Ақша операцияларының арнайы саласы болып табылатын нарықтық қатынастар жүйесі – қаржы нарығы. Экономикамызды қаржыландыратын негізгі канал ақша нарығы екені тағы бар. Осыдан кейін еліміздің өңірлерінде іске асырылатын жобалар мен өңірлерді дамыту мәселелерінің барлығы да қаржыға келіп тіреледі. Осы ретте, тарихы тереңде жатқан – теңгеміз жайында Ордабасы ауданында ауқымды іс-шара өткен болатын.
Жалпы, ақша-несиелік саясаттың тиімділігін арттыруға 1995 жылғы наурыздағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы» Заң себепші болды. Ол бойынша Ұлттық банк өз қызметінде тәуелсіз және Қазақстан Республикасының Президентіне ғана есеп беретін болды. 1993 жылдың 20 қазанынан бастап теңгенің өзге елдердің валюталарына шаққандағы бағамы белгіленді. Ең бірінші, 1 АҚШ доллары – 4,75 теңгеге тең болды. Қазір мұндай жақындастық жоқ. Орта есеппен алғанда, 1 доллар – 520 АҚШ доллар. Тәуелсіздік жылдары теңге бағамы неше рет құбылды, ел экономикасының өсу инерциясына байланысты теңгенің бағамы құлдырады да, шикізат экспорты есебінен теңге бағамы көтерілді де. Бірнеше жыл бойы тұрақты экономикалық өсім теңгенің нақты бағасын ұстап отырды. Бірақ соңғы жылдары мұнай бағасының түсуі теңге құнын да түсірді. Әлбетте, төл теңгеміздің құны шетел валюталарына шаққандағы құнымен есептелмейді. Әсілі, ұлттық валюта тәуелсіздігіміз бен дербестігімізді паш ететін негізгі фактор. Экономикасы дамыған, тамыры тереңде жатқан мемлекеттердің валютасымен теңесе алмайтынымыз анық. Енді ғана тәй-тәй басқан еліміздің асар белестері көп. Инфляция деңгейі соңғы айларда төмендеген, отандық банктерде сақтаулы депозиттердің көпшілігі теңгеге ауыстырылған, банк операциялары мен сауда-саттық теңгемен жүзеге асады. Олай болса қазақ теңгесінің дәурені алда екенінде сенім мол.
Анығын айтқанда, Қазақстанда жыл сайын 15 қарашада «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға сәйкес ұлттық валюта – теңге күні және еліміздің қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді. Қазақстан теңгесі — Қазақстанның ұлттық валютасы. Банкноттар мен монеталарда «теңге» (қазақ теңгесі) белгісі қабылданады. Бұл атау ортағасырлық түркілердің «денге» немесе «танга» күміс монеталарынан шыққан.
Теңге тарихына үңілер болсақ, 1993 жылы 12 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» жарлығы шықты. Бұл, айтпақшы, мемлекетке де толыққанды банк секторын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
1993 жылы 15 қарашада теңге айналымға енді. Содан бері бұл күн Ұлттық валютаның ресми күні болып саналады. Бүгінгі таңда теңге – тәуелсіздіктің экономикалық негізі, егемендік символы, Қазақстанның жаңа тарихы мен болашағының толыққанды бөлігі.
Ал, ұлттық валютаның тарихы жайында тарқатар болсақ, 1993 жылы 12 қарашада Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын айналымға енгізу туралы» жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, 1993 жылы 15 қарашада теңге айналымға шықты. Бұл күн – ұлттық валюта – теңге күні саналады.
Егеменді еліміздің теңгесі – тәуелсіздіктің экономикалық тірегі, егемендік символы, Қазақстанның жаңа тарихы мен болашағының бір парағы. Ағымдағы 2025 жылымыз Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің айналымға енгеніне 32 жыл толып отыр.
Ұлттық валютамыздың тарихына үңілсек, 1991 жыл 16 желтоқсан «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданды. 1993 жылы 13 сәуір Қазақ КСР Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып қайта құрылды. Осы жылдың 14 сәуірінде Банк қызметі туралы заң қабылданды. Заңда орталық банктің тәуелсіздігіне баса назар аударылды. Ұлттық Банк тек Жоғарғы Кеңес пен Президентке ғана есеп береді. Ал, 15 қараша Тәуелсіз Қазақстанның жаңа валютасы – теңге айналымға шықты.1995 жыл 1 тамыз Қазақстан теңге сарайынан коллекциялық монеталардың алғашқы тиражы шықты. Серия Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына арналды. 19 мамыр Ұлттық Банктің Банкнот фабрикасы ашылды. 1996 жылы 19 ақпан Қазақстан теңге сарайы «Жібек жолы» сериясын – алғашқы инвестициялық монеталарды айналымға шығарды. 2006 жылы теңге дизайны жаңартылды: айналымға «Бәйтерек» монументі бейнеленген жаңа ақша сериясы шықты. 2011 жылы Банкноталар қатарына «Қазақ Елі» монументі бейнеленген жаңа серия қосылды. 2022 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық теңге тұжырымдамасын бекітті. Ұлттық валютаның жаңа формасы 2025 жылға дейін біртіндеп айналымға енгізілетін болды. 2024 жылы цифрлық теңгедегі бюджет қаражатының қозғалысын қадағалау бойынша пилоттық жобалар іске қосылды. 2025 жылы 17 наурыз ÚKI инвестициялық монетасы мен оның Gold Coin түріндегі цифрлық баламасы айналымға шығарылды.
Мемлекеттік комиссия ұлттық валютаны айналымға енгізу жөніндегі жұмыс тобын құрды. Топқа сол кездегі Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Дәулет Сембаев жетекшілік етті. Алғашқы теңгенің дизайнына танымал суретшілер мен дизайнерлер – Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Досбол Қасымов және Хайрулла Ғабжалилов жауапты болды. Жұмыс архив құжаттарын зерттеуден басталды, Қазақстандағы ақша өндірісі мен айналымының тарихы туралы мәліметтер қаралды.
Алғашқы банкноталарды бейнелі түрде «Портреттер» деп атауға болады. Алғашқы теңге дизайнына тән ерекшелік – ғылым, өнер, мәдениет және мемлекетті қалыптастыруға зор үлес қосқан әйгілі тұлғалардың бейнесі бейнеленді. Банкноталардың келесі бетінде қазақ жерінің табиғи ландшафты – Бурабай, Іле Алатауы, Балқаш көлі, сондай-ақ атақты мешіттер мен кесенелер бейнеленді.
1992 жылы Өскемен қаласындағы Үлбі металлургиялық зауытында Қазақстан монета сарайы құрылды. 1993 жылы айналымға шыққан алғашқы монеталар осы жерден шығарылды. Қазақстанның монета сарайы – Монета сарайлары қауымдастығының мүшесі. Бұл қауымдастыққа жетекші монета сарайлары мүшелікке шақырылды. Мәселен, олардың қатарында мың жылдық тарихы бар Англия Корольдігің монета сарайы бар.
Қазақстан теңгеcінің банкноталары және монеталары ел ішінде өндіріледі. 1994 жылдың басында Қазақстанда жаңадан банкнот фабрикасын салу туралы келісімшарт жасалды. Уақыт тығыздығына байланысты жобалау мен құрылыс қатар жүрді. Ал технологиялық жабдықтарды монтаждау жөндеу жұмыстары кезінде басталды. 1995 жылы 19 мамырда Банкнота фабрикасы ресми түрде ашылды. Сол жылы 83 миллионнан астам банкнота шығарылды. Одан кейінгі жылы 104 миллионнан астам банкнота шығарылып, Банкнота фабрикасының өндірістік қуаты жобалаған межеге жақындады.
Кейін, 1997 жылы Банкнота фабрикасында негізгі өнімдермен қатар Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорты мен жеке куәлігі де шығарыла бастады. Банкноталар мен монеталардың дизайнын Ұлттық Банк мамандары әзірледі. Жоғары технологиялық және сапалы өнімдер шығару үшін Банкнота фабрикасы әлемдегі түрлі баспа тәсілдерін, сондай-ақ әртүрлі комбинацияланған баспа әдістерін қолданды.
Теңге банкноталарындағы қорғаныс элементтерінің қатарында банкноталар мен басқа да қорғалған полиграфиялық өнімдерді әзірлеуде қолданылатын қорғалған қағаз, бояулар, қорғаныс деңгейлері бар голографиялық фольга, полимер мен пластик негізіндегі субстраттар бар. Мәселен, 2022 жылғы үлгідегі 20 000 теңгелік банкнотада 25 қорғаныс элементі бар. Қазақстан Ұлттық Банкі жаңа мерейтойлық және ескерткіш банкноталарды шығарған кезде қорғаныс элементтері саласындағы ең жаңа әзірлемелерді қолданып, үздіксіз жетілдіріп отырды.
Цифрлық теңге – ақшаның үшінші формасы. Ол қолма-қол және қолма-қол емес ақшаларды алмастырмайды, оларды толықтыра түсті. Ол дәстүрлі – қолма-қол немесе банк шотындағы ақшалардың қасиетін біріктіре отырып, мемлекет қаржысы мен халықаралық төлем айналымындағы көптеген мәселені тиімді шешуге мүмкіндік беретін перспективалық инновация саналды. Қолма-қол теңге сияқты Цифрлық теңгені де Ұлттық Банк шығарды.
2021 жылы цифрлық теңге тұжырымдамасын технологиялық тұрғыда іске асыруға болатыны расталды. Ал 2023 жылы Қазақстанда орталық банктің цифрлық валютасындағы алғашқы банк картасы шықты. Орталық банктің цифрлық валютасы Қазақстанда біртіндеп айналымға енгізілді.
Ұлттық валютаны теңге деп атауды ұсынған — Халықаралық Инженерлер академиясының академигі, Қазақстанның белгілі ғалымы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің иегері Сауық Тәкежанов еді.
Жалпы валютаның тарихы алғаш қағаз ақша енгізілген сонау орта ғасыр кезеңінен бастау алады. Бұл валюта саудагерлер арасындағы қарыздарын өтейтін сенімхат секілді жүрді. Әртүрлі мемлекет, қалалар билеушілері алтын, күміс және басқа да құнды материалдарды сақтап, олардың орнына векселдерді шығарумен айналысты. Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін валюта нарығы сенімсіз әрі әлсіз болды. Соғыс аяқталғаннан кейін нарықтағы валютаның тұрақсыздығынан валюта курсының айырмашылығынан жеңіл табыс көргісі келген инвесторлар көбейді. Алайда, тәуекелге бас тіккендердің бәрі жетістікке жетті деуге болмайды. Валюталар нарығының құлдырауы Ұлы депрессияға әкеліп соқты. Міне, осы кезден бері қарапайым халықтан бастап, саясаткерлерге дейін валюта нарығының тұрақтылығы әлемдік қаржы жүйесінде қандай маңызды рөл атқаратынын түсінді.
Заманауи ақшалар пайда болмай тұрған көне дәуірлерде тауарлардың тең айырбастау құралы ретінде қандай да бір қоғамдағы тұтыну заттары қолданылды. Мәселен, үй жануары, метал тілімдері, жануарлар терілері, құнды және жартылай құнды тастар т.с.с. Жинаған байлықтарыңды сақтайтын әлемдегі алғашқы банк толық құнды ақшалар пайда болмай тұрып болған көрінеді. Алғашқы банктердің қызметін жергілікті сарайлар мен бас ғибадатханалар атқарған. Бұл жаңалықты тұңғыш рет месопатамиялықтар ойлап тауыпты. Ал, бүгінгі қаржы операцияларын орындайтын банктердің прототипі б.ғ.д.V ғасырда Көне Греция аумағындағы – Тифия банкі екен.
2025 жылы Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің айналымға енгеніне 32 жыл толуына орай Ордабасы ауданының қаржы жүйесінің дамуына зор үлес қосқан қызметкерлер марапатталды және олардың еңбегін құрметтеу мақсатында аудан әкімдігінде бүгін Теңге күні мен Қаржыгерлер кәсіби мерекесіне арналған жиын өтті.
Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қажырлы еңбегі мен жауапкершілігі үшін марапаттар табыс етті. «Қаржы саласында адал еңбек етіп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген әр қызметкердің еңбегі бағалауға лайық», – деді әкім орынбасары өз сөзінде.
Сонымен қатар, жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдері қаржы саласының стратегиялық маңызын атап өтіп, қызметкерлерге табыс, кәсіби жетістіктер мен амандық тіледі. Аталған шара күрделі саладағы тәжірибелі қызметкерлердің ауданның дамуына қосқан үлесін, олардың кәсіби жетістіктерін бағалауға, сала мамандарын еңбек етуге ынталандыруға бағытталды.
Тақырыпты тарқатып айтар болсақ, айтулы мерекеге орай ҚР Қаржы министрлігінің бұйрығымен Ордабасы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапат – 30 жылдан аса қаржы саласындағы табанды еңбектің, жауапкершілік пен кәсіби шеберліктің лайықты бағасы.
Алтынай Әуезханқызын осы мәртебелі марапатымен Ордабасы жұртшылығы шын жүректен құттықтап, еселі еңбегі үшін алғыстарын айтып, ізгі тілектерін білдірді. Қажырлы қаржыгерлеріміздің еңбегі еленген тарихи күн, Ордабасы ауданының тарихында өшпестей таңбаланып қалары сөзсіз! Бізде өз кезегімізде, Ұлттық валюта – теңге күнімен және Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Егемен елдің ажырамас айғағы ретінде ұлттық валютаның айналымға енуі – қоғам өміріндегі аса маңызды оқиға болды. Бұл Қазақстан Республикасының дамудың дара да даңғыл жолына түскендігін көрсетті. Ұлттық валютаның пайда болуы нарықтық қарым-қатынастың дамып, тиімді банк жүйесінің қалыптасуына тың серпін берді. Қысқа мерзімде елімізде негізін банк жүйесі құрайтын қаржы секторы қайта құрылып, Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларындағы міндеттерді жүзеге асыруда үлкен рөлге ие болып келеді. Қазақстанның әлемдік экономикаға ойдағыдай кіруі, халықаралық мәндегі серпінді жобаларды жүзеге асыру, инфляцияны тежеу және қаржылық нарықтың тұрақтылығын сақтау, экономикалық өсімді ынталандыру қаржы саласына тікелей байланысты.
Мемлекет басшысының сындарлы саясатының арқасында Қазақстан тұтас бір дәуірге барабар жолдан өтті. Осындай жетістікке жетуге, тәжірибелі, өз ісіне шынайы берілген, жоғары білікті мамандар еңбек ететін, ауданымыздың қаржы саласы қызметкерлерінің де сіңірген зор еңбегін атап өткен жөн. Себебі, сіздердің тәжірибелеріңіз, кәсіптік біліктіліктеріңіз ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосуда. Алдағы уақытта да еңбектеріңіз жемісті болып, қаржылық қызметте тұрақтылық пен жаңа белестерге жетулеріңізге тілектеспіз.

