Президент Қасым ‑ Жомарт Кемелұлы Тоқаев қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс екені, шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік екенін атап өткен болатын.
Ал, «Бүгінгі заманда еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен менің ойымша, таза жұмыс істейтін адам. Өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адамды еңбек адамы деп есептеймін», ‑ деген драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың бұл сөзі Түркістан облысы Сайрам ауданы Көлкент ауылдық округіне қарасты Теспе ауылының тұрғыны Найман Бағдат Адамбекұлына арнап тұспалдағандай.
Ия, бұл азамат атағы шығып, көпке танылмаса да, ауыл аймаққа диханшылығымен таныс. Ауылдың, тіпті Түркістан өңірінің экономикасын дамытуға, өзінің ілеуетін арттырумен қатар, өзгелерге үлгі болар еңбек жасап отырған жанға құрметтің де ерекше болғаны абзал.
«Бағбан болсаң, бақ өсір…» демекші Теспе аулының отауы ертеректе Фрунзе деп аталған екен. Сол кезде ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі жүзім өсіру болған. Бүгінде бұл кәсіпті брен‑сараң үйден байқауға болады. Алайда біздің кейіпкеріміз Бағдат ағадан, атадан – әкеге, әкеден балаға мирас болып келе жатқан жүзім өсіру бағбандығына – 55 жылға жуықтағанынан хабардар болдық.
Мамандардың айтуынша егерде ата‑ анасы өз істерін баласы жалғастырғанын қалаған болса, онда айналысатын істеріне қатысты көбірек ақпараттандырып оның өмір арнасын сол кезден бұрған дұрыс дейді.
Табиғаттың тамырын тап басып, туған жерінің ерекшелігін, жүзім өсіруді білетін білгір бабаларының асыл қасиетін, тәлімді тәрбиесін бойына сіңіре білген Бағдат аға көп жылдан бері Теспе ауылындағы өз үйінің ауласында бау‑ бақша, жүзім өсірумен бірге, ауылдан алшақтауда аумағы 1,5 мың гектар жерде жүзімді баптаумен айналысады. Байқағаным, күнделікті сүйіп айналысатын ісі іспеттес. Өйткені атадан балаға мирас болған кәсіптің дөңгелеуіне ұйытқы болған Бағдат ағаның әңгімесінен бейнет етіп татқан дәм мен тапқан дәулеттің орны әрқашан бөлек екенін ұқтым.
— «Әкемнің ағасы Ақылбай Байбосынұлы ертеректе Ташкенттен көшіп келіп, осында қоныстанған екен. Ол жақта жүзім өсірумен айналысқан шаруасын, әкеме үйреткен. Ал анам жүзім өсірумен 12 жастан ата – анасының қасында жүріп машықтанғаның айтып отырушы еді.
1927 жылы туылған әкем, осыдан үш жыл бұрын дүние салды. Анам ертеректе Пайғамбар жасына қараған шағында бақилық болды. Әкем тіс дәрігері болғандықтан, үй шаруасын күйттеу, жүзімді баптау анамның мойнында еді. Қасында жүріп жүзім өсірудің бірәз тәсілін меңгердім. Анам қайтқан соң, әкемнен үйренгенім көп болды», ‑ дейді Бағдат аға.
Жалпы жүзім шаруашылығы 50 жылға жуық өнім береді екен. Ақпараттық мәліметтерге сүйенсек, әлемде жүзімнің 4000-ға жуық түрі, ал елімізде 70-ке жуық түрі өседі. Бағдат ағаның бағында жүзімнің 6 түрлі жүзімнің сұрыптары өсуде. Атап айтсақ, кеш пісетін-тайфун, орта кезеңде пісетін-ризомед, победа, қара гөзал, киш-миш және кординаль. Қай дақылдың да мол өнім беруі үшін күтіп‑баптаудың маңызы айтпаса да түсінікті. Сондықтан да шаруа көршілес Қарабұлақ, Көлкент, М.Оразалиев, Қасымбек Датқа, Әсіларық ауылдарының жүзім өсіру шаруашылыңымен айналысатын баңбаншылармен жиі кездесіп, тәжірибе алмасып отыратынын айтты.
‑«Жүзімдік ағаштарын өсіріп, баптау біле білген жанға оңай жұмыс емес. Жалпы қай дақыл болсын, оған уақытылы күтім жасамасаңыз, одан мол өнім ала алмайтының анық. Жүзім де сондай. Көшетінен жерге отырғызған сәттен бастап, оны керекті тыңайтқыштар мен зиянды жәндіктерден қорғайтын арнайы препараттармен тұрақты өңдеп отыру қажет», ‑ дейді бағбан.
Марқұм анасы Мырзабекқызы Күнсұлу ұлының бойындағы бағбандық қасиетін байқап, осы шаруашылықпен айналысу Бағдат балама бұйырады дейтін кездері жиі болған екен. Оның өзіндік сырына тоқталған ағамыз: «Анам үйге қонақ келсе әпкем мен қарындасымның қасына ілестіріп, жүзім теріп әкелуді тапсыратын. Әпкем, бақ ішіндегі ең ірілерін теріп алса, қарындасым да таңдау болмайтын, қолына ілінгенін жұлып аоа беретін, ал мен келген қонаққа шақтап, тіпті сыйлы қонаққа өзгешеулерін теріп апаратынмын. Мұны көрген анашым, үнемшілдікті үйлестіре білу де – өнер деуші еді, жарықтық», ‑ деп еске алған ағамыздың бойында бұл үрдіс сақталып қойыпты.
Ең бағалы да, құрметті мамандық осы бағбаншылық. Еңбек ақысы да басқалардан беделді. Осы бағбандықпен айналысуды ұлдарыма үйретіп, жұмыссыз жүрген ауыл жастарын жұмыспен қамтамасыз етсем, жерімізді, өлкемізді жасыл желекке көмкеріп, экономикамыздың дамуына, бұл кәсіптің өрлеуіне титтейде болса үлесімді қоссам деген асқақ арманынан сыр шерткен жүзім баптаушы ағамыздың кәсібінде кедергілердің де кездесетінін тілге тиек етті. Өйткені күндік табысына 5-7 мың теңге аралығында төлейтін жүзім баптау жұмысына ауыл жастарын тарту оңай шаруа болмай тұрғанын, көршілес өзбек ағайындардың көмек қолына жүгінетінін, шабындық кезінде кездесетін қиындықтардан сыр ақтарды.
Арнайы алған аграрлық білімі болмаса да, ата – анасынан үйренген кәсібін мақтан тұтқан Бағдат ата, бұйырса биылғы жылдың терілімінде 30-40 тонна өнім алатынын жеткізді.
— «Жүзімді қаңтар айында суғарған дұрыс. Жарықтықтың тамыры 20 метр тереңдікке кете беретіндіктен, сол кездегі намы, ерте көктемнен піскен қара күзге дейін сақталып тұрады. Дәл қазір суғарсаң әрі кетсе жарты метрге дейін намданады. Одан кейін жүзімге зиянкес арам шөптер қаулап өседі. Ол өскен соң зиянкес жәндіктерде пайда болады, Ал жүзімнің арасында арам шөп болмауы қажет. Мәселен шетелдің жүзім алқаптарынан бір тал арам шөп көрмейсің. Өйткені оларда бәрі механикаландырылған. Шіркін біз де сондай дәрежеге жетсек», ‑ дейді шаруа.
Жұбайы Роза Қалауқызымен отандасқанына 40 жыл болған олардың шаңырағында екі ұл, үш қыз дүниеге келген. Әзірге бұл кәсіптің қай ұлына өтетінін дөп басып айта алмаған бағбан, ата кәсіпті тастауға болмайтынын айтады.
Кез келген жұмыстың қызықшылығымен қоса, қиындығы да қатар жүретін белгілі. Әсіресе су тапшылығы, бос жүретін малдардың баққа түсуі, тіпті аяқ асты өрттің шығуы да, салдарынан 30 соттық жүзімнен айырылып, шығынға батырған кездері де болған екен.
‑« Халқымыздың «Ердің атын еңбек шығарады» деген қанатты сөзі бар. Өзім айналысып отырған ісіммен мақтанамын. Әрбір адам өз жұмысына адал болып, соңына дейін жеткізу қажет. Негізінен жүзім баптау – аса сабыр мен төзімді талап ететін еңбек. Ұлы пайғамбарымыздың «Диханшылықты кәсіп етіңдер, өйткені ол берекелі іс» ‑ деп өсиетті етуі бекер емес», — дейді Бағдат аға.
« Еңбек – адамның көркі, адам – заманының көркі» дейді халық даналығы. Мемлекет басышысы Қасым‑ Жомарт Кемелұлы Тоқаев нағыз еңбек адамы дегеніміз кім екенін пайымдап, «бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы – бұл істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат» деген болатын.
Ала жаздай баптаған бағынан береке тапқан Бағдат ағамыздың еңбекқорлығына тәнті болдым. Жан дүниесі табиғатпен үйлескен, ата кәсібін мирас еткен азаматтарымыздың көп болғанына не жетсін, шіркін?!