Бүгінгі таңда нарықта білікті мамандардың тапшылығы өткір. Мысалы, бояушылар, сылақшылар, токарьлар, фрезерлер мен станок операторларын табу мүмкін емес – мұндай кәсіпқойлардың түйіндемелері де мүлдем аз.
Қазақстанның қара жұмыс секторындағы жағдай ерекше назар аударуды қажет етеді десекте болады. Бос жұмыс орындарының көптігіне қарамастан, білікті кадрлардың, әсіресе сирек кездесетін мамандықтардың тапшылығы негізгі салалардың дамуын тежеуі әбден мүмкін. Бұл олқылықтардың орнын толтыру және сұранысқа ие салаларға кәсіпқойларды тарту үшін жұмыс берушілерге мамандарды белсенді төрту және еңбек жағдайын жақсарту қажет екені айқын.
Көбінесе қара жұмыс жоғары білімді қажет етпейтініне қарамастан, бірәздарының жоғары білімі бары кездеседі. Бір қызығы қара жұмысшы мамандарға негізгі сұраныс «Құрылыс, жылжымайтын мүлік, пайдалану, жобалау және бөлшек сауда» сияқты салаларда байқалады. Бұл салаларда білікті жұмысшылардың тапшылығы өткір.
Сарапшылардың болжамы бойынша алдағы 6 жылда жұмысшы мамандық иелеріне сұраныс 400 мыңнан астам адамды құрайды деп күтілуде. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, «Жұмысшы мамандықтар» жылын өткізу жөніндегі іс‑шаралардың кешенді жоспарын іске асыруда. Осы жұмыс арасында бос жұмыс орындар жәрмеңкелерін өткізіп, кәсіптік стандарттар жетілдіріледі, жұмыс берушілермен өзара іс‑қимыл күшейтіледі. Бұл шаралар еңбек нарығын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге және азаматтардың әлеуметтік – экономикалық әл‑ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.
Алдағы 6 жылда кадрларға жиынтық сұраныс саны 1,6 млн адам болады деп күтілуде, оның ішінде 900 мыңға жуығы кәсіптік‑техникалық білімі бар қызметкерлерге, 400 мыңнан астамы жұмысшы мамандық иелеріне тиесілі болады. Жұмысшы кадрлар құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және денсаулық сақтау салаларында аса сұранысқа ие екені шындық. Құрылыс саласындағы ең үлкен сұраныс сылақшыларға, құрылыс бригадаларының прорабтарына, дәнекерлеушілерге.
Хош, сонымен биылғы жылды мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағанын шын мәнінде көңіліміз құп алды десек артық айтқандық емес. Неге десеңіз, ел дамуын, өркендеуін алға сүйрейтін локоматив – қарапайым жұмысшылар. Сәулетшінің сызған сызбасын, ғалымның жасаған жобасын өмірде жүзеге асыратын – солар. Жұмысшы – қандай қоғамның да қайыспас қара нары. Сондықтан 2025 жылдың «жұмысшы мамандықтар жылы» атанғанын өз басым оларға көрсетілген құрмет және осы мамандыққа жастардың қызығушылығын оятатын игі бастама деп қабылдадым. Неге десеңіз, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында қоғамның басты тірегі болып табылатын еңбек адамдарына, олардың елеулі еңбегіне назар аударып, жұмысшы мамандықтарын ұлықтауға ерекше мән берді. Президенттің бұл бастамалары ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртып, еңбекқорлық пен кәсібилікті қоғамның негізгі бағдарына айналдыруға бағытталған. Сонымен қатар, Президенттің айтуынша, 2025 жылы жұмысшы мамандықтарының ерекше жылы ретінде атап өтілуі жоспарланды. Бұл қоғамда еңбек адамына деген құрметті арттыру, жастар арасында кәсіби техникалық білім алуға ынталандыру мақсатында жасалып отырған маңызды қадам. Қоғамға белгілі кәсіптердің маңыздылығын жеткізіп, еңбек адамдарын ұлықтау тек олардың мәртебесін көтеріп қана қойиай, жалпы елдің экономикалық дамуына шешуші рөл атқаруы тиіс дегені бекерге айтылып жатқан жоқ.
Жалпы алғанда әркімнің туған жері өзіне – ұжымағы. Ия, ауылым көркейсе, жаным сүйеді. Талай жерлерде боламыз, бірақ ешқайсысы туған өлкемдей ыстық көрінбесі анық. Бүгінде Шаян ауылы қала типтес елді мекенге айналса, онда жұмысшы тап‑ құрылысшылардың төккен тері, қалдырған қолтаңбасы жатыр. Мақтануға тұрарлық іс. Аудан орталығына көрік берген анау аудан цкімдігінің, аудандық аурухананың, бірәз мектеп, балалар бақшасы, осы ауданда яғни, Бәйдібек ауданының тумаларының қолынан шыққан дүниелері. Сол кездері «Жақсы», «өте жақсы» деген сапамен тапсырылған мекемелер, содан бері ойпырмай елу жылға жуықтаса да әлі күнге тіз бақпай тұр. Жұмысшы дегенде, көз алдыңа туған жерін көркейткен құрыш қолды құрылысшылар келеді. Жаздың ыстық аптабында, көктемнің өткі желінде, күздің қара суығында, тіпті қыста да жұмыс жасайтын жанқияр адамдар болды. Ыстықта белге дейін шешіп тастап, тілерсегі тайысып, терлеп – тепшігіп жүріп арбамен немесе зембілмен тас пен ерітілген цементті, иеленген қара майларды тасығандар мен олардың әкелген заттарымен лезде жайғастырып қыш қалап, дуал сылап жатқандар көз алдыңа келе қояды екен. Көзіне құйылған ащы терді қолымен сүртіп, қабырғаны өруді жалғастырған тас қалаушы да көз алдымызда тұрғандай. Бір келген құрылыстың ішінде шашы мен бетін орамалмен байлап алып, нәзік жандар – сылақшылар жүретін. Осылардың бәрі де қиын жұмысты қабақ шытпай, әзілдесе жүріп атқарған. Барлығы да туған ауылының көркін айшықтайтын нысан салып жатқанына көңіл қуанып, шаршау дегенді ұмытатын. Олардың қолынан шыққан көз тартар ғимараттар – қай ауылдың да бүгінде сәні. Адал еңбек қашанда бағаланады. Бүгінде ұрпағы еске алады. Тамсанады. Бір кездері Бәйдібек аудандық орталық ауруханасын соғуда қлтаңбасы қалған , бүгінгі күні сол аурухана жалпы алғанда географиялық жағынан шалғай орналасқан ауыл аймақтарға медициналық қызмет көрсетіп отырған мекеме болып табылады. Дертіне шипа іздеген әр тұрғынға сапалы аспапты зерттеулермен қатар зертханалық қан талдауларын оң бағытта жүргізіп, келген науқастарды емдеу, аурухананың негізгі мақсаты. Бүгінде бұл ауруханада жоғары сападағы анализаторды жетік меңгеру мақсатында зертхана жұмыс жасайды. Қаншама медицина оқуын тәмәмдаған жастар келіп, жұмысқа орналасып, нәпәқаларын осы ауруханадан табуда. Қазіргі таңда осы аурухананың зертхана бөлімінің қызметкерлерінің және аталған талдау анализаторының сапалы жұмыс жасауының нәтижесінде көптеген талдаулардан аурудың оң нәтижесі анықталып, дәрігерлердің қарауына жолданады. Бұл аурухана қызметкерлері үшін оң нәтижесі. Бәйдібек аудандық орталық ауруханасы халыққа стационарлық және алғашқы медико – санитарлық көмек көрсетеді. Стационарлық көмек құрамында терапиялық, неврологиялық, хирургиялық, балалар босану, гинекологиялық және паталогия, жұқпалы аурулар, реабилитациялық бөлімше және реанимациялық бөлімдерінде жалпы 171 тәуліктік төсек қоры, стационарда күндізгі стационарлық көмек көрсетуге 24 төсек қора есептелген.
Шындығында бұл ауруханадағы ақпаратты тектен‑текке айтып отырғанымыз жоқ. Кешегі өздері салған аурухананың, бүгінгі күнге жеткен ахуалына тоқталып отырған. «Адал еңбек – бәрін жеңбек» демекші, Витаева Пернекүл Битайқызы, осындай қағидамен өмір сүріп келеді. 1952 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Алғабас ауданы (қазіргі Бәйдібек) красная совхозы, Көктерек ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген апамыз, М. Әуезов орта мектебін бітіргеннен кейін ешқандай жоғарғы оқуға бармай, отбасына көмектесу мақсатында бірден қара жұмысқа кірісіп кеткен. Сол кездерде ауданда ПМК – ТРЭС деген болған. Ол жерге барсаң неше түрлі қара жұмысты табу оңай болмаған көрінеді. Жасұзақ Алтынбекұлы деген азаматқа күйеуге шығып, отбасымен 2 жылдан астам қой баққан апамыз, күйеуі екеуі де ПМК‑ға барып, жұмысқа орналасады. Шамамен 1978 жылдан бастап жолдасы үй, мектеп, аурухана соғуға бет бұрса, Пернекүл апамыз сол соғылған мекемелерді сылаумен болған. Арасында әктеп, сырлау тағысын тағы жұмыстардың бәрі мойындарында болған. Сөйтіп жүріп 5 баланы өмірге әкеледі. Тек қана Бәйдібек ауданында емес, Созақ ауданы, Түркістан қаласы Майдантал елді мекенінде де мектеп салғанын еске алды Пернекүл апа. Бәйдібек ауданы орталық ауруханадан бөлек, Шаян лицей мектебін, В.И. Ленин атындағы мектепті, тіпті аудан орталығындағы екі қабатты, 16 пәтерлі, 8‑ге жуық үйлерді соққанбыз деген апамыздың жолдасынан айырылғанына 23 жылдың жүзі болыпты. Нағыз еңбек адамы бүгінде 1-ұл, 4- қыз өсіріп, олардан 16 немере сүйіп отыр екен. Сол кездегі пейнеттің азабын бүгінде денсаулығымыздан тартудамын деген кейіпкеріміз, аяқ‑ қолдан өткен суықтардың арқасында кейде жүрудің өзі мұнға айналады дейді. Енді тек заманның тыныштығын, балашағаның амандығын тілеп отырмыз дегені.
Қарап отырсаң Пернекүл Битайқызының еңбек жолы – адалдықтың, еңбекқорлықтың, кәсібіне деген сүйіспеншіліктің, жауапкершіліктің айқын көрінісі. Қазіргі таңда жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс артып келеді. Президент Қасым‑Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жұмысшы мамандықтар жылын» жариялауы – осындай еңбек адамдарының қоғамдағы орнын айқындай түседі. Біз осындай еңбек адамдарының еңбегін бағалап, олардың тарихын жас ұрпаққа үлгі етуіміз керек. Себебі, Пернкеүл Битайқызының еңбек жолы тек бір адамның жетістігі емес, жалпы қоғам үшін маңызды үлестің жемісі.

