Ауылдық аумақтар Қазақстан экономикасының өсуінің басты резервтерінің бірі болып қала береді. Алайда жұмыссыздық, табыстың төмендігі және тұрақсыз жұмыспен қамту осы әлеуетті толық іске асыруға кедергі келтіріп отыр. Ауылды дамытудың жаңа тәсілдері тек шаруашылықтарға қолдау көрсетуді ғана емес, сонымен бірге миллиондаған ауыл тұрғындарын өнімді экономикаға тартуға жағдай жасауды көздейді.
Осы ретте, Қазақстанда ауыл халқының табысын арттыру бағдарламасын іске асыру мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның мақсаты – ауыл экономикасын дамыту, тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету арқылы олардың тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру. Бүгінгі таңда ауыл тұрғындарының айналысатын ісі тікелей мал шаруашылығымен байланысты. Осы ресурстарды дамытуға және оң нәтижелерге қол жеткізуге бағдарлама зор үлесін қоспақ. Десе де, кей жағдайларда ауыл тұрғындары бағдарламаға қатысып, өздеріне берілген мүмкіндіктерге қол жеткізе алмай жатқаны жасырын емес. Себебі, «Ауыл аманаты» бағдарламасының бағыт бағдарын біле бермейді. Ендеше, несие рәсімдеу үшін қайда жүгініп, қандай құжаттар жинақтау керектігі жайында айта кеткеніміздің артықшылығы болмас.
Ия, несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен жергілікті әкімдіктерге өтініш беруі керек. Бағдарламада уақыт шектеулері жоқ. Сонымен қатар, қаражаттың мақсатты жұмсалуы үнемі бақыланады. Қазіргі уақытта ірі және ұсақ шаруа, фермер қожалықтарының техникалық-материалдық жағдайларының құрылуына, жұмыс істеуіне және жақсаруына және олардың өнімдеріне жоғары сатып алу бағасына байланысты экономиканың бұл саласы қарқынды дамып келеді.
Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамыту мен ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мақсатында 2023 жылы «Ауыл аманаты» атты ауқымды мемлекеттік бағдарлама іске қосылды. Бұл жоба халықтың табысын арттыруға, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдық елді мекендерде әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуды көздейді.
«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын арттыру болып табылады. Бұл мақсатқа жету үшін бірнеше міндеттер қойылған. Атап айтса, бірінші міндет ол ауыл тұрғындарына бизнесті бастауға немесе дамытуға қажетті шағын несиелер беру. Бағдарлама өз алдына қойған тағы бір міндет — ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру. Ауыл шаруашылығы кооперативтері ресурс жинау мен ауыл тұрғындарының табысын арттыруға көмектесетін бірден-бір құрал.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындары үшін қолайлы. Бұл егістік жерлері бар, бірақ қаржысы жоқ тұрғындарға бизнесті бастауға көмектеседі. Жалпы, елдің агроөнеркәсіптік кешенінің құрылымында мал шаруашылығы маңызды орын алады. Ол халықты және өнеркәсіпті ет, май, сүт, тері сияқты құнды азық-түлік пен шикізатпен қамтамасыз етеді. Үкіметтің ерекше назар аударатын аймағында тұрған ауылдық облыстарды кешенді дамытуы маңызды. «Ауыл аманаты» бастамасы ауылдық аудандарды дамытудың маңызды драйвері болып келеді. Жоба 2029 жылға қарай миллионға жуық ауыл тұрғындарын қамтып, 350 мың жаңа еңбек орнын ашады деп жоспарлануда. Бұл мемлекеттік бюджеттен осы мақсаттарға рекордтық бір триллион теңге бөлу арқасында мүмкін болды. Президенттің сайлауалды науқаны аясында құрылған «Ауыл аманаты» бастамасы ауылдық жерлерде тұратын халықтың табысын арттыру үшін нақты, қарапайым және орындалатын қадамдарды ұсынады. Негізінен, барлық күш-жігермен қолдау көрсетілетін қаржылық компонент бағдарламаның алғашқы маңызды жетістіктері туралы оның жұмыс істеуінің бірінші жылының қорытындылары бойынша сенімді түрде айтуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарламаны тиімді іске асыру мемлекеттік билік пен жергілікті өзін — өзі басқарудың барлық деңгейлері үшін басты міндет болуға тиіс екенін атап өткен жөн.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы өндірушілерін жан-жақты қолдау, жаңа жұмыс орындарын құру, азық-түлік қауіпсіздігін жақсарту және ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыру. Бағдарлама шағын несиелерді төмен пайызбен (2,5%) және жыл сайынғы қайтаруды кейінге қалдырумен қамтамасыз ету шараларын қамтиды.
Бағдарлама әр ауылдық округтің ерекшеліктерін ескеруге және ресурстарды бөлуді оңтайландыруға көмектесетін цифрлық платформа жасайды. Бұл тәсіл ауылдық қауымдастықтарды тиімдірек қолдауға және олардың тұрақты дамуына ықпал етуге мүмкіндік береді. Осылайша, «Ауыл аманаты» өңірлердегі экономикалық өсу мен әлеуметтік тұрақтылыққа ықпал ете отырып, Қазақстанның ауылдық аудандарындағы өмір сүру және жұмыс жағдайларын жақсартуға елеулі қадам болып есептеледі.
Жоба тиімділігін растайтын бір мысал бүгінде Ордабасы ауданының Шұбар елді мекенінде тұратын шаруашылық жүргізуші Берік Пірәлі «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несиеге ие болып, өз кәсібін дамытуға үлкен қадам жасады. Атап айтқанда, ол 7 200 000 теңге көлемінде қаржылай қолдау алып, жылқы бордақылау ісін бастауға мүмкіндік алды.
Берік Пірәлі несие қаражатын тиімді пайдаланып, 18 бас жылқы сатып алды, сондай-ақ 18 тонна шөп пен арпа дайындап, қора-жайға қажетті құрал-жабдықтарға 1,3 млн теңге жұмсады. Жасалған инвестициялар жылқы бордақылау өндірісінің негізгі қажеттіліктерін толық қамтиды.
Қазіргі таңда шаруашылық тұрақты табыс әкелуде. Жылқы бордақылаудың орташа айналымы 90–120 күнді құрайды, ал осы кезеңде әр малдан 70–90 мың теңге пайда түседі. Шаруаның айтуынша, кәсіп басталғаннан бері отбасының әлеуметтік жағдайы жақсарып, табысы тұрақтанды.
Берік Пірәлідің болашақ жоспарлары да айқын. Ол мал басын 50 басқа дейін көбейтуге, сондай-ақ шаруашылық аумағында шағын жем-шөп қоймасын салуға ниеттіні білдірді. Бұл қадам қосымша бірнеше адамға тұрақты жұмыс орны ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мал өнімдерін өңдеу бағытында қосымша өндіріс цехын құру жоспарда бар, бұл өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға зор мүмкіндік береді.
Аудан әкімдігі мен «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде берілетін қаржылай қолдау ауыл шаруашылығы саласындағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жастар мен кәсіпкерлердің кәсібін тұрақтандыруға бағытталған. Бұл жоба арқылы Ордабасы ауданында мал бордақылау, жылыжай шаруашылығы, көкөніс өсіру және басқа да аграрлық бағыттарда бірнеше кәсіпкер өз кәсібін дәйекті түрде дамытып келеді.
Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті қолдау және халықтың табысын арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы көптеген азаматтарға жаңа мүмкіндік беріліп жатқанының нәтижесін көріп жатқан жандар қатары мұнымен шектелмек емес. 2023 жылы аталған бағдарлама аясында жылқы шаруашылығын дамыту мақсатында 7 200 000 теңге несие алған Ұялыжар ауылының тұрғыны жеке кәсіпкер Есболова Фарида да жобаның жақсылығын көріп отырған жан. Мал бағу халқымыздың атакәсібі екені белгілі. Ал мұны дамытуға күш салып жатқан ауыл тұрғындарының сол кәсіпті дамытуға әрі одан пайда тапсақ деген құлшынысы бәрімізді қуантады әрине. Мал баққанға бітеді. Ал оның бабын тауып, одан мол пайдаға кенелу үшін тынымсыз еңбек етудің қажеттілігін айтпай-ақ түсінуіміз керек.
Әлбетте, малдың жемшөбі мен суын уақтылы беру, дәрі-дәрмегін де уақтылы егіп, оған тиісті күтім жасайтын адамға уақытты тиімді пайдаланумен қатар еңбекқорлық та қажет. Осындай машақаты көп тірлікке ерінбеген жан ғана жетістікке жетіп, мол табысқа кенелетіні анық.
Есболова Фарида несие қаражатын тиімді пайдалана отырып, жылқы басын көбейту бағытында бірқатар нәтижеге қол жеткізді. Қазіргі уақытта оның қожалығында 12 бас жылқы, соның ішінде 11 аналық жылқы және 1 құлын бар. Мал басының артуы шаруашылықтың тұрақты дамуына және табыстың өсуіне ықпал етіп отыр. Жем-шөп қоры толықтай кәсіпкердің өз қаражаты есебінен. Жалпы малдың қыс айына дайындығы уақтылы жүргізілген.
Жеке кәсіпкердің жылдық табысы бүгінде 1 500 000 теңгені құрайды. Бағдарлама аясында қаржылай қолдау алған азаматтар арасындағы мұндай мысалдар ауылдық кәсіпкерлікті ынталандырып, өңір экономикасының дамуына оң әсерін тигізуде.
Есболова Фарида өз ісін әрі қарай кеңейту бағытында жұмыстар жүргізіп, алдағы уақытта жылқы басын тағы да көбейтуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, шаруашылықтың дамуы ауылдық инфрақұрылымға оң әсерін тигізеді: жергілікті азық-түлік нарығы тұрақтанады, ауылдағы өнімнің сапасы мен көлемі артады, жұмыссыздық төмендейді. Берік Пірәлі, Фарида Есболова сияқты кәсіпкерлердің белсенділігі аудан экономикасының дамуына, ауылдық елді мекендердің әлеуметтік жағдайының жақсаруына және тұрғындардың тұрмыс сапасының артуына ықпал етеді.
Аудан әкімдігінің хабарлауынша, 2025–2027 жылдары Ордабасыда «Ауыл аманаты» жобасы арқылы мал бордақылау ісін қолға алатын 50-ге жуық жаңа кәсіпкер жобаларын іске қосуы жоспарланып отыр, бұл ауылдық жерлерде 200-ге жуық жаңа тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осылайша, жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызы тек жеке шаруашылықтың дамуы емес, бүкіл ауылдық қауымдастықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, 2029 жылға дейін «Ауыл аманаты» бағдарламасына 600 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінеді.
Еңбектің көзін тапқан адам байлықтың өзін табатыны сөзсіз. Мемлекет тарапынан беріліп отырған қаржылай көмек-қолдауларды сезініп отырған жеке кәсіпкер азаматтардың барлығы еңбек арқылы еңселерін тіктеп, отбасында өсіріп отырған ұл-қыздарына жақсы тәрбие беріп, қатарынан кем қылмай жеткізуді алдарына мақсат тұтып отырғандары көңіл қуантады. Табан ақы, маңдай тердің өтеуі тек адал еңбек арқылы ғана өтелмек… «Кәсіп болмай, нәсіп болмас» деген осы болса керек!

