АЭС құрылысы бойынша референдум Қазақстанда 2024 жылғы 6 қазанда өтті. Осы жылдың 8 қыркүйек күнгі халыққа Жолдауында да мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екінші және үшінші атом электр станциясы құрылыс жобаларын бастауды тездетуді тапсырған еді.
Жасыратыны жоқ, Қазақстанның азаматтық қоғамы арасында АЭС-ке қатысты күдік-күмән мен сұрақтар көп. Кей эколог Қазақстанда АЭС салуға қарсы. Олар атом станциясы Балқаш көліне кері әсер етуі мүмкін дейді. Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар да АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия және саяси жағынан тәуелді болып қалады деп алаңдайды. Ал Қазақстан билігі «саяси тәуелділікті» жоққа шығарады. АЭС салу мәселесіне қатысты бүкілхалықтық референдум өткізу бастамасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында ұсынған болатын.
«Әсіресе, жасанды интеллект саласындағы мамандар айрықша сұранысқа ие болады. Инновация мен жоғары технологиялар негізінде еліміздің алдағы даму кезеңдерінің берік іргетасын қалап жатырмыз.»,- деген болатын Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының бастамасына басымдық берген Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев пен «ASIA ENERGY CO» ЖШС бас директоры Бауыржан Керімқазы арасында қол қойылған өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалынды. Меморандум – бұл тек іскерлік келісім емес, сонымен бірге ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын инновациялық және экологиялық жауапты бағытқа бұрудың стратегиялық актісі. Бұл қадам Мемлекет басшысының энергетикалық инфрақұрылымды нығайту, жеке инвестицияларды тарту және Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу туралы жалпыұлттық бастамаларын жергілікті, аудандық деңгейдегі нақты іске асырудың мәнін көрсетеді. Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында инвестиция саласына басымдық берді. «Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет», — деді Мемлекет басшысы. – Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет. Бірақ қазір тұрған міндет – басқа. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бәйдібек ауданы әкімдігі мен «ASIA ENERGY CO» ЖШС арасында жасалынған меморандумның негізгі идеялық салмағы – жергілікті билік органының өңірдің инвестициялық тартымдылығын өтпелі күту режимінен алдын ала түрде қалыптастыруға көшкенін білдіреді. Әкімдік пен ірі жеке компанияның арасындағы тікелей байланыстың орнауы – Бәйдібек ауданының экономикалық дамудың жаңа векторын белгілеуге қабілеттілігін арттыратыны сөзсіз.
Кездесу барысында талқыланған қуаттылығы 50 МВт болатын Күн электр станциясын (КЭС) салу жобасы – Бәйдібек ауданының энергетикалық тәуелсіздігін нығайтумен қатар, аймақтың технологиялық және экологиялық санасын жаңғыртуға қосқан айрықша үлесі болып табылады. Күн электр станциясының салынуы – энергия өндірісіндегі көміртек ізінен арылуға және таза, қайта қалпына келетін энергия көздерін тиімді пайдалануға бағытталған экологиялық императивті жүзеге асырады. Экономикалық тұрғыдан, бұл инфрақұрылымның нығаюына және өңірдің энергия жүйесінің сенімділігін арттыруға кепілдік береді.
Осы ретте, аудан әкімдігінің Боралдай ауылдық округінен 50 гектар жер телімін жалға беру мүмкіндігін қарастыруы – жергілікті ресурстарды ұлттық стратегиялық міндеттерді шешу жолында тиімді пайдалануға деген даярлығын көрсетеді. Бұл – биліктің инвесторға кедергісіз, жедел және институционалдық қолдау көрсетуінің нақты механизмі. Меморандум аясында жобаны іске асыруға байланысты тиісті рұқсат құжаттарын рәсімдеу кезеңінде аудан әкімдігі тарапынан сүйемелдеу жұмыстарының жүргізілетіні туралы уәде – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының «бизнес үніне құлақ асатын әкімдік» моделіне трансформациялануын білдіреді.
Әкімдік сүйемелдеуінің маңыздылығы – жеке инвестициялардың әкімшілік-бюрократиялық кедергілерге тап болмауын қамтамасыз ету. Бұл – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған саяси ерік-жігердің көрінісі. Сондай-ақ, рұқсат құжаттарын рәсімдеудегі қолдау шаралары – инвесторлар үшін тұрақтылықтың, құқықтық кепілдіктің және мемлекеттік қолдаудың сенімді негізін қалайды. Қол қойылған құжаттың басты мақсаты – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу, жаңа технологияларды енгізу, жеке инвестицияларды тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу сияқты төрт негізгі бағытты қамтиды.
Жаңа жұмыс орындарын ашу – әлеуметтік әділеттілік және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тікелей экономикалық нәтиже береді, атап айтқанда аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуды және еңбек нарығын әртараптандыруды қамтамасыз етеді. Жеке инвестицияларды тарту арқылы мемлекеттік бюджетке тәуелділікті азайту және экономиканы нарықтық жолмен дамытуға қол жеткізіледі, бұл капиталдың ағыны мен салық түсімдерінің артуына әкеледі. Жаңа технологияларды енгізу арқылы ауданның зияткерлік және техникалық деңгейін көтеру және энергия тиімділігін арттыру мүмкін болады. Сондай-ақ, Күн электр станциясын басқару үшін білікті мамандарды даярлау қажеттілігі білім беру саласына инвестиция тартуға ықпал етеді. Энергетикалық инфрақұрылымды нығайту – ауданның және тұтас облыстың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, бұл өз кезегінде экономикаға оң серпін беріп, өндіріс пен шағын бизнестің дамуына кепілдік береді.
Тарқата келе айтпағымыз, бұл жобаның іске асырылуы – Бәйдібек ауданы үшін маңызды инвестициялық қадам болып табылады. Ол өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, экономикасына оң серпін береді. Меморандум – жергілікті билік пен жеке капиталдың ортақ ұлттық мүдде – Қазақстанның тұрақты және прогрессивті дамуы жолындағы тығыз және саналы ынтымақтастығының эталондық үлгісі. Бұл шағын аудандық қадам үлкен мемлекеттік стратегияны нақты іске асырудың айнасы болып табылады.
Сөз соңын сабақтар болсақ, өңірлерге инвестиция тарту – ел экономикасын теңсіздіктен арылтып, әлеуметтік жағдайды жақсартатын, жаңа өндірістер мен технологиялар әкелетін негізгі құралдың бірі. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау қажеттігін атап өткен болатын. «Аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту керек», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

