Бүгін әлем жұртшылығы ең асыл қасиеттердің иелерін – Халықаралық еріктілер күнімен құттықтайды. Бұл мереке – ешқандай қайтарым күтпестен, жүрек қалауымен өзгеге жәрдем беріп, қоғамның дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген жандардың ортақ мейрамы. Еріктілік – бұл жай ғана жұмыс емес, бұл – биік азаматтық ұстаным мен таза ниеттің көрінісі.
2002 жылы Біріккен ұлттар ұйымы бас ассамблеясы «Халықаралық волонтерлар жылын» жариялаған болатын. Еліміз сол жылдың өзінде Біріккен ұлттар ұйымының аталған бастамасына қолдау білдіріп, демеушілік жасаған. Ал 2010 жылы Қзақстанда да ұлттық волонтерлар желісі құрылған болатын. Осыдан алты жылдан кейін, 2016 жылы елімізде волонтерлік қызмет туралы арнайы заң да қабылданған.
2020 жыл Тәуелсіз Қазақстан тарихында ерекше жылнамамен тіркелері сөзсіз. Өйткені сол жылды Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еріктілер жылы (волонтерлер жылы) деп жариялған болатын. Президент аталған жарлыққа 2019 жылы 27 тамызда ресми қол қойды.
Осының бәрі тұтас әлемде кең етек жайған волонтерлік қызметті біздің елде бұрынғыдан да жоғары деңгейге жеткізу үшін жасалып жатқаны сөзсіз. Сол үшін тұтас елде еріктілердің еңбегін бағалап, олардың бағасын арттыру бағытында жұмыс жасалып жатыр. Әр аймақта волонтерлік орталықтар құрылып, олардың басы тұтас ел көлемінде бірігіп, біртұтас жұмыс жасауда. Ендеше Мемлекет басшысының өзі баса назар аударып отырған волонтерлік қызмет біздің елде де қарыштап дамиды деген сенімдеміз.
Түркістан қаласында да еріктілердің жұмысы жанданып тұр деуге болады. Олар жергілікті әкімдікпен де, полицейлермен де, айта берсек барлық мекемелермен бірігіп, ел игілігіне арналған шараларда алдыңғы қатарда жүреді десек артық айтқандық емес. Мысалы, осы жылы «Еріктіліктен – әлеуметтік кәсіпкерлікке» атты тақырыппен өткен жастар практикумы Түркістан төрінде алғаш рет ұйымдастырылды. Оның өзіндік себебі де жоқ емее.
Басқосуда Түркістан қаласының жастары мен еріктілерін және үкіметтік емес ұйымдардың алғашқы практикум өтті. Ондағы шараның негізгі мақсаты – еріктіліктің қоғамдағы маңызын дәріптеу, түркістандық жастардың азаматтық белсенділігін арттыру және әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын нығайту. Сонымен қатар, еріктілерді әлеуметтік кәсіпкерлікке бейімдеу арқылы олардың қаржылай тұрақтылығын қалыптастыру көзделген.
Практикум барысында қатысушылар әлеуметтік кәсіпкерліктің қыр-сырымен танысып, халықаралық және отандық гранттарға жоба дайындау мен пичинг тәсілдерін үйренді. Сондай-ақ табысқа жетудің нақты тәжірибелері мен ұйымдық брендинг құндылықтары да талқыланды.
Іс-шараға жастардың үнемі қолдаушысы, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Түркістан облысы Мәслихатының депутаты Инара Намазбаева және өңірлік әлеуметтік кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымның өкілдері мен қоғам белсенділері де қатысқан болатын.
Шарада сөз алған Әзімбек Пазылбекұлы: “еріктіліктің қазақ халқының қанына сіңген асыл дәстүр екенін атап өтті: «Еріктілер – қоғамымыздың рухани тірегі. Қазақтың «Асар» дәстүрі – соның айқын дәлелі. Бүгінгі күні әлеуметтік кәсіпкерлік – мемлекет қолдап отырған, әлеуметтік мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік беретін қуатты құрал. Демек, еріктілік – тек бастама емес, әлеуметтік кәсіпкерлікке жол ашатын үлкен трамплин», – деді ол. Сондай-ақ ол: “Қазіргі таңда Түркістан қаласында 257 үкіметтік емес ұйым болса, соның 130-ы қала деңгейінде тіркелген. Бұл – ашық қоғамның басты көрсеткіші. Әрбір ұйымның бастамасы мен еңбегі қаламыздың дамуына, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етіп отыр. Осы ретте, Сіздердің барлық ұсыныстарыңызға құлақ асып, қолдауға әрқашан дайынбыз” деді.
Практикумның басты спикері, Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының президенті, «Global kishkentai» инклюзивті шеберханасының негізін қалаушы Гүлмира Пармышева Түркістан қаласында жастарға осындай мүмкіндік жасалғаны үшін алғысын білдірді: «Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға арналған бұл бастама – Түркістан үшін үлкен серпіліс. Әкімдікке және ұйымдастырушыларға қолдау көрсеткендері үшін зор ризашылығымды білдіремін», – деді ол.
Шара қорытындысында қоғам белсенділері жастарға әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсететінін атап өтіп, қатысушылар өз идеяларын ортаға салды. Ұйымдастырушылар мұндай практикумдарды дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Сонымен көп жағдайда, ерікті деген кім?», «Елімізде еріктілік қаншалықты дамыған?» және «Еріктілер қандай қызмет атқарады?» деген секілді сауалдар қойылып жататыны заңдылық. Жалпы, ерікті (волонтер) – латынның «voluntaries» деген сөзінен шыққан. Яғни өз еркімен ақысыз қызмет көрсетіп, қоғамдық жұмысқа белсенді араласушы адам. Бұл бағытта адамның жасы, жынысы, білімі немесе қаржылық жағдайы маңызды емес. Бастысы – таза ниетпен қолдан келетін іспен көмектесу. Еріктілікпен ұйымдар арқылы, ынталы топтармен немесе жеке де айналысуға болады. Мұндай қызмет түрлерінің аясы өте кең. Мысалы әлеуметтік, спорттық, шаралық, экологиялық, медициналық, қайырымдылық секілді көптеген түрі бар.
Волонтер сөзі әлемде алғаш рет 1600 жылы қолданылған. Әуелгіде соғыс кезінде майданға өз еркімен сұранып барғандарды ерікті деп атаған. Кейіннен барлық салаға ешкімнен қайтарым күтпей жұмыс істейтін адамды осылай атау қалыптасқан. 1970 жылы БҰҰ жанынан «Біріккен Ұлттар Ұйымының волонтерлері» деген атаумен халықаралық ұйым құрылған. Ұйымның басты мақсаты – әлемдегі еріктілердің басын қосып, олардың қызметін жан-жақты дамыту. Сол жылдан бастап әлемнің барлық елінде 5 желтоқсанда халықаралық еріктілер күні аталып өтіледі. Аталған ұйым жыл сайын волонтерлік қызмет туралы есептік баяндама әзірлейді. БҰҰ волонтерлерінің бағдарламасын жүргізетін атқарушы координатор Оливье Адам өткен жылдың қорытындысы бойынша ұйымға мүшелік ететін 17 елдің ұлттық баяндамасы мен саяси стратегиясында волонтерлік туралы айтылғанын жазады. Соның бірі – Қазақстан деуге толық негіз бар. Себебі жыл басында жарияланған Жастар жылында еріктілерге басымдық беру қолға алынды. Бірақ, бұл мемлекеттік қолдау биылдан басталғанын аңғартпайды. Себебі 2016 жылы елімізде еріктілер қызметі туралы заң қабылданса, 2002 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының «Халықаралық волонтерлер жылы» жөніндегі резолюциясына демеушілік еткен.
Әлем бойынша еріктілер саны 970 миллионнан асады. Джон Хопкинс университетінің зерттеуі бойынша олардың осы қызметке арнаған уақыты 125 млн адамның толық жұмыс күніне сай келеді екен. Төрт адамның біреуі ғана уақыты мен біліктілігін арнайы ұйымдар арқылы осы іске арнаса, қалған үшеуі айналасындағы адамдарға тікелей көмектеседі.
Елімізде еріктілер туралы айтсақ, бірден жастар, оның ішінде жоғарғы оқу орнының студенттері ойға оралады. Ал шетелдік тәжірибеде еріктілер жас ерекшелігіне қарай бөлінбейді. Қоғамға өзгеріс енгізуді қалаған кез келген адам бос уақытын еріктілікке арнауына болады. Мысалы, АҚШ-та 24 жасқа дейінгі еріктілер 22,6 процентті, 25-44 жастағылар 26,7 процентті құраса, 45-65 жас аралығы мен 65 жастан жоғары еріктілер саны 51 процентке дейін жеткен. Бұл елде мектеп жасынан бастап балаларға «жақсылық жасау» идеясы түсіндіріледі. Жалпы еріктілікпен айналысу – АҚШ азаматының басты қасиеттерінің бірі саналады. Сонымен қатар шетелде жұмысқа орналасуға келген жас маманның түйіндемесінде еріктілік қызметтің болуы – үлкен жетістік. Сондықтан да университет немесе колледж студенттері ерікті болуға қуана келіседі. Англияда балалар үйіне егде жастағы еріктілер қамқорлық танытады. Олар жаңа өмірге аяқ басқан бүлдіршіндерге өз ақыл-кеңесін беріп, өмірлік тәжірибесімен бөліседі. Кез келген мәселеде бағыт-бағдар беріп отыратын болғандықтан олар бір-біріне бауыр басып, туған ата-әжесіндей болып кеткен. Біздің елімізде де осыған ұқсас қайырымдылық шаралары қолға алынып келеді. Ұйымдастырушылар қарттар үйінің тұрғындары мен балалар үйінің тәрбиеленушілерінің басын қосып, іс-шаралар өткізіп тұрады. Жан жылуын аңсаған екі буын өкілдері шарада үлкендер балаларға бағыт-бағдар берсе, тәрбиеленушілер егде жастағыларға қуаныш сыйлайды.
Еріктілердің азаматтық белсенділігі мен бастамашылдығы түрлі әлеуметтік, мәдени және қайырымдылық жобалардың сәтті жүзеге асуына негізгі ықпал етуші күш болып табылады. Олардың жауапкершілік пен жанашырлыққа негізделген еңбегі бүгінде мемлекеттік деңгейде жоғары бағаланады.
Волонтерлердің қызметі жан-жақты. Олар, мұқтаж жандарға, қарттар мен жетім балаларға қол ұшын созу, қоршаған ортаны қорғау, тазалық акцияларын ұйымдастыру, сын сағаттарда алдыңғы шепте табылып, халыққа жәрдемдесу, халықаралық және республикалық деңгейдегі ауқымды форумдар мен спорттық жарыстардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысу кезерінде, басқа да жағдайларда қызмет көрсетуге әзір болады.
Ерікті болу – үлкен мектеп. Мұнда жастар көшбасшылық қасиеттерді дамытып, командамен жұмыс істеуді үйренеді және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінеді. Сіздердің табанды еңбектеріңіз қоғамда игі істер мен оң өзгерістердің көбеюіне тікелей септігін тигізіп келеді. Әрбір жылы сөз, әрбір көрсетілген көмек – әлемді мейірімді ете түсетін маңызды қадам.
Қазақстанда волонтерлік қозғалыс жаңа деңгейге көтерілді. Жастар ресурстық орталықтары мен қайырымдылық ұйымдарының айналасына топтасқан еріктілер армиясы ел ертеңіне бейжай қарамайтын, белсенді ұрпақтың қалыптасқанын көрсетеді. Сіздердің арқаларыңызда қиындыққа тап болған жан үміт тауып, игі жобалар өз жалғасын табуда.
Осы айтулы мерекеге орай, барлық еріктілерге атқарып жатқан қажырлы еңбектері үшін алғыс айтамыз. Сіздердің мейірімді жүректеріңіз бен таусылмас энергияларыңыз еліміздің гүлденуіне жол аша берсін! Алдағы бастамаларыңызға сәттілік, жаңа биіктер мен толағай табыстар тілейміз. Еңбектеріңіз жанып, абыройларыңыз асқақтай берсін!
Еріктілер күні құтты болсын, мейірімділік елшілері!

