Қазақ халқы – ежелден еңбекқор халық. Аталарымыз адал еңбектің арқасында ұрпаққа өлшеусіз байлық қалдырды. Қазақтың ғажайып қолөнері, өнер туындылары, киіз үйі, тұрмыс – салт бұйымдарының барлығы да – ерен еңбек пен ғаламат шеберліктің жемісі.
Ұлы Абай айтқан бес асыл істің бәрі еңбек. Елді ел, адамды адам ететін тек еңбек екені белгілі. Ал адал еңбек пен адал еңбек ететіндер қашанда бағаланатыны анық.
«Байлықты не жерден не аққан терден сұра» деп қазақ атамыз бекер айтпаса керек. Жер ана адамзаттың, жан – жануарлардың барлығын өз бесігінде тербетіп қана қоймай, еңбек еткенге еселеп беріп келген. Сондықтан да «Байлықтың атасы еңбек, анасы – жер» деп тұжырымдаған. Ата – бабамыздың әр сөзі, әр тұжырымы үлкен философиялық терең мағына береді. Дәл осы мақалдар мен тұжырымдар, Ұлы Абай айтқан сөздер біздің кейіпкерімізге арналғандай.
— «Әкем Дәурен Абдивалиев 1924 жылы, ал анам Фатима Жандарбайқызы 1928 жылғы еді. Еңбекқор отбасында 6 қыз, 2 бала дүниеге келдік. Әкем бұрынғы Фрунзе, қазіргі Теспе совхозында, онан кейін жұмыс бабымен бұрынғы Қызылқышлақ, қазіргі Көлкентте зейнет жасына шыққанға дейін бухгалтер болып жемісті қызмет етті. Анам совхозда мақта теріп, тыл еңбек ардагері болған. 1972 жылдың 24 сәуірінде дүниеге келген мен, ауылдағы Қ.Жандарбеков мектебінде білім алып, Түркістан қаласындағы «Түркістан индустриальды педагогикалық» техникумға оқуға түстім. Біздің кезде орта мейлі жоғары оқуда оқып жүрсеңде әскер қатарына баратынсың. Оқуымның орта кезеңінде Москвада 2 жыл әскер қатарына барып, Отан алдындағы борышымды өтедім. Онан кейін оқуымды қайта жалғастырып, қолыма дипломды алдым. Бірақ дипломмен жұмыс табылмады. Жұртта ақша жоқ, тоқырау кездері, яғни 1994-1998 жылдар аралығында сауда – саттықпен айналысып, түрлі жуғыш заттар сатып, тоқырау кезеңінде ақшалы болып жүрдік.
Содан 10 жылдай қой, қара мал, жылқы бағып, бордақылаумен айналыстым.
2005 жылы Қостанайдың Шымкентте орналасқан фирмасында «Мерседес – АКТРОС» көлігінде 5 жылдай жүргізуші болдым. Қызылордадан, сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Бейбарс» жанармай құю бекеттеріне 25 тонна сұйытылған газ тасымалдаушы едік. Жалақымыз жоғары болғанымен, қиындығы қатар жүретін. 2004 жылдың аяғы, 2005 жылдың басында қыс қатты болды. Аязды күндерде астындағы көлігіміз жаңа болса да, соляркамыз қатып, жолда қалып қойған кездерде болған. Ал ми қайнатар ыстықта Қызылорданың құмына батып тұрып қалған кездерде жиі болған. Өйткені Қызылордадан әрі 150км құмға жүретін едік. Еске алып отырғаным сол кездерде өзім сияқты сұйытылған газ таситын екі көліктің техникалық қауіпсіздікті сақтамауы салдарынан өрт шығып, бір адамның қайтыс болғанын көрген сәттерім болған», ‑ деген Құдайберген, бұл фирманың 2010 жылы жұмысы тоқтап қалғанын айтады. Жалақысы жоғары, жауапкершілігі одан да жоғары, қиындығы қатар жүретін жүргізушілікте жұмыс тоқтаған соң, 40 мың долларға су жаңа погрузчик тракторын алып, жалдамалы жұмысқа көшеді. Бір жыл өте астындағы жеңіл көлігін сатып, 2-ші погрузчик тракторын таңы да алған Құдайберген, жүргізушіі жалдап, 6 жылға жуық тапсырыстар қабылдап, түрлі жұмыстар жасайды.
2015 жылы бидай егуді бастаған Құдайберген Дәуренұлы, халықтың егілмей жатқан 240 гектар жерін, гектарын 150кг бидай беремін деген келісім жасаумен шаруасын басқа арнаға бұрады. Сол жылы еккен бидайлары бітік шығып, 700 тонна өнім алып, тапқан табысына 2 дана су жаңа Беларусьтың «МТЗ – 82», «МТЗ – 1221» тракторын сатып алады. 10 жылға жуық мал бағып, түрлі жұмыстар жасағанымен күнкөрістен артылмаған еңбегін, бидай егуді қолға алып, пайдаға кенеле бастағаннан кейін түбегейлі осы салаға көшеді. Түрлі жұмыстарды жасап, қиындығын еселеп көрсемде бәріне шыдамдылық таныттым. Әрі қарай еңбек етуге құлшынысымды арттырып, тарбаңдаған еңбегінің арқасында астықты аймақта еккен бидайы мол өнім беріп, берекелі болады. Шаруалар айтатын «Алаған алқап – береген» деген сөз бар. Алағаны – жер өңдеп, дәрі себуге, дән сіңіріп, техника оңдауға кететін шығыны, берегені – ала жаздайғы еңбегінің өтеуі, алған өнімі, тапқан табысы мен оның берекесі. Топыраққа неғұрлым көп қызмет етсең, қайтарымы да соғұрлым мол болады. Жер – ана, тіпті қуаншылық қысса да несібесіз қалдырмайды. Озық технологияға қол жеткізген Құдайберген, 2016 жылы Көлкенттің сырт жағынан 1000 тонналық бидай сақтайтын қойма сатып алады. Келер жылы қойманың қасындағы диірменді сатып алады. Онан кейін 2020‑ сыншы жылға дейін 500 гектардай, 2021- ші жылдан бүгінгі күнге дейін 1500-ге жуық жерге бидай егуде екен.
Бүгінгі күні егін егумен қоса, арпа, бидай, жүгері, тары қосып, құрама жем шығаруды қолға алған шаруаның 10-ға жуық техникасы базасында тұр. 2- дана «К‑ 701», 2- дана «МТЗ‑ 1221», 4- дана Камаз телешкісімен (бидай тасу үшін) және 2 – дана погрузчик тракторын қол жеткізген. 16 адамды жұмыспен қамтып, 300-500 мың теңге аралығында жалақы беріп жатқан жағдайы тағы бар.
2006 жылы құрылған «Құдайберген» шаруа қожалығы шығарып отырған құрама жем өнімдерін Сайрам ауданынан бөлек, Шымкент қаласынан бастап, Арыс, Ордабасы, Бәйдібек, Түлкібас аудандарында саудалануда екен.
Он жылға жуықтаған кәсібінде, кісіге қиянат жасамаған кәсіпкерге, 5-6 тонналы қоймаға бидайын өткізетін сенімді серіктестер де пайда болған.
Біле білгенге ауыл – асыраушы сала. Мал да, бидай – арпа да, көкөніс пен жеміс жидек те сол ауылдың іргесінде өсіп өнеді. Болашақтың қамы деп жерге еңкейген дихандар ырзығын сол дархан дала төсінен тауып жүр.
— «Адал адам өмір сүрсе, әрине ол әрдайым Алланың қамқорлығында жүреді. Менің оған көзім жетті. Әділдік пен тазалық осы адалдықтан шығады. Халықтың көбі кәсіптің не екенін білмейтін шақта, мен тәуекелге бел буып түрлі кәсіппен айналыстым. Сөйтіп жүріп соңғы таңдаған кәсібімнің келешекте отбасымды ғана емес өзгелерге де қолғабыс тигізетініме сендім. Рас, қауіп те болды. Қазақ халқында «Шешінген судан тайынбас» деген керемет ұғым бар. Атам қазақ ұрпақтары негізінен егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысқан. Маған да бабалар кәсібі қонған болар. Осы күнге дейін өзімнің табанақы, маңдай теріммен адал еңбек етіп келемін. Отбасылымын. Алланың берген ұл‑ қызы да бар. Қазір екі ұлым, өзіме көмекші. Осы тірліктің басы – қасында жүр»,‑ дейді Құдайберген Дәуренұлы.
Осылайша бақ дарыған Сайрам ауданында ырысы тасыған шаруа қожалығының тынысы – тіршілігімен жақын танысып, өңірдегі ауқымды істі көзбен көріп, көңілге түйгеніміз «Еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген қазақ. Ендеше Құдайбергеннің мақсаты – айқын, межесі – биік. Сондықтан да ісі де, сөзі де, тапқан пайдасы да адал, шынайы адамдар қатарында кіршіксіз кәсіп етіп, өмір сүруді жазсын!