Халық арасында тарап кеткен «Тас лақтырсаң міндетті түрде заңгерге тиеді» деген қалжың бар. Дегенмен де, әзілдің астарында еліміздегі жастардың көбі бір кездері беделді, әрі пайдалы кәсіп деп, құқықтану мамандығын таңдағанын білдіретін салмағы зіл батпан сөз жатыр. Иә, мемлекеттігі бар, жекеменшігі бар жоғары оқу орындарының бір кездері сұранысқа ие деп, осы мамандықты көптеп ашқаны өтірік емес. Соның салдарынан Қазақстанда жоғары білімді такси жүргізушілер мен жүкшілер қаптап кетті. Бірақ ең қажетті кәсіп иелері азайып кетті. Баласының «болашағын ойлаған» ата-аналар ешкімнен кем қылмаймын деп ынтасы мен бейіміне қарамастан,жұрттың баласы түсіп жатқан оқуға бергені де жасырын емес. Бір жағынан «мен де ешкімнен кем емеспін» деген тыраштануы да болар. Міне, осындай мамандық таңдаудағы кемшіліктің салдарынан елімізде бүгіндері көптеген салада білікті маман жетіспей жатыр. Соның бірі – жол құрылысы.
Бүгінгі таңда кез келген азаматтың кәсіппен айналысуына жан-жақты жағдай жасалған. Әсіресе, ауылдық жерлерде мамандығына сай қызмет таба алмай жүрген жандар үшін үлкен қолдау болып отыр. Олар аудандық, қалалық білім бөлімінің жолдамасымен кез келген колледжге түсіп, қалаған мамандығының иесі атана алады. Бүгінде жол саласында жұмыс істейтін 4 мыңдай маман жетіспейді. Атап айтқанда, экскаватор, бульдозер, каток көлігінің операторлары мен қоса грейдер және тасжол төсеу мамандары тапшы. Бүгінде осы мәселені шешу үшін шетелдік мамандардың көмегімен өз мамандарымызды әзірлеп жатырмыз. Одан бөлек, облыс әкімдіктерімен келісімге келіп, жұмыспен қамту орталықтары арқылы бізде тапшы мамандарды әзірлеу және оны қажет мамандықтар қатарына қосу жұмыстарымен айналысып жатқаны белгілі. Әдетте жұмыс берушілерге жұмыс тәжірибесі мен біліктілігі жоғары машинист қажет. Шеберлікті игеру үшін машинистің көмекшісі лауазымы жаңадан бастаушыларға өте қолайлы. Оның үстіне, бұл болашаққа материалдық қамтамасыз ету үшін жақсы негіз болып табылады. Қазақстанда машинистер ай сайын орта есеппен 124 мың теңге алады. Бірақ бұл шектеу емес. Тәжірибе мен жұмыс орнына байланысты машинистің жалақысы айына 170 мың теңгеге дейін және одан да жоғары болуы мүмкін. Жол саласында қарапайым жұмысшылардың жалақысы орта есеппен 350-550 мың теңге аралығында. Бірақ бір өкініштісі жергілікті тұрғындардың арасынан мұндай жұмысшылар табылмай отыр. Қарапайым жұмысшылардың қатарына асфальт тығыздайтын каток операторы, асфальт төсеушілер мен грейдер жүргізушілері кіреді. Маман тапшылығын өңірдегі барлық кәсіпорындар көріп отыр. Бескөл ауылындағы асфальт-бетон зауытының директоры Залибек Мхоянның айтуынша, өкінішке қарай, жол құрылысы маусымдық жұмыс. Сондықтан жалақысы жақсы болса да білікті маман тұрақтамайды. Қазіргі таңда Қазақстанда жол құрылысы мамандарын даярлайтын 7 жоғары оқу орны бар. Олар: Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, Л. Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институты, Логистика және көлік академиясы (ҚазККА), Қазақ қатынас жолдары университеті, М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті және Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті. Маман жетіспеушілігі мен кадр даярлау ісіндегі олқылықтар – Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы мамандарын да алаңдатып отыр. Өйткені жолдың сапасы алдымен оны төсеген маманның біліктілігіне тікелей байланысты. Осыған байланысты жол құрылысы саласына жауапты құрылымдар бүгінде мектеп оқушыларымен кездесіп, кәсіби-бағдарлау сағаттарын өткізеді. Саладағы тапшылықты жоюға бұл да сеп болмақ. Біздің елімізде жолшы мамандығы өте сұранысқа ие және жолшыларға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Себебі Қазақстан аумағы жағынан әлемдегі – 9-шы ел. Автожолдар желісінің ұзындығы – 96 мың км (республикалық маңызы бар 25 мың, жергілікті жолдар 71 мың). Сонымен қатар Қазақстанда 61 мың км көше жолдары желісі бар. Жолдардың ұзындығы бойынша елдердің әлемдік рейтингісінде біз 32-ші орынды иемденеміз. Үздік үштікке АҚШ, Үндістан, Қытай кіреді. Жолдардың сапасы бойынша, өкінішке қарай, біздің еліміз – 93-ші орында. Қазақстанның осы саладағы әлеуеті зор, алда көп жұмыс күтіп тұр. Алайда нарықта жақсы кадрлардың тапшылығы байқалады. Бұл жол шеберлері, инженер-құрылысшылар, инженер-сметашылар, зертханашылар, асфальтбетоншылар, асфальттөсеушілер, автогредеристер, механизаторлар, ресайклерлер, арнайы техника машинистері және т.б. Бұл негізгі жол күштері. Сонымен қатар геодезистер, картографтар, метеорологтар, механиктер, токарьлар, жобалаушылар, ғалымдар және тағы басқалары бар екені шындық.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің деректері бойынша, қазақстандық ЖОО түлектерінің 60 пайызы өз мамандықтары бойынша жұмыс істемейді екен. Жыл сайын Қазақстанда 70 жоғары оқу орны 10 мың заңгерді даярлайды екен. Ал сарапшылар болса, елге көп маман қажет емес деп санайды. Олар сондай-ақ еңбек нарығының трендтері туралы ақпаратқа ие емес, сондықтан сұранысқа ие мамандықты таңдай алмай жүргені тағы да баршылық. Жол салу әр мемлекеттің басты бағыттарының бірі. Қазақстанда да жыл сайын мыңдаған шақырым жол салынып, оны күтіп-ұстау, жөндеу осы саланың мамандарының мойнында. Жалпы грейдер сөзі (ағылш. grader, grade – тегістеу, түзеу) – алаңдар мен еңістерді жайғастыру (планировка) және профильдеуге, грунт, қар және борпылдақ құрылыс материалдарын тегістеу мен жылжытуға арналған тіркелмелі немесе өзі жүретін машина.
– «Зейнеткерлік жасқа шыққанға дейін Алматы – Талдықорған және өзіміздің Оңтүстік өңіріндегі автожолдарында жұмыс жасадым. Мектеп табалдырығын аттаған соң жоғарғы оқу орнына түcпей, еңбекке ерте араласқан едім. Қазақта «Тауық сойса да қасапшы сойсын» деген тәмсіл бар. Сондықтан әр маман өзі білетін жұмыспен айналысқаны жақсы. Әсіресе жол құрылысы секілді маңызды жұмысты да «асфальттың иісі» мұрнына баратын адамдар атқарса, құба-құп болар еді. Бәлкім, сонда ғана биыл төселген жол жылға жетпей ойдым-ойдым болып қалмас…»,-деген Құралбай Жүнісәліұлының сөзінің жаны бар. Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Шаян ауылының 1959-шы жылғы тумасы Жүсіпбеков Құралбай Жүнісәліұлы гейддерист болып, бұрынғы ДЭУ, қазіргі «Оңтүстік жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестікте 1988 жылдан бастаған. БҮгінгі таңда зейнет жасындағы ағамыз, отыз жылға жуық өмңрңн жол саласына арнаған екен. Жұбайы Жанат Дәуренқұлова екеуі бір үл, бір қыз тәрбиелеп, отандасқандарына жиырма бес жыл болыпты. Ұл-қыздан төрт немере сүйіп отырған бақытты отбасы.