Бүгін – ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні. Ел диқандары мен шаруалары атаулы мерекеге биыл да зор табыспен жетіп отыр. Жалпы, ауыл шаруашылығы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру – стратегиялық міндет. Оның дамуына ықпал ету – мемлекеттің ғана емес, фермерлердің алдындағы маңызды міндеті.
Бар өмірін туған жердің дамуына арнауды мақсат еткен студенттерімізге еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына үлестерін қосып, табысты еңбек пен төккен тердің жемісін көруге атсалысқан шаруалар еңбегі ерен. Еліміздің дамуы мен шаруашылықтың шыңдалуы жолындағы барлықтарыңыздың еңбектеріңіз абыройлы десек артық айтқандығымыз емес.
Қазақстанда әр жылдың қараша айының үшінші жексенбісінде Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні атап өтіледі. Бұл кәсіби мереке 1988 жылдан бастау алады. Сол жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен қарашаның үшінші жексенбісі ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні болып жарияланған. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан бұл дәстүрді сақтап, 1998 жылы мереке күнін заң жүзінде бекітті. Бұл мереке басқа елдерде де бар. Мысалы, Беларусьта ол АПК ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні ретінде белгілі, ал Украинада ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні ретінде аталып өтеді. Аграрлық сектор ел экономикасында маңызды орын алады. Ауыл шаруашылығы өндірісінің негізін егіншілік пен мал шаруашылығы құрайды. Қазақстан ең алдымен қатты сұрыпты бидай өсірумен танымал. Дәнді дақылдардан бөлек, елде мал азығы және техникалық дақылдар – күнбағыс, зығыр, мақта өсіріледі, сондай-ақ бақша және жеміс өсіру шаруашылығы дамып келеді.
Бұл мерекенің сары күздің соңғы күніне қойылуы да тектен-тек емес. Өйткені жыл бойына еңбекпен табылған жемістің қорытындысы көрсетіліп, еңбек адамдарының да жұмыстары бағаланады. Олардың мерейлері тасып, еңбекке деген ынтасы артып, құлшыныс көбейеді, әрі өзгелерге үлгі болады. Құрметті ауыл шаруашылығының еңбеккерлері! Ауыл шаруашылығы – азаматтарымыздың өмір сапасына тікелей әсер ететін экономиканың басты салаларының бірі. Ерте көктемнен кетпен-күрегі қолынан түспейтін диқан қауым бүгінде төккен терінің жемісін жинап, тұтынушыларға ұсынуда. Жұмсалған шығынын есептеп, еңбегінің нәтижесі табыс әкелетінінен және үмітті. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында еңбек қана барлық қазақстандықтардың әл-ауқатқа және жаңа өмір сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алатынын атап өтті. Яғни бүгінде өз өнімін нарыққа шығарып отырған диқандар әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін жақсарта түсетініне сенімді. Олай деуімізге негіз де жоқ емес. Сіздердің тынымсыз, тіршілікке қажетті еңбектеріңіздің арқасында бүгінде отандық аграрлық сектор нық дамып келеді. Әрине, біз одан әрі еңбектеніп, еліміздің игілігі үшін әлеуетімізді арттыра беретін боламыз. Бар өмірін туған жерге арнап жүрген сіздердің еңбектеріңіздің жемісін, маңдай тердің берекесін ұрпақтар жалғастыруға жазсын дегіміз келеді.
Сонымен, кешегі күн Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері құрметке бөленді. Түркістан қаласында Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні құрметіне «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» мерекелік іс-шарасы өтті. Іс-шарада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өңір диқандарының 300 тоннадан астам өнімі ұсынылды. Одан бөлек, қайта өңдеу кәсіпорындарының көрмесі мен «Ауыл аманаты» арқылы жүзеге асқан жобалар мен өнімдер таныстырылды. Көрмеге өңірімізде өндірілетін табиғи өнімдер қойылды.
Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады.
– Бүгінгі дәстүрлі «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» салтанатты мерекесі еңбек адамдарына құрмет көрсетіп, оны дәріптеуге арналады. Күні кеше өткен ауыл әкімдерінің форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылды дамыту мәселесіне кезекті рет тоқталды. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласының маңызы айрықша. Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында облысымыз ауыл шаруашылығы саласында жылды жоғарғы деңгейде қорытындылап отыр. Ауыл шаруашылығы бойынша республикадағы жалпы өнім көлемінің 13 пайызы біздің облысқа тиесілі. Осы жылдың 10 айында бұл салада 1,1 трлн. теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 183 млрд. теңгеге немесе 21 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығы мен тамақ өндірісінің негізгі капиталына инвестиция тартуда көш басында келеміз. Мақтаның нарықтық бағасы экспортқа тәуелді және жыл сайын өзекті мәселе болып отырғандығына байланысты, біз мақта-тоқыма кластерін құру жобасының алғашқы кезеңін бастадық. Алдағы 5 жылдықта дайын өнім шығаратын отандық толық циклді кәсіпорындарды құру есебінен, мақта бағасына экспорттық тәуелділікті жоямыз. Бүгінгі таңда шаруаларымыз еліміздің өсіп-өркендеуіне және өңіріміздің әл-ауқатын көтеруге үлкен үлес қосуда. Облыстың аграрлық саласын жаңа бағытта дамытуға өздеріңізбен бірге қол жеткіземіз деп сенемін. Біз өңіріміздің экономикасын көтеру жолында бірлесіп, еңбек етуіміз қажет. Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Мерекелік жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров ауыл шаруашылығы саласында аянбай еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа ҚР Президентінің «Еңбек даңқы» орденін, «Құрмет» орденін, «Ерен еңбегі үшін» медалін, облыс әкімінің дипломын табыстады. Сонымен қатар бірқатар еңбек адамы ҚР Премьер-министрдің Алғыс хатымен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен және «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Одан бөлек, облыстың аграрлық саласының дамуына белсенді үлес қосып келе жатқан озат жұмысшы мамандарға құрмет көрсетілді.
Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Онда Қазақстанның танымал эстрада жұлдыздары Нұрлан Әлімжанов, Әйгерім Қалаубаева, Маржан Арапбаева, Қуандық Рахым ән шырқап, жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға егіліп, өткен жылдан 34 мыңға гектарға ұлғайып отыр. Сондай-ақ өңірде су үнемдеу технологиялары жаңадан 59 мың гектар алқапқа енгізіліп, жалпы көлемі 114 мың гектарды құрады. Одан бөлек, мақта дақылы жаңа әдіспен 52 мың гектар алқапқа егіліп, өнімділік екі есеге артты. Өңірде мақта-тоқыма кластерін құру жобасы қолға алынып, құны 201 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде мақта өнімділігін 3 есеге дейін арттырып, 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделуде. Бүгінгі таңда жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс өнімі жиналды. Бұл бойынша Түркістан облысының республикадағы үлесі 76 пайызға жетіп отыр.
Ал, мал шаруашылығының дамуы, ет экспорты бойынша Түркістан облысы республикада жетекші орында. Республикада экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы облыстың еншісінде. 2025 жылдың 10 айына 27,2 мың тонна ірі қара мал еті, 20 мың тонна қой еті экспортқа бағытталды. Ет кластерін дамыту бағытында құны 48,9 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде жылына қосымша 35 мың тонна ет өндіріліп, ет экспортының көлемі 2 есеге ұлғаймақ.
Саланы әртараптандыру бағытында басымдық қайта өңдеу саласына берілді. Осы орайда, 3 кластерлік бағытты дамытуды қолға алынды. (мақта, жүгері, ет). Осы арқылы 2026 жылы жалпы өңірлік өнім көлемін қосымша 558 млрд.теңгеге ұлғайту күтілуде.
Облыстың агроөнеркәсіптік кешені саласында 2025-2027 жылдарға инвестициялық жобаларды іске асырудың Жол картасы бекітіліп, құны 295,5 млрд теңгеге 78 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар биыл 10 айда өңірдегі ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 155,6 млрд теңге инвестиция тартылып, 1,1 есеге ұлғайды. Ал тамақ өндірісінің негізгі капиталына 31,5 млрд теңге инвестиция тартылып 1,3 есеге өсті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 355,5 млн АҚШ долларын құрап, 1,1 есеге артты. Жалпы өнім көлемі 182,5 млрд теңгеге ұлғайып, 1 трлн 86,9 млрд теңгегі құрады. Өңір республикада алғашқы орында. Жыл қорытындысымен жалпы өнім көлемі 1 трлн 207 млрд теңгеге, нақты көлем индексі 105 %-ға жеткізілмек.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы 2025 жылдың 28 қарашасында, яғни Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет 2500 ауыл әкімінің бас қосуымен Астанада жиын өткізді. Президент ауылдардың бюджетін ұлғайтуға тапсырма берді. Жиынға келгендердің арасында ең жасы 30-ға да жетпеген жас әкімдерден бастап, 30 жыл ел басқарған тәжірибелі басшыларға дейін болды. Сол форумда Мемлекет басшысы: «–Ауыл – төл өркениетіміздің алтын қазығы. Ауылды өркендету – баршаға ортақ парыз. Мемлекет бұл мәселеге ерекше жауапкершілікпен қарайды. Өздеріңіз білесіздер, 2022 жылы халыққа ұсынған сайлау алдындағы бағдарламада ауыл мәселесіне айрықша назар аудардым. Алғашқы Жарлығым да ауылды дамытуға арналды. Соған сәйкес Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Қазіргі таңда осы құжатқа сай нақты жұмыс атқарылып жатыр. Жуырда ғана Ауыл еңбеккерлерінің екінші форумын өткізіп, осы саладағы өзекті мәселелерді қарадық. Ал бүгін ауыл-аймақтардың даму бағдарын айқындаймыз. Бұл – мемлекеттің алдында тұрған стратегиялық міндеттің бірі.
Соңғы жылдары ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. 2022 жылы халықтың табысын арттыруға арналған кешенді жоспар қабылданды. Биыл Үкімет алдағы бес жылға арналған Өңірлерді дамыту тұжырымдамасын бекітті. Ауылға қомақты инвестиция тартылды. 2021 жылдан бері ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 864 нысан салынды. Сондай-ақ 388 жаңа мектеп ашылды. Былтыр 2 мыңға жуық ауыл мектебіне сапалы интернет берілді.
Жыл өткен сайын ауылдың әлеуеті артып келеді. Өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі жоғары ауылдардың саны көбейе түсті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі алты жылда 1,5 еседен астам өсіп, 8,3 триллион теңгеге жетті. Биыл ауылдағы шаруаларға 1 триллион теңге көлемінде қолдау көрсеттік. Дәл осындай мемлекеттік қолдау көрсеткен елдер көп емес, тіпті, бұл көптеген ел қол жеткізе алмайтын қаржылай көмек деуге болады», — деді.
Шаруашылығы шалқайған – Ордабасы ауданында да айтулы мерекеде ескерусіз қалмады. “AGROFEST TÚRKISTAN – 2025” фестивалінде агроөндіріс саласының жетістіктері айшықталып, ауданның еңбек озаттары марапатталды. Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде ҚР «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні» кәсіби мерекесіне арналған дәстүрлі «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» фестивалі жоғары деңгейде өтті.
Шара өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін кеңінен танытуды, ауыл шаруашылығы саласындағы үздік тәжірибелерді насихаттауды және аймақ өндірушілерін қолдауды мақсат етті. Іс-шара аясында өңдеу өнеркәсібінің көрмесі ұйымдастырылып, саладағы қазіргі жетістіктер, жаңа технологиялар және өңделген өнімдердің түр-түрі көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарын қолдауға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының табысты нәтижелері көрсетіліп, өңірдегі бірнеше бастама үлгі ретінде таныстырылды.
Фестиваль жұмысына белсенді қатысқан Ордабасы ауданы өз өндіріс орындарының өнімдерін ұсынып, аграрлық саладағы даму келбетін көрсетті. Аудан өндірушілері жәрмеңкеге: 1 тонна асқабақ, 1 тонна пияз, құс етінен дайындалған өнімдер, табиғи сүт өнімдері сияқты жоғары сапалы тауарларын жеткізді. Бұл ауданның ауыл шаруашылығы бағытында тұрақты дамып, өнім көлемін және сапасын арттырып келе жатқанын дәлелдейді.
Фестиваль барысында аграрлық саладағы елеулі еңбегі үшін Ордабасы ауданынан бірнеше азаматтары:
🔸ҚР Премьер-Министрінің Алғыс хаты – «Ақ қайың» АШӨК төрағасы Пралиев Асқар Есмаханбетович;
🔸«Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі – «Мадина» ШҚ төрағасы Тоқпанбетов Ержан Тансикович;
🔸Жылдың үздік гидротехнигі – «Тұран су» ШЖҚ МКК ТМК Төрткүл учаскесінің инженер-гидротехнигі Сәмбет Сапарбай Рахымұлы;
🔸Жылдың үздік агрономы – «Бадам» ӨК агрономы Тасболат Қайрат Жақсылықұлы;
🔸Асыл тұқымды мал өсіруші – «Ортай» ШҚ төрағасы Аташев Мұқағали Омарбекұлы;
🔸Өсімдік шаруашылығында инновациялық технология енгізген үздік маман – «Таймас-2024» ЖШС басшысы Серікбаев Төлеген Бахытович марапатталды. “AGROFEST TÚRKISTAN – 2025” фестивалі өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуға, ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялық шешімдерді насихаттауға және аграрлық мамандарды қолдауға бағытталған маңызды алаңға айналды. Шара ауыл шаруашылығының дамуына серпін беріп, отандық өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етті.
Салтанатты жиында ауыл шаруашылығы өнімдерінің кең көлемді жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 300 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды. Сонымен қатар, іс-шара барысында қайта өңдеу кәсіпорындарының көрмесі өткізіліп, «Ауыл аманаты» жобасы аясындағы табысты бастамалар таныстырылуда. Көрме сөрелеріне сүт өнімдері, жұмыртқа, шұжық түрлері, балық өнімдері, балара өнімдері, өсімдік майлары, қызанақ және алма шырындары қойылып, өңдеу саласының әлеуеті кеңінен көрсетіліп жатыр. Ауқымды шарада ауданымыздың ауылшаруашылық саласындағы жаңашылдықтары пен жетістіктері ұсынылды.
Осыдан шамасы бір ай бұрын Ордабасы ауданында молшылық пен берекенің мерекесі — «Алтын күз – 2025» және Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні кең көлемде аталып өтіп, оған өзіміз де қатысқан болатынбыз.
Мерекеде аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, облыстық «Amanat» партиясының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Раймбеков, ауданның құрметті азаматтары, ауыл еңбеккерлері мен тұрғындар қатысты.
Мерекелік алаңда ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер паш етіліп, заманауи техникалар көрмесі, өнім жәрмеңкесі және асыл тұқымды малдар таныстырылды. Аудан әкімі Азат Оралбаев жиналған қауымды құттықтап, ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегін ерекше атап өтті:
— «Бүгін біз молшылық пен берекенің, ырыстың мерекесін атап өтудеміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сай, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру — біздің басты міндетіміз. Соның нәтижесінде Ордабасыда агроөнеркәсіп саласы тұрақты даму жолына түсті. Бұл жетістіктер — шаруаларымыздың қажырлы еңбегінің, дұрыс жоспарлаудың және бірліктің жемісі. Халқымыз “Жері байдың — елі бай”, “Еңбек түбі — береке” деп бекер айтпаған. Бірлігіміз бен еңбегіміздің арқасында ауданымыз әрқашан берекенің мекені болып қала береді», — деді аудан басшысы.
Биыл Ордабасы аудан бойынша 71 600 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліпті. Оның ішінде 6 925 гектар аумақ су үнемдеу технологиясымен игерілген. Бұл — су ресурстарын тиімді пайдаланудағы маңызды жетістік екеніне таласымыз жоқ.
Жылыжай шаруашылығы бағытында да оң өзгерістер бар: Шұбарсу ауыл округінде 15 гектар жер телімі бөлініп, 42 шаруаға берілген. Оның 30-ы “Ауыл аманаты” бағдарламасы арқылы қолдау алып, бүгінде 23 азамат алғашқы өнімін жинауда. Осылайша, аудандағы жылыжай көлемі 134 гектарға жеткен.
Аудан шаруалары биыл 144 дана жаңа техника сатып алып, еңбек өнімділігін арттырған. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 450 мың тоннаға, жалпы құны 55,9 млрд теңгеге жеткен. Мал шаруашылығында да тұрақты өсім бар – төрт түліктің жалпы саны 560 мың басқа жеткен.
Айтулы мерекелік шара барысында ауыл шаруашылығы саласының үздік қызметкерлері Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен және сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінің әртістері мен жас өнерпаздар ұсынған концерттік бағдарлама көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мереке соңында қатысушылар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін тамашалап, еңбеккерлердің жетістіктерін жоғары бағаланған болатын.
Тарқата айтсақ, қазақ даласының тауынан төбешігіне дейін тұнған шежіре, тасын түртсең, тарихы сайрапқоя беретін, ел жүрегі, жер кіндігі – Ордабасы ауданы Түркістан облысының өркендеуіне көңіл тоғайтарлық жетістік сыйлауда. Аудан халқы қандай ақкөңіл кең болса, аудан жері де жомарт, кеше еккен тұқымың аз уақытта жайқалып, ел байлығы – егінге айналады.
Өңірдің негізгі саласы – ауыл шаруашылығы. Тек Қазақстанда ғана емес Орта Азияда теңдесі жоқ өндіріс орындары Ордабасының экономикалық әлеуетін арттырып отыр. Ауданда егіс көлемі ұлғайып, жылыжайлар өндірісі қанатын кеңге жаюда. Алқаптардың өнімділігін арттыру мақсатында тамшылап суару әдісі қолданылып, нәтижелілігін байқатты. Ауданда мал шаруашылығы тұрғындардың негізгі кәсібіне айналған.
Мемлекет пен Үкімет тарапынан қолға алынып мал шаруашылығын дамытудың тірек негізіне айналған «Ауыл аманаты», «Ауыл — ел бесігі», «Дипломмен ауылға» бағдарламаларының ауданда ойдағыдай жүзеге асырылып жатқанын нақты цифрлар айшықтай түседі. Соңғы жылдарда асыл тұқымды жылқы, ірі қара, уақ мал өсіру кеңінен қолға алынған. Ауыл шаруашылығын қайта өңдеу кәсіпорындарының қатары өскені байқалады. Ауданда кәсіпкерлік саласы күннен-күнге өркендеуде.
Республика көлемінде гүлденген өңір, шұрайлы аймақ, құнарлы өлке Ордабасы ауданын білмейтін жан жоқ. Оның аңызға айналған аты ертеден-ақ әспеттеліп жырға қосылған, әннің арқауына айналған. Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте қазақ халқының басын біріктіріп, бір тудың астына жинаған да осы Ордабасы еді. Сонысымен де аты қастерлі, жері киелі.
Қасиетті Ордабасы атауын иеленген ауданымыздың жұртшылығы осы жоғары мәртебені абыроймен алға асырудың мақсатында күш жұмылдырып келеді. Бүгінде ауданымыз республика көлеміндегі шаруасы шалқыған, экономикасы өркендеген,, өнерінің өресі биік өңірден саналады. Қай саланы алып қарасақ та заман талабына сай өсіп, өркендеуде. Бұған айқын мысалдар жетіп артылады.
Ауданымыздағы басты салалардың бірі – ауыл шаруашылығын ойдағыдай өркендетудің берік негізі қаланған.
Сайып келгенде, мақтан етер табыстар мен қуаныштар жеткілікті. Осы берекені еселей беру – алғы күндердің межесі ретінде айқындалған. Сол асқақ межелердің бағындырылатынын баршамыз куә бола берейік дегім келеді.

