Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласы тағы бір ауқымды мәдени жобаның орталығына айналмақ. Ағымдағы жылдың 26–28 қараша күндері шаһардағы еңселі нысандардың бірі – Конгресс-холл ғимаратында «Turkistan Eurasian Book Fair – 2025» республикалық кітап көрме-жәрмеңкесі жалауын желбіретеді. Бұл шара – еліміздің кітап нарығындағы ең ірі әрі маңызды оқиғалардың бірі ретінде бағаланып отыр.
Көрме-жәрмеңке тек отандық қана емес, шетелдік баспа үйлерінің де басын қосады. Бұл жерде әлемдік деңгейдегі баспа өнімдері, жаңа технологиялармен әзірленген кітаптар мен эксклюзивті басылымдар көпшілік назарына ұсынылады. Шараға белгілі авторлар, әдебиеттанушылар мен баспа ісінің мамандары арнайы шақырылған.
Көрменің басты ерекшелігі – оның қолжетімділігінде. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, көрмеге кіру тегін. Бұл қадам қала тұрғындары мен қонақтарының, әсіресе жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Жәрмеңке барысында оқырмандар үшін теңдессіз мүмкіндіктер жасалмақ, яғни мыңдаған әдебиеттер делдалсыз, тікелей баспа бағасымен сатылады. Оқырмандар үшін арнайы жеңілдіктер, сыйлықтар мен ұтыс ойындары қарастырылған. Жаңадан жарық көрген эксклюзивті туындылардың алғашқы таныстырылымы осы алаңда өтеді. Сүйікті жазушыларыңызбен тікелей жүздесіп, қолтаңба алу және естелік суретке түсу мүмкіндігі беріледі.
Көрме аясындағы ең маңызды оқиғаның бірі – 27 қараша күні өтетін «КітапХан» жобасы. Бұл – қазақ тілді оқырмандар үшін нағыз интеллектуалды сый болмақ. Жобаның мақсаты – отандық және шетелдік үздік шығармаларды қазақ тілінде талқылау. Жиын барысында баяндамашы таңдалған туындының мазмұны мен идеялық тереңдігін таныстырса, қатысушылар еркін форматта пікір алмасып, шығарманы жан-жақты талдайды. Бұл алаң әдеби сынды дамытуға және оқырман талғамын қалыптастыруға зор үлес қосады деп күтілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды»,- деген екен.
Ендеше, кітап оқу мәдениетін көтеру, әдеби кітаптарды насихаттау, оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында өтетін бұл көрменің адам баласына берер рухани байлығы шексіз.
«Кітап ақылына ақы сұрамайтын құнды қазына», – деп түркі халқының ұлы ойшыл ақыны Әлішер Науаи айтпақшы, кітаптың қоршаған ортаны, өзіңді танып, тұлға болып қалыптасуға қалыптастыратын қасиеттеріне тәнті болмасқа шара жоқ.
Кітап – адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойының, оқу арқылы жетілуінің кемелденуінің арқасында қол жеткізген ізденіс үрдісінің жемісі. Жазушы Ғабит Мүсіреповтың «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», — деп кітапқа деген құндылығын бір ауыз сөзбен жеткізген. «Кітап та алма ағашы, Жемісін біздер теретін. Тәтті алмаға балашы, Кітабыңның әр бетін», — деп Мұзафар атамыз жырлағандай әдеби кітаптар және оқулықтар бүгінгі ұрпаққа білім көзі, рухани қазына. Біз кітап арқылы бастауыш мектептің өзінде-ақ бүкіл адамзаттың мәдениетпен таныса бастаймыз.Бірақ рухани өмірімізде кітаптың алатын орны осымен тоқтап қалмайды.Алға басқан сайын кітап біздің айнымас серігіміз. болып қала береді. Кітап білімімізді молайтады, кітаптан көп үлгі өнеге, тәрбиесінен әсер аламыз. Оқыған тоқығаның көп болса, жеңбейтін жау, алынбайтын қамал жоқ. «Батыр бірді жығар, білімді мынды жығар , -деген халық даналығы бекер айтылмаған. Ендеше кітап біздің сарқылмас рухани қазынамыз екен.
Сонымен кітап туралы не білесіз?
Кітап – ғасырлар мұрасы. «Бұл жерді өлілер мекендейді, бұл жерде мылқаулар сөйлейді» деген латындардың керемет мақалы бар. Бұл қай жер деп ойлайсыз? Әрине – кітапхана. Біз сіздерге кітап туралы қызықты 17 дерек ұсынамыз.
1. «Робинзон Крузо» ең алғашқы ағылшын тіліндегі роман боп есептеледі. 2. 2. Шерлок Холмс басқа әдеби кейіпкерлерге қарағанда көптеген кино мен телесериалдың қаһарманы болды.
3. Інжіл кітабының алғашқы қолжазбасы (баспа станогы ойлап табылған уақыттан бастап) қазір 8 млн доллар тұрады.
- Ұлыбританияда барлық уақытта ең көп сатылған кітап – «Сұрдың 50 реңі» («50 оттенков серого»)
- Чарльз Лютвидж Доджсонның «Алиса ғажайыптар елінде» кітабына ішінде сөйлейтін аңдардың бар болғаны үшін Қытайда тыйым салған.
- Гарвард университеті кітапханасында адам терісіне жазылған 4 заңнамалық кітап сақталған.
- Джастин Бибердің кітабы New York Times-тің бестселлерлер тізіміне енді (иә, ол да кітап жаза алады)
- «Том Сойердің бастан кешкендері» жазу машинкасына басылған алғашқы кітап.
- Гарри Поттер жайлы кітап табиғатта жоқ тылсым күшке сенуді насихаттауы себепті Америкадағы тыйым салынған кітаптар қатарында.
- Владимир Набоков «Лолита» шығармасын көбелектерді коллекциялау мақсатында Америкаға бараи жатқан сапарында блокнотына жазған. Жазушының жары Вера оған романның жобасын өртеуіне кедергі жасаған.
- Чарльз Диккенс «Рождество тарихы» («Рождественская история») шығармасын алты аптаның ішінде жазып шықты.
- Барбара Картленд «Гиннесс рекордтар кітабы» версиясы бойынша ең өнімді жазушы. Ол екі апта сайын бір роман жазған.
- Қазақ тілінде шыққан алғашқы баспа кітабы — «Сейфулмәлік» дастаны.
- Ең көп пьеса жазған қаламгер – испандық драматург Лопе де Вега. Оның жазған пьесаларының саны 1800-ге жеткен.
- Қазақ әдебиетінде тұңғыш рет twinbook (егіз кітап) форматында шыққан кітап Ерлан Жүніс пен Ақберен Елгезектің«Ғаршы» және «Ғаусар» жинағы.
- Бүгінгі таңдағы әйгілі заманауи жазушы Пауло Коэльоны Иран мемлекетінде оқуға толықтай тыйым салған. Неге олай екені әлі күнге дейін белгісіз күйінде қалып отыр.
- Герман Мелвиллдің әйгілі «Моби Дик» шығармасы алғаш рет принтердің жаңылысып кетуінен эпилогсыз жарияланып кеткен.
Мұндай ауқымды кітап көрмесінің Түркістанда өтуі тегін емес. Қала өзінің тарихи миссиясына сай, қайтадан ілім мен білімнің, кітап пен руханияттың орталығына айналуда. «Turkistan Eurasian Book Fair – 2025» жәрмеңкесі Түркістанның тек туристік қана емес, сонымен қатар еуразиялық кеңістіктегі қуатты интеллектуалды хаб ретіндегі беделін асқақтата түседі. Барша кітап сүйер қауымды қарашаның соңғы күндерінде Түркістан төрінде өтетін осы айтулы мерекеден қалыс қалмауға шақырамыз. Рухани қазынаға толы үш күн сізге жаңа білім мен ұмытылмас әсер сыйлайтыны анық.

