Өркениет дәуірінде жойылып кетуі тиіс мамандықтар тізімінде пошташының кәсібі бірінші тұратын сияқты көрінетін еді. Алайда елімізде байланыстың бұл саласына деген сұраныс әлі де жоғары екен. Бұлай деуімізге пошта байланысын тұтынатын тұрғындардың пікірі арқау болып отыр.
Әсіресе ауыл тұрғындары үшін пошташының мәртебесі зор. Өйткені елімізде интернет желісі түгілі телефон байланысы толықтай қолжетімді болмаған елді мекендер көптеп саналады. Ал бұл ауылдар үшін негізгі ақпарат тасымалдаушының жүгін пошташылар көтеріп тұр. Бірақ осы пошташының әлеуметтік жағдайы шынайы ақпараттарға сүйенсек, анау айтқандай мәз емес. Жазықысы аз жұмыс болғандықтан, бұл міндетті атқаруға өз ісіне құлай берілген адам болмаса, екінің бірі тәуекел етіп келе қоймайтыны шындық. Дерек бойынша, қазір ауылдағы пошташы 15 000 теңге мен 25 000 теңгенің аралығында айлық жалақы алады. Яғни пошташының еңбекақысы еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшерінен де төмен болып отыр. Мұндай жағдайда үй-үйді аралап, хат-хабар, газет-журнал тарататын қызметтің сапасы туралы айту тіптен қиын болар. Бұл мәселе биыл жыл басында Мәжіліс қабырғасында да көтерілген болатын. Мысалы, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған азаматымыз, аймақтардағы пошташылардың әлеуметтік жағдайын жеткізген болатын.
Ал адамдар жұмыссыз жүргеніне қарамастан пошташы болуға құлықсыз. Оның басты себебі жалақының төмендігінде болып отыр.
Тұрғындарға зейнетақы, жәрдемақы түрлерімен қоса, сәлемдемелер, төлемақы түрлерін қабылдап, тапсырылатыны тағы бар. Қазіргі таңда хат-хабар алмайтын, газет-журнал оқымайтын адам некен-саяқ. Тіпті, әр отбасы үйіне жаздырып алып оқитыны да анық. бұқаралық ақпарат құралдарындағы дүниелер адамның рухани жан азығына айналғаны қашан. Көгілдір экранға қарап күн ұзақ телміргенше, тасқа жазылған сан алуан жаңалық, ақыл-кеңес, саясат пен тәрбие – не керек, қажетті ақпараттың барлығын асықпай, ой сарабына салып оқығанға не жетсін. Ілгеріде өзім туып өскен Төлеби ауданының Жамбыл елді мекенінде Әбдіжаппан Досымбаев деген кісі қос қоржынын атқа өңгеріп алып, газет-журналдарды үйді-үйге тарататын. Алыс шалғайдағы малшыларға басылымды су тасушылар жеткізетін. Әйтеуір, ел-жұрт хабарсыз қалмайтын. Өзіміө, әсіресе әкем марқұм пошташыны қатты күтетін. Тіпт, ұзын құлақтані естуімізше кейбір ауылдарда пошташы сәл кешіксе, аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитеті дабыл қағып, пошта басшыларының «шаңын қағып» жатады екен.
Қазір заман өзгерді. Қоғамдық жүйе ауысты. Алайда, рухани азықтың қажеттілігі бұрынғыдан да қатты сезілмесе, құны кеміген жоқ. Түркістан облысы Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылының тұрғыны, бүгінде жасы жетпісті алқымдаған Меруерт деген апамыз бар екенін осындағы ауыл тұрғындарының аузынан да естідік. – Обалы не керек, ауылдағы пошташымыз айлығымыз аз демейді, хат-хабарды жеткізу үшін ебіл-дебілі шығып жүгіріп жүргені, – дейді.
Бүгінгі таңда жаңалықты газет-журналдан емес, интернеттен де білетін болдық. Коммуналдық қызмет ақысын онлайн төлейміз. Ағайынның амандығын хатпен емес, телефонның көмегімен білеміз. Ата-әжеміз зейнетақыны поштадан емес, банкоматтан алады. Бұрын аталған қызмет түрлерін пошташылар көрсететін. Ал қазір олар немен айналысады? пошташының бір күндік тіршілігін көзбен көріп қайттым. «Қазпоштаның» жұмысы тек газет-журнал тарату мен хат тасымалдау емес. Сонымен бірге зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақы беру, коммуналдық төлемдер түбіртегін жеткізу, депозитке қаражат аудару, салық және басқа да әлеуметтік төлемдерді қабылдау қызметтерімен, экспресс жолданымдармен және курьерлікпен де айналысады. Барлығы 50-ден астам қызмет түрін ұсынады. Тұтынушыларының дені — заңды тұлғалар. Шаян ауылының пошташысы Әлімбекова Меруерт Сарманқызының осы салада қызмет еткеніне сонау 1986 жылдан, бүгінгі күнге лейін қырық жылға жуықтапты. Екі баланың анасы бізге неліктен бұл жұмысты таңдағанын баяндап берді.
Бала күнімнен газет-журнал оқып өстім. Ауылда пошташы төрткүл дүниенің жаңалығынан алдымен хабардар болатын. Оған қызығып қарайтын едім.
Жақындарым, таныстарым «неге пошташы болып жүрсің?» деген сауалды жиі қояды. Бұл риторикалық сұрақ сияқты. Жауабы дайын. Жұмысымды жақсы көрем. Өзіме ұнайды. Мерекелерде, туған күн кештерінде құттықтаулар жазып, әріптестерімді қуантып жүремін», — дейді пошташы апа.
Пошташылардың жұмысы басқа саланың қызметкерлеріне қарағанда ерте басталады екен. Мұндағы мақсат – үйлерінен шығып кетпей тұрғанда адамдарға тиісті тапсырысын жеткізіп беру. -«Жұмыс уақыты таңғы 7-де басталады. Сағат кешкі 4-5-ке дейін Шаян ауылының жарты тұрғынына газет-журнал, хат-хабар таратамыз. Кейде жұмысымызды ерте бітіріп жатамыз. Ол поштаға келіп түскен хаттар мен тапсырыстардың көлеміне байланысты. Арнайы тапсырыспен келген хаттарды иесіне табыстау керек. Ол да көп уақыт алады. Кейде хат иесі үйінде болмайды, қызметкерлерге жеткізу кезінде түскі ас немесе жиналыс уақытына түсіп қалсаң, күтуге тура келеді. Мұндай кезде уақыт жағынан ұтылып жатсам да, күтіп, қолына тапсырамын деген апамыздың өз жұмысына деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігінің орасан екені айтпаса да түсінікті.
Жұмыс уақытының ерте басталғаны өзімізге де жақсы. Жазда күн ыстық. Таңертеңгі салқынмен біраз шаруаны жылдам бітіріп аламын. Ауыл тұрғындары жұмысқа кетпей тұрып, тиісті тапсырыстарын жеткізіп беруге тырысамын. Арнайы тапсырысты жеке тұлғалардың үйіне жолдайтындар көп. Кейде оларға хабарлассаң, жұмыста екенін айтып, реніш білдіріп жатады. Сондықтан жұмыстың ерте басталатыны маған да, тұтынушыларға да ыңғайлы. Онығ үстіне таңмен таласа жаяу жүру денсаулыққа пайдалы», — деп түсіндірді Меруерт Сарманқызы.
Қоғамда пошташы болуды төмен деңгейдегі қызмет санайтындар көп. Алайда Меруерт Сарманқызының бір күндік қызметінен хабардар болған біз пошташы болу үшін шыдамдылық пен зеректік, тиянақтылық қажет екенін түсіндік.
-«Түстенуге өзіме бір сағат уақыт бөлемін. Түскі ас кезінде газет-журналдарды таратып тастауға тырысамын. Себебі осы кезде адамдардың ақпарат қабылдауға, газет-журнал оқуға бос уақыты болады»,- дейді пошташы апа. Зейнеткерлікке шықса да, өзі қалап сүйген мамандығын әлі күнге жалғастырып жүрген Меруерт апамыз, жүз мың теңгенің үстінде зейнетақы алатынын, ал пошташы қызметі үшін елу мың теңге алады екен. Менің пайымымша, аз уақыттың ішінде пошта жәшігі пайдалануға жарамсыз болып қалады. Кейбір тұрғын үйлерде пошта жәшігі мүлдем жоқ. Тұрғындар «газетке жазылып едік, әкеп бермеді, төлем қағаздарын алмағандықтан уақытында төлемедік» деп, пошташыларды кінәлайды. Арнайы тапсырыс бойынша жіберілген сәлемдеме болмаса, пошташы әр үйдің есігін қағып жүруге міндетті емес. Өкініштісі, мұны көп адам түсіне бермейтіні рас. Сонымен, пошташымен болған бір күннің ішінде оның қызметінің қаншалықты ауыр екенін түсіндік.
Кейбір деректерге сүйенсек, пошташыға арналған әлемдегі жалғыз ескерткіш Украинада. Ол Закарпат облысындағы аудан орталығы Перечинде Федор Фекеттің құрметіне қойылған. 30 жылдық тәжірибесі бар ауыл пошташысы қызмет барысында мұздың астына түсіп қайтыс болған. Міне сол азаматтың құрметіне арналып жасалынған екен. Шіркін, біздің елде де, міндетті түрде апатты жағдайға ұшырамаса да, ескерткіш орнатуды айтпағанда, түрлі мерекелерде Меруерт Сарманқызы сияқты ерекше жандарға сый-құрмет жасалынып тұрса болғаны. Айтпақшы, ақ көңіл, аңғал апамыз соңғы екі жылдың төңірегінде аудан әкімі Ерлан Нұрмақановтың елеп, мерекелік тарту мен 2023-ші жылдың «Жыл үздігі» номинациясын бергенін мақтанышпен көрсетті.
Шындығында әрбір істе кәсібилікпен қатар адамның өз ісіне деген сүйіспеншілігі керек. Меруерт Әлімбекованың іс-әрекетінен қызметіне деген ықыласы сезіліп тұрады. Оқыған, көзі ашық адам екенін әңгімесінен аңғаруға болады. Жыл сайын 9 қазан – Дүниежүзілік пошта күні тойланады. Осындай мерекеде де апамыздың аты аталып, ауданның құрметіне бөлене түсуіне тілеулеспіз. Осы ретте, айта кетерлігі, пошташы болу үшін шыдамдылық пен жылдамдық, ұқыптылық пен көпшіл болу ауадай қажет.
Жасыратыны жоқ, пошта дегенді естігенде хат жіберіп, хат қабылдап алатын қызмет ғана елестейді көз алдымызға. Алайда бүгінде «Қазпошта» акционерлік қоғамының ауқымы кеңейген, жұмысы сан алуан. Беріге дейін айшылық алыс жерлерден хабар алуда үлкен маңызға ие болған пошта бөлішелері ақпараттық ағым сәт сайын ауысып жатқан тұста қандай қызметке ие? Заманауи үлгіге сай жаңа қызмет түрлері қосылды дегенімізбен, халық арасында пошта қызметіне көңілі толмайтындар жеткілікті. Әсіресе, жеке тұрғын секторларға хат, газет-журнал, хабарлама парақтарын жіберуде пошта қызметкерлерінің кешігуі болып жатады. Оның астарында бір емес, бірнеше әлеуметтік немесе қаржылық мәселе жатуы мүмкін. Мәселен, ел арасында пошташылардың айлығының аздығы жиі айтылады. Нарық қос бүйірден қыспаққа алып тұрған заманда аз айлықпен өмір сүру контентін қалыптастыру да мүмкін емес. Дегенмен де біздің кейіпкеріміз, Шаян ауылының тұрғыны ауыл-аймақ, көрші, ағайындарына, тіпті ауданның ақ жағалы атқамінерлеріне сыйлы да, құрметті. Бұдан асқан бақыт бар ма? Сонымен қатар, үкілеп өсірген екі қызынан сегіз немере, алты шөбере сүйіп отырған аяулы ана, ардақты әже.
Расында да, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында қоғамның басты тірегі болып табылатын еңбек адамдарына, олардың елеулі еңбегіне назар аударып, жұмысшы мамандықтарын ұлықтауға ерекше мән берді. Президенттің бұл бастамалары ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртып, еңбекқорлық пен кәсібилікті қоғамның негізгі бағдарына айналдыруға бағытталған. Сонымен қатар, Президенттің айтуынша, 2025 жылы жұмысшы мамандықтарының ерекше жылы ретінде атап өтілуі жоспарланды. Бұл қоғамда еңбек адамына деген құрметті арттыру, жастар арасында кәсіби техникалық білім алуға ынталандыру мақсатында жасалып отырған маңызды қадам. Қоғамға белгілі кәсіптердің маңыздылығын жеткізіп, еңбек адамдарын ұлықтау тек олардың мәртебесін көтеріп қана қойиай, жалпы елдің экономикалық дамуына шешуші рөл атқаруы тиіс дегені бекерге айтылып жатқан жоқ. Ендеше, еңбек адамы-қоғамның тірегі болса, Меруерт Сарманқызы сияқты еңбек адамы да, сол құрметтерге лайықты.