Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөйлеген сөзінде есірткіге қарсы күрес, нашақорлықтың алдын алу бойынша нақты тапсырмалар берді.
– Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы кешенді жұмыс атқарылуда. Биылдың өзінде 83 есірткі зертханасы жойылып, айналымнан алынған есірткі заттарының көлемі 84 пайызға ұлғайды. Есірткі өндіргені үшін берілетін жаза қатаңдатылды. Тіпі өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ бұл саладағы жұмыс әлі де толығымен біткен жоқ, түйткілдер жеткілікті, шешілмеген мәселелер еліміздің қауіпсіздігіне, тұрақтылығына сын-қатер төндіруде. Бүкіл қоғамды алаңдатып отырған ең қауіпті үрдіс: жастар нашақорлыққа үйір бола бастады. Бұл – үлкен қатер, оны жасырмауымыз керек, – деді Президент.
Жыл сайын жер шарында 450 мыңнан астам адам есірткінің кесірінен ажал құшады. Сондай-ақ 270 миллионнан көп әлем халқы тұрақты нашақорлар тізіміне алынған. Дүниежүзілік сарапшылар бұл сандарды «бүкіл әлемнің нашақорлықтың алдындағы жаппай жеңілісі» деп бағалады. Ал денсаулық сақтау министрлігі елімізде есепте тұрған нашақорлардың 1,5 мыңнан астамы әйел, 43-і буыны қатпаған жасөспірімдер екенін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында есірткінің ұлт денсаулығына үлкен зиянын тигізіп отырғанын айтқан еді. Президент жаһандық пандемиядан кейін пайда болған бұл дерттің алдын алуға қоғам болып жұмылу қажеттігін баса айтты.
«Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалұлттық деңгейде жүргізілуі тиіс. Сондықтан, нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет», – деді өз сөзінде Мемлекет басшысы.
Түсіне білгенге, бұл – ұлт денсаулығы мен ұлттық қауіпсіздікке төнген зор қауіп. Есірткі қылмысы, әсіресе соңғы жылдары белең алған синтетикалық есірткілер — қоғам болашағына төнген үлкен қатер. Осы қауіптің алдын алу және жастарды зиянды әдеттерден қорғау мақсатында Түркістан қаласында «Цифрлық өткізу» атты жедел алдын алу іс-шарасы өтті.
Аталмыш шара Түркістан облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Түркістан қаласы әкімдігі Ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бірлесіп ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.
Бұл жолғы іс-шараның ерекшелігі — оған қоғамның барлық сала өкілдерінің атсалысуында болды. Синтетикалық есірткінің жарнамасына тосқауыл қою үшін, тазалық мекемелерінің қызметкерлері, көлік басқармасының мамандары, студенттер мен спортшылар және жастар ұйымдарының белсенділері бірікті.
Мұндай кең ауқымды қатысу — есірткімен күрес тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда есірткі саудалаушылар жастарды арбау үшін ғимарат қабырғалары мен қоғамдық орындарға QR-кодтар мен граффити-жазбалар қалдыруды әдетке айналдырған. «Цифрлық өткізу» шарасы аясында Түркістан көшелеріндегі есірткі жарнамасына қатысты барлық күдікті жазбалар анықталып, дереу жойылды.
Еріктілер мен мамандар қаланың әрбір нүктесін жіті тексеріп, «жасырын жарнамаларды» өшіру арқылы жастардың қауіпті сайттарға өтуіне тосқауыл қойды. Сонымен қатар, тұрғындарға есірткінің заңсыз айналымына қатысты жауапкершілік туралы ескертетін ақпараттық үнпарақтар таратылды.
Жасөспірімдерге есірткінің зиянын тек сөзбен емес, көрнекі түрде жеткізу мақсатында арнайы сахналық қойылымдар ұйымдастырылды. Өнерлі жастар есірткіге тәуелділіктің соңы қайғылы жағдайға, денсаулықтан айырылуға және өмірдің талқаны шығуына әкелетінін шынайы бейнелеп берді.
Бұл қойылымдар жасөспірімдерге терең ой салып, «бір реттік қызықтың» соңы орны толмас өкінішке айналатынын ұғындырды. Мамандар әрбір қауіп-қатердің құқықтық және медициналық салдары туралы кең көлемде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
«Цифрлық өткізу» жедел іс-шарасы Түркістан қаласындағы есірткіге қарсы күрестің жаңа белесі болды. Бұл тек бір күндік науқан емес, жастардың санасын улауға бағытталған кез келген әрекетке берілген жүйелі жауап.
«Атап өтерлігі, бірқатар есірткі құралдарын дайындауда қарасора шикізат көзі саналады. Өкінішке қарай, синтетикалық есірткіге тәуелді адамдардың өмірі тым қысқа болады. Бұл наркологтар жүргізген талдау нәтижесінде белгілі болып отыр. Шын мәнінде, есірткі қолданушылардың өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 10 жылға жуық болса, ал «синтетикалық нашақорлардың» өмір сүру ұзақтығы 4 жылдан аспайды екен. Осы ретте құқық қорғау органдарының қызметкерлері ата-аналармен жұртшылықты қырағылық танытуға шақырады»,- дейді ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері.
Еске салса, мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев елдегі есірткіге тәуелділікке қатысты сандар көңіл көншітпей отырғанын жеткізді. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың тамыз айында өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында нашақорлықты еліміздің болашағына төнген үлкен қауіп ретінде атап өтіп, мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берген еді. Президентіміздің сөзі жай ескерту емес, ұлттың келешегін қорғауға бағытталған нақты қадам екенін бәріміз түсінуіміз қажет. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда елімізде динамикалық бақылауда тұрған есірткіге тәуелді азаматтардың саны 18 мыңнан асады. Бірақ бұл тек ресми тіркеуге алынғандар ғана. Шын мәнінде, олардың саны бұдан бірнеше есе көп болуы мүмкін. Бұл – Қазақстандағы әрбір отбасы үшін үлкен қауіп», — дейді депутат.
Оның айтуынша, 2018 жылы осындай есепте тұрғандар саны небары 147 адам болса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 18 мыңға жеткен. Бұл – жағдайдың қаншалықты күрделенгенін айқын көрсетеді. Расында, есірткіге қарсы күресте қоғамның әр мүшесінің белсенділігі маңызды. Бұл – бір ғана полицияның емес, бүкіл елге ортақ міндет. Заңмен жазалау кеселдің салдарымен күрес болса, ал себеппен күресу – сана мен тәрбие тұрғысындағы әрекет. Егер қоғам бейжай қалса, бұл майданда жеңіліп қалу қаупі жоғары болмақ.
Түйіндей келе, есірткіге қарсы күрес – құқық қорғау органдарының ғана емес, тұтас ұлттың жауапкершілігі. Жоғарыда айтқанымыздай, ұлт саулығы мен ұлттық қауіпсіздікке төнген бұл қауіпке қарсы тек бірлескен күш-жігер ғана тосқауыл болады. Тек жазалай бергеннен оң нәтижесі болатынына шүбә жоқ. Бірақ білім беру бағдарламалары, салауатты өмір салтын насихаттау, отбасы мен мектептің тәрбиелік ролін күшейту сияқты жүйелі және кешенді жұмыстар үздіксіз жүргізілуі тиіс. Өйткені, жастар — біздің болашағымыз, ал олардың қауіпсіздігі — ең басты құндылық. Есірткісіз болашақты бірге құрайық!

