Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумына қатысып, агроөнеркәсіп кешенінің қазіргі жағдайы мен болашақ даму бағыты туралы өзекті ойларымен бөлісті. Форумға 2 мыңнан астам адам – шаруалар, сала мамандары, инвесторлар, қоғамдық және халықаралық ұйым өкілдері қатысты.
Президенттің айтуынша, ел экономикасы биылғы он айда 6,4% өссе, ауыл шаруашылығы да сол қарқыннан қалыспай отыр. Салаға құйылған инвестиция 790 млрд теңгеге жетіп, 20% өсім көрсеткен. Соңғы үш жылда еңбек өнімділігі 37,3% артқан, ал Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингінде 32-орында.
Сонымен бірге елдің ауыл шаруашылығындағы әлеует әлі толық іске асырылмағанын атап өтті. Қазақстан жайылым жер көлемі бойынша әлемде 6-орында, ал егіс алқабы бойынша 8-орында тұр. Демек, басты міндет – қолда бар ресурсты тиімді пайдалану.
Президенттің айтуынша, соңғы он жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 еседен аса өсіп, 3,3 трлн теңгеден 8,3 трлн теңгеге жеткен. Ендігі мақсат – 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті тағы 2 есеге арттыру.
Тоқаев ауыл – халқымыздың тамыры, рухани қазығы екенін айта келе, агросаланы дамыту – жалпы елді дамытуға жол ашатынын ерекше атап өтті. Алдағы жылдары басты басымдық – нақты нәтижеге бағытталған сапалы жұмыс, тиімді реформа және ресурсты ұтымды пайдалану болмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне ризашылығын білдірді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында сөйлеген сөзінде осылай деді. «Ең алдымен, барша ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын деймін. Бұл шын мәнінде, нағыз еңбек адамдарының мейрамы екені сөзсіз. Диқандар, мал шаруашылығы мамандары, шаруалар – бәрі де еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосуда. Қажырлы еңбектеріңіз үшін Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін.
Ауыл шаруашылығы – экономикамыздың стратегиялық мәні айрықша саласы.
Бүгін, міне, ауыл шаруашылығына арналған екінші форумды өткізіп жатырмыз. Алқалы жиынға ауыл-аймақтардан көптеген білікті мамандар арнайы келіп, қатысып отыр. Сондықтан бүгінгі форумды жалпыұлттық ауқымдағы басқосу деуге болады. Жаңа сөз сөйлеген азаматтар салмақты ойларын айтты, ұсыныстарды мұқият қарап, міндетті түрде ескеру қажет».
Мемлекет басшысы: «Биыл диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинады»
«Ауыл шаруашылығы әрдайым мемлекет назарында. Президент ретінде мен осы саланың қарқынды дамуына ерекше мән беремін.
Халқымыз «Егін ексе – ел тоқ» деп бекер айтпаған. Былтыр біз мол астық алып, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік.
Биыл да күзгі жиын-терін берекелі болды. Диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинады. Әр аймақ ел қамбасына мол үлес қосты. Соның ішінде Ақмола облысы ең жоғары көрсеткішке (7,5 миллион тонна) ие болды. Қыркүйек айында егін орағының барысын көру үшін облысқа арнайы барғанымды білесіздер».
Аграрлық саясаттың жаңа бағыты: Мал шаруашылығы, жер және су реформасы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында агросекторды дамытудың үш негізгі бағыты – мал шаруашылығының әлеуетін арттыру, жер қатынастарын реттеу және су тиімділігін күшейту – бойынша нақты тапсырмалар берді.
Президент мал шаруашылығының мүмкіндігі толық ашылмай отырғанын атап өтті. Кең байтақ даламыздың барлық аймағында жыл бойы мал өсіруге жағдай бар. Осы мақсатта мемлекет субсидия, жайылымдарды суландыру, бордақылау орындарын салу және асыл тұқымды мал сатып алуға қолдау көрсетіп келеді. Былтыр бұл бағытқа 60 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Сонымен қатар жеңілдетілген несиелер арқылы шаруашылықты кеңейтуге мүмкіндік бар.
Мақсат – мал басын көбейтіп, Қазақстанды ет экспорттайтын ірі мемлекет ретінде нығайту. Бұл үшін жүйелі өндірістік циклді енгізу, жайылымдарды дұрыс пайдалану және ветеринария саласын түбегейлі жақсарту қажет.
Президент жер мәселесіне де ерекше тоқталды. 2022 жылдан бері 14 млн гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды. Ендігі міндет – бұл жерді келесі жылдың ортасына дейін толық айналымға енгізу. Жайылымдар ең алдымен ауыл тұрғындарына және нақты жобасы бар инвесторларға берілмек.
Кадастрлық құнды қайта қарау, жер телімдерін электронды конкурс арқылы беру және Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеу – осы бағыттағы басты тапсырмалар. Жерді тиімді пайдаланбау енді жол берілмейтін мәселе ретінде қатаң бақылауда болады.
Су мәселесі – агросектордың тірегі. Президент су инфрақұрылымын жаңғыртуды жеделдету қажет екенін айтты. Қазір су қоймаларының 60 пайызы ауыл шаруашылығының қарамағында, сондықтан су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу міндет. Алдағы үш жылда су үнемдеуші әдістер кемінде 1 млн гектар аумақты қамтуы тиіс.
Мемлекет жұмсаған әр тиынның қайтарымы болуын талап еткен Тоқаев қаржыландыру су тиімділігін арттырған өңірлерге бағытталатынын мәлімдеді. Аграрлық жоспарлар мен су ресурстарын басқару жөніндегі бас жоспар өзара толық үндес болуы шарт.
Президенттің айтуынша, агросектордағы барлық бастама нақты нәтиже беруге, ауылдың әлеуетін күшейтуге және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.
Аграрлық сектордың жаңа бағыты: Қаржыландыру, цифрландыру, инвестиция және экспорт
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында агроөнеркәсіп кешенін кешенді жаңғыртудың жаңа кезеңін таныстырып, саланы қаржыландыру, цифрландыру, инвестиция тарту және экспортты дамыту бойынша нақты міндеттер жүктеді. Президенттің айтуынша, агросектор ел экономикасының стратегиялық тірегі болып қала береді, сондықтан оны заманауи технологияға, жоғары өнімділікке және жаһандық бәсекеге қабілеттілікке бейімдеу – басты басымдық.
Биыл ауыл шаруашылығына берілген жеңілдетілген несиелердің көлемі Қазақстан тарихында алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Бұл бес жыл бұрынғы көрсеткіштен он есе көп. Несиеге қолжетімділікті арттыру үшін мемлекет кепілдік беру тетіктерін енгізді. Нәтижесінде «Даму» қорының кепілдігімен 1300 фермер несие алып, мүлкі жеткіліксіз шаруалардың қаржыландыру мәселесі оң шешімін тапты. Сонымен қатар отандық техника өндірісіне ерекше көңіл бөлінуде: шаруалар сатып алып жатқан техниканың 90 пайызы Қазақстанда шығарылады. Тозығы жеткен техника паркін жаңарту мақсатында жеңілдетілген лизинг қолданыста. Төрт жылда тозу деңгейі 90 пайыздан 70 пайызға дейін төмендеді. Президенттің АҚШ-қа сапары аясында John Deere компаниясымен 2,5 миллиард доллар көлеміндегі стратегиялық келісімге қол қойылып, алдағы бес жылда елімізде 3 мыңға жуық заманауи техника өндіріледі.
Форумда Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын цифрландырудың маңызын ерекше атап өтті. Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар — өнімділікті арттырып, шығынды азайтатын негізгі құрал. Елде смарт-ферма, агродрон, спутниктік бақылау және ЖИ элементтерін қолданатын шаруашылықтар көбейіп келеді, бірақ бұл өзгерістер әлі де жүйелі сипат алған жоқ. Сондықтан Үкіметке агросектордағы ақпараттық жүйелерді толық интеграциялап, бірыңғай цифрлық архитектура құру тапсырылды. Бидай қорын нақты есепке алатын цифрлық жүйе қалыптастыру, элеваторларды жаңғырту және электронды бақылау жүйесін енгізу — осы бағыттағы негізгі міндеттер. Жинақталған деректер негізінде саланы тиімді басқару үшін ұлттық ауыл шаруашылығы санағының рөлі де күшеймек.
Президент агроөнеркәсіпте шетелдік инвестиция мен терең өңделген өнім өндірісін арттырудың өзектілігін атап өтті. Қазіргі таңда 200-ден астам инвестициялық жоба дайындалған, жалпы құны 4 триллион теңгеге жуық. 2023 жылы өңделген өнімнің үлесі 35 пайыз болса, биыл 50 пайызға жетті. Келесі жылы бұл көрсеткіш 70 пайызға дейін жеткізілуі тиіс. Тоқаевтың айтуынша, агросектор әлі де шикізат экспорттаумен шектеліп отыр, ал терең өңделген өнім елдің экономикалық әлеуетін анағұрлым арттыра алады. Сондықтан озық технологиясы бар шетел инвесторлары үшін қолайлы жағдай жасалмақ.
Қазақстанның экспорттық мүмкіндігі де айтарлықтай кеңейіп келеді. Еліміз бүгінде әлемдегі жетекші 10 астық экспорттаушы мемлекеттің қатарына кіреді және ұн экспортында көш бастап тұр. Қазақ астығы дәстүрлі нарықтармен қатар Бельгия, Португалия, Норвегия, Ұлыбритания, Вьетнам, Марокко және Алжирге де экспортталып жатыр. Өсімдік майы, майлы дақылдар және қой еті экспорты артып келеді. Өткен жылы Қазақстан 18 мың тоннаға жуық қой етін сыртқа шығарып, осы өнім бойынша әлемдегі он озық ел қатарына енді. Агроэкспорт көлемі бүгінде 5 миллиард доллардан асады. Президент экологиялық таза өнімге сұраныстың өсуіне байланысты «Qazaq Organicfood» брендін халықаралық нарықта кеңінен танымал ету қажеттігін айтты. Бұл үшін елде органикалық өнім стандарттары бекітіліп, жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Мемлекет басшысы аграрлық экспорт логистикасын дамыту мәселесіне де тоқталды. Әлемде мал етіне сұраныс алдағы он жылда 233 миллион тоннаға дейін өседі. Қазақстан бұл нарықта маңызды ойыншыға айнала алады. Бірақ экспортты әуе тасымалы арқылы жүзеге асыру жүйесі әлі толық жолға қойылған жоқ. Сондықтан Үкіметке елдің ірі әуежайларын — Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды және Ақтау хабтарын — ауыл шаруашылығы өнімдері үшін өңірлік логистикалық орталықтарға айналдыру тапсырылды. Бұл көлік инфрақұрылымын күшейтіп, тұрақты экспорт арналарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Президент Тоқаевтың айтуынша, аталған бастамалардың барлығы агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеріп, Қазақстанды жоғары технологиялы, экспортқа бағытталған және жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті аграрлық державаға айналдыруға бағытталған. Аграрлық сектордағы реформалар нәтижесінде елдің азық-түлік қауіпсіздігі нығайып, ауыл шаруашылығы экономиканың драйверіне айналмақ.

