Түйе өсіру – мал шаруашылығының дәстүрлі салаларының бірі. Түйе шаруашылығы арқылы барынша тиімді пайдалануға болатын, шөл және шөлейт алқаптардың алып жатуы осы саланың өркендеуіне кең жол ашқан. Қазақ халқы еті мен сүті әрі тағам, әрі шипалы дәру, жүні – киім, өзі сенімді көлік болған қасиетті жануарды төрт түліктің төресі санаған.
Түйе түлігі негізінен жайылымда бағылып, күтімді, құнарлы азық пен құрылысы күрделі, жылы қора жайды аса қажет етпейтіндіктен, басқа ауыл шаруашылық малдарымен салыстырғанда тиімді сала болып табылады. Салаға орынды жұмсалған қаржы 5-6 есеге дейін табыс әкелетіндігі ғылыми өндірістік тәжірбиелерде де дәлелденген.
Түйе сүтінен дайындалатын шұбаттың дәмдік, сусындық, шипалық қасиеті бәрімізге таңсық емес. Дәрігерлердің бақылауы бойынша, шұбатты тұрақты пайдаланатын адамдардың туберкулезбен мүлдем ауырмайтындығын және асқазан ауруларына да емдік қасиетінің пайдасы бары анықталған.
Түйеден алынатын бағалы өнім – жүнінің қасиеті жайында ел арасында белі ауырлған адамдарға шудадан жаппақ белбеу тағу, сарысу жиналған дене мүшесіне ыстық суға батырылған шуда басу секілді халық медицинасы әдістері кең тараған. Ғарышкерлердің ішкі жеңіл киімдерінің бір тіні түйе жүнінен тоқылатыны да бұл шикізаттың жоғары қасиетін көрсетеді.
Тарихи деректерге үңілсек, ерте замандардағы ел мен елдің арасындағы сауда – саттық түйелі көш керуендері арқылы жүргізілген. Тіпті сонау Самарқан саудагерлерінің сапарға Жібек жолы арқылы 30 мың түйемен шыққандығы айтылған.
Қазір елімізде түйе шаруашылығын дамытуға көптеген игі шаралар қолға алынуда.
Түйенің дене тұрқы ірі болғандықтан, оның салмағы 700-800кг, мойны иір және ұзын. Құрғақ далалы, шөлейтті және шөлді аймақтарда тіршілік етуге бейімделгендіктен, халық түйені «шөл дала кемесі» деп те атайды.
«Түйесі бардың – киесі бар», «Көтерем деп – түйеден безбе – салтанатың емес пе? Тебеген деп биеден безде – қос қанатың емес пе?» деген түйеге қатысты сөздер, даналық нақылдар, мақал – мәтелдер тектен – текке айтылмағандығы. Мұнан бөлек, ел арасында кеңінен таралған Сүгірдің «Бозінгені», ықыластың «Желмаясы», Тәттімбеттің «Бозінгені» сияқты күйлер де ел арасына кеңінен таралған.
Міне осы қасиетті де киелі түйені өсіріп отырған шаруа Әбілқасым Мұстафаев, сонай 1988 жылы Қызылорда облысынан Сайрам ауданына қоныс аударып көшіп келген. Ол жақта айналысқан ата кәсібін бүгінгі таңда Қайнарбұлақ ауылдық округінің орталығы Қасымбек Датқа ауылында өсіріп отыр.
Қорасында 25-ке жуық түйе болса, оның біреуі бура, яғни еркегі, ал қалған 24-і аруана, ұрғашылары. Үш мезгіл, таңда, түсте, кешке сауылатын түйе сауынына кіруге, көруге тек өзгелерге болмайды екен. Өте нәзік болғандықтан, іш тастап қою, тіпті үркіп қалса, сауғызбай қоятын қасиеті де бар екен.
Күніне 10-15 литр сүт сауатын түйешінің ұлы Абайдың айтуынша, емдік үшін ауыл аймақтан бөлек, Сайрам ауданының Қарабұлақ аулынан келетіндердің қарасы көп екен. Шымкент шаһарынан, Бәйдібек, Созақ, Түлкібас, Төлеби, Ордабасы, тіпті сонау Қарағанды, Петропавловскі, Қырғызстаннан да келіп, 15-20 күн түйе сүтін ішкендер де болды дейді. Түйе сүтің ем үшін таңғы 6-да ішу керек екен. Ешкім жетіскеннен келмейді деген түйеші Абай, зәрін ішуге келетіндер де аракідік кездесетінін айтты.
«Күн көріс есебінде асырап отырмыз», ‑ деген Абай, түйенің сүтін, зәрін ішіп, дәрігерлер қойған жаман ауру диагнозынан құлан – таза айғып, алғысын айтып кеткендердің де болғанына тоқталды.
Қандай кәсіпті бастасаң, сол кәсіпке түбегейлі еңбек етсең, жемісін аларың сөзсіз. Неге десеңіз, жоғарыда айтып өткендей шөл және шөлейтте өсетін түйе жануарын өзіміздің көк алқапты Оңтүстік өңірінде өсіріп, қаншама жанның жүрегіне жылу сыйлап, ем – домына шипасын тигізіп отырған Әбілқасым Мұстафаевтың өнегелі ісін ұлы Абай жалғап, бүгінде ұлдары, яғни Әбілқасым қарияның немерелері түйені бағып‑қағуға, қолғабыс етуге жарап, ата кәсіпті өрге домалатып отырған жайлары бар.
«Кәсібім менің‑ нәсібім», ‑ деген Абайдың алған қойған арман – мақсаттарына тілеулестік білдіріп, Сайрам ауданы ғана емес, өзге де өңірлердің әлеуетіне жарап отырған тірлігінің берекелі болуына тілеулестік білдірдік.