса қажет. Қандай да бір есепті шешуге немесе сұраққа жауап табуға зейінін қоя алу қабілеті баланың ұйымшыл әрі жауапты болуына көмектеседі.
Бесіншіден, қадамдары мен комбинацияларын жақсы жоспарлап қана қоймай, кенеттен өз жоспарын өзгерте де алады. Ал бұл оның креативті ойлауын көрсетеді. Шахмат ойнау баланың нақты проблеманы шешуге ғана емес, жылпы өзін және қоршаған ортаны жақсырақ түсінуіне көмектеседі.
Жалпы, шахмат – баланың болашағын өзгерте алатын интеллектуалды инвестиция.

